Қайта жаңғырған Республика күні биыл елімізде екінші жыл тойланады
Республика күні: тарихшы-ғалымдар не дейді? Qaz365.kz тілшісі елімізге белгілі тарихшы-ғалымдардың пікірлерін назарларыңызға ұсынады.
«25 қазан – Респубилика күні, бұл күннің тарихи маңызы мен өзектілігін әрбір азамат жоғары бағалауы керек. Мысалы көрші ел Қытайда 1 қазан күні республиканың құрылған күні деп арнайы дата белгілеп, бір апта - он күнге ресми демалыс жариялайды», – дейді жас ғалым Елдес Орда.
Оның айтуынша, аспан асты елінде сол күндері патриоттық іс-шаралар кеңінен өткізіледі. Дәл сол апталықты тарихи фильмдерге арнап ұлттық арналарында көрсетеді.
«Меніңше, біз де 25 қазан – Республика күніне байланысты арнайы апталық жариялануы керек. Аталған апталық ішінде мемлекетшілдікті күшейтетін мәдени іс-шараларға көбірек мүмкіндік берсек, оның жемісін көрер едік. Бұл жерде айтып отырған мәдени іс-шара дегенім концерт қою емес. Меніңше, Республика немесе Тәуелсіздік күніне байланысты концерт ұйымдастыруды азайту керек. 25 қазаннан желтоқсанның соңына дейінгі уақытты мейлінше ұлттық мүддеге көбірек беруіміз керек. Бұл жердегі ұлттық дегеніміз тек қана қазақ халқы емес, Қазақстанда тұрып жатқан барша халықтың мүддесі дегенді білдіреді», – дейді ол.
«Қазақ деген сөздің мағынасы Қазақстанда этникалық сипаттамадан әлдеқайда биік тұрады, біз осыны түсінуіміз керек. Мысалы сіз Ресейдің бір губерниясында немесе Қытайдың кез келген бір провинциясында өмір сүріп жатсаңыз, айтсаңыз болады «қаным – қазақ, жаным – қазақ» деп. Ал, сіз тәуелсіз мемлекетте қаншалаған тағдырларды біріктіруші моноұлтсыз. Былайша айтқанда, үстін кімдік, яғни этникалық, әлеуметтік, экономикалық шарттардың бір қабат үстіңгі кеңістігінде тұрған анықтама. Сіз мысалы әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты келген әртүрлі этникалық топтардың өкілісіз, бірақ сіз бірінші кезекте қазақстандықсыз, атап айтқанда, қазақсыз», – дейді Елдес Орда.
«Менің ұғымымда ХХІ ғасырда қазақ деген анықтама үш жүзге бөлінуден қағидалы және саналы түрде бас тартуы керек. Қазақ анықтамасы үш жүз масштабынан шығуы тиіс. Негізінде, жеті атасын білу мен жүзге бөлінудің арасында көп айырмашылық бар. Мысалы, мен жеті атамды жақсы білемін, бірақ менің субъектив шежірешілдігім мемлекетшілдіктен маңызды емес. Қаласам, мен Нью-Йоркта да жеті атамды түгелдеп санап отыра беремін, ал Нью-Йорк маған Алматы бола алмайды ғой», – деген жас ғалым, «республика апталығына байланысты маңызды күндерде біз аталған танымды түсіндіретін мәдени құндылықтарды көбірек өндіруіміз керек. Сізге тағы бір мысал келтірейін, жақында қазақ билерінің кеңесі өтті. Өз басым қазақ игі-жақсыларының бас қосып мемлекеттік мәселені жан-жақты талқылағанына еш қарсы емеспін, бірақ «Қазақ тарихында билер кеңесі қалай өтті?» деген сұраққа жауап берейікші», – деген сауалын көпшілік назарына тастады.
«Қазақ тарихында билердің келелі кеңесі немесе қазақ құрылтайы тек үш жүзбен ғана шектелмеген, көрші-қоңсы моңғол, башқұрт, қалмақ және Бұқара, Самарқаннан арнайы өкіл келіп қатысып, жиын қарары хатталып, мөр басылып, ресми түрде жарияланып отырған. Сайланған биді немесе құрылтай кезінде қабылданған қарардан қазақ даласынан бөлек Қазан, Уфа, Самарқан мен Бұқара хабардар болып, дипломатиялық қатынастар орнатқан. Ал ХХІ ғасырда сіз қазақ билер кеңесін өткізсеңіз, Өзбекстан, Қырғызстаннан өкілетті өкіл шақыра алмасаңыз да, неге Қазақстандағы этникалық топтардан өкіл жоқ? Олардың да қазақ биін сайлауға хақысы бар емес пе?!» – деген жас ғалым, «меніңше, Республика күнін не үшін мемлекеттік деңгейде атап өту керек дегенді сіз жақсы түсінген боларсыз», – дейді.