Ол тығырықтан шығуға не көмектескенін айтты
Отандық киноларға түсіп, танымалдылығы артқан актер Еркебұлан Тоқтар осыдан үш жыл бұрын спорттық ойындарға бәс тігіп, қарызға батқанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Осыдан үш жыл бұрын өмірімнің түбіне келіп тірелдім. Ол қалай болды? Бәрі бәс тігуден (ставка) басталды. Жарты жыл бойы ұтып, анау-мынау шығыныма, таксиге төлейтін ақшамды тауып жүрдім. Бірақ уақыт өте келе қойған бәстерім шықпай, қарыздарым көбейді. Топырлатып несие алдым. Банк бермейтін болғасын, ақырындап микрокредиттік ұйымдарға бас сұқтым. Қандай микроұйым несие береді, солардың бәрінен алдым. Соңғы рет 5 желтоқсанда 60 мың теңге алғаным есімде. Ол ақшаны 20 мыңнан үш рет қойдым, үшеуі де шықпады. 9 желтоқсан анамның туған күні еді. Өзімді сорлы адам сезіндім. Бір тиын ақша жоқ. «Қандай адаммын мен, әке-шешеме ел қатарлы сыйлық бере алмадым, інілеріме дені дұрыс аға да боп жарытпадым» деп күйіндім. Содан өзімді қолға алам деп, іштей серт беріп, спортты қолға алдым», – деді Еркебұлан Тоқтар.
Ол осы тығырықтан өзін спорт пен дін алып шыққанын ашық айтты.
«Жаттығу залына баруға да ақша керек. Сол үшін тегін зал іздедім. Сырым Бектұрсын деген досым тегін жаттығуға шақырды. Бірақ оған баруға да жолпұл керек. Айдын Жұмахан деген әнші досымды бірге жаттығуға үгіттеп, соның машинасымен барып жүрдім. Бірте-бірте тіл үйрендім. Одан кейін дінге қызықтым. Спортта әжептәуір жетістікке жете бастадым. Үш айдан кейін медиа-боксқа қатысу туралы ұсыныс түсті. Бір украиналық боксшыны жеңіп, содан мені үлкен ағалар назарға алып, бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Келісімшарт жасастық. Солай мен алдыңғы қарыздарымды жауып, қалыпты өмірге қайта оралдым. Бұл видеомен айтқым келген нәрсем, қандай қиындыққа тап болсаңдар да, еңбек пен әрекет керек. Өміріңнің түбіне келіп, тіреліп тұрсаң да берілме, біліміңді шыңдап, тығырықтан шығудың жолын қарастыру керек», – деді актер.