«Қош бол... қыпшақ бала..!»: «Алатау» дәстүрлі өнер театры тағы бір туындымен толықты

Qaz365.kz редакциясы

Спектакльде режиссер Мысыр мен Сирия әміршісі дәрежесіне жеткенін суреттеуге тырысқан

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының қоржыны тағы бір тамаша туындымен толықты. Мәмлүктер арасынан шығып, XIII ғасырда Мысырды билеген түркі тектес сұлтан, ортағасырлық Мысырдың аса ірі әскери және мемлекет қайраткері Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына орай театрда «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» қойылымының премьерасы 7 ақпанда өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Саунддраманың қоюшы режиссері – Фархад Молдағали, пластика режиссері – Шырын Мұстафина, хореографы – Әділет Таменов, композиторы – Серікжан Айтқалиев, костюм суретшісі – Алма Сырбаева, саунд-дизайнері –  Дидар Исахан.

Спектакльде режиссер қысқа уақыт ішінде түркі текті Дешті Қыпшақ қандасы, құлдан сұлтан шығып, алыстағы араб елінде тақ иесі дәрежесіне жеткен әл-Мәлік аз-Зәкір Рух-ад-дин Бейбарыс әл- Бундукдари әл-Салихли  – Сұлтан Бейбарыстың өмір жолын, мәмлүк әскерін басқарып шайқастарда ерлігімен көзге түсіп, Мысыр мен Сирия әміршісі дәрежесіне жеткенін суреттеуге тырысқан.

Аты аңызға айналған Бейбарыстың рөлін дарынды актер Әсет Есжан тамаша орындап шығып, «мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеген кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалысын, туған жерге деген сағынышын көрермен жүрегіне тамаша жеткізе алды. Актер Сағызбай Қарабалин рөлін сомдаған Ұстазының да «қош бол... қыпшақ бала!» деп қоштасып, Бейбарыстың сезім толғанысын одан әрі толқытып жіберген сәті спектакль кульминациясы болды десек артық айтпаймыз.

Қойылым алдында «Алатау» дәстүрлі өнер театры директоры Мақсат Нұралиев, спектакль режиссері Фархад Молдағали БАҚ өкілдерімен кездесіп, спектакль жайлы толық ақпаратпен бөлісіп, сұрақтарына жауап берді. Фархад Молдағали журналистермен сұхбатта қойылымға театр актерлары, бишілері және ұлттық аспаптар ансамблі толық қатысқанын айтты. Сонымен қатар, режиссер алдағы уақытта саунддраманы Қазақстанның басқа да өңірлерінде қойып, тіпті Мысыр астанасы Каирге де шығару жоспарымыз бар деген ойымен бөлісті.

Премьераны тамашалауға зиялы қауым өкілдері қатысып, бір айта кететіні, қойылымға арналған билеттердің бәрі сатылып кеткен.

Екі күн қатарынан қойылған спектакль, актерлардың сахналық киімі, реквизиттер және ұлттық музыкалық аспаптардың үнімен сүйемелденген керемет көрініс талғамы биік көрермен көңілінен шықты.