Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Экс-Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның әйеліне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін 8 жылға сотталған экс-министрге тағы 3 жыл қосылды. Сот үкімімен Мұхамедиұлы 11 жылға сотталды.
Сотталушылардың арасында экс-министрдің әйелі Ғалия Ысқақова да бар. Ол 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты болған Мұстақым Төлеев 6 жыл 8 айға сотталды. Ол адвокаттық қызметпен 10 жыл айналыса алмайды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сот мәліметінше, 2022 жылғы желтоқсанда тергеу изоляторында жатқан Мұхамедиұлы қамаудан шығуды көздеген және "Дипломат" қонақүйін меншігінде қалдырғысы келген. Ол өзінің адвокаты Төлеев арқылы шенеуніктерге пара беруге оқталған. Жұбайы Ғалия Ысқақова да бұл іске араласқан.