Көне қорымдардың орнын базарлар басып барады – сенатор дабыл қақты

Qaz365.kz редакциясы

Депутат мәдени қабаттарды «қара археологтар» мен бұзақылар бүлдіріп жатқанын айтты

Фото: parlam.kz

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі үкіметке сауал жолдап, тарихи құнды нысандарды сақтауға шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Дархан Қыдырәлі елімізде ұлтына ұран, халқына қорған болған тұғырлы тұлғалардың ізі аз емес екенін, мәселен, қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ – Қожа Ахмет Йасауидің арғы бабасы Ысқақ бабтың, Қарахан мемлекетін билеген Тамғаш Хасан Боғра (Қарабура) ханның мәңгілік мекені екенін айтады. Ол сондай-ақ мұнда Алтын Орда хандарына рухани ұстаз болған Баба Түкті Шашты Әзіздің, Керей-Жәнібек, Хақназар сынды алғашқы қазақ хандарының қорымы жатыр деп болжанатынын атап өтеді. 

«Бірақ оларға тарихи-археологиялық зерттеулер жасалмаған. Өзге кешендердің көбі жойылған, енді бірі бастапқы келбетінен қатты ауытқыған, тарихи орындарды қалауынша өзгерткен. Төңіректеріне бай-бағландардың бейіттері орналасқан. Сол сияқты сансыз бабтар мекені Сайрамда қастерлі орындар қараусыз жатыр. 8-9 ғасырдан қалған көне қорымның бір шетін базар басып барады. Бағзы Исфиджабтан жеткен Ибраһим ата, Қарашаш ана, Қызыр хазірет сияқты тарихи-рухани нысандарды сақтау қажет. Сондықтан көне Сайрам мен Созақтағы рухани ескерткіштерді сақтау ісін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына тапсыруды ұсынамыз», - дейді ол.

Дархан Қыдырәлі Әулие-ата мен Жетісу, Арқа мен Сыр бойы және өзге де өңірлерде жағдай осыған ұқсас. Сөзінше, мәселен, Қазақстандағы 25 мың ескерткіштің жартысына жуығы орналасқан Маңғыстау өңірінде мұралардың көбі тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілгенімен, оларды қарауға маман жетіспейді. Мәдени қабаттарды «қара археологтар» мен бұзақылар түрлі вандализм арқылы бүлдіріп жатыр. Жеті жұрт көшкен маңғаз мекендегі қорымдардың қоршау аумағына заңсыз құрылыстар, бейіттер салынып кеткен. Оларға қарсы қолданыстағы «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану» заңы қауқарсыз. Айыппұлы небәрі 30 мың теңге. Ұлытауда Жошы кесенесінің жанына әлдебір қалталы жақынын жерлеп кеткен, енді нысанды ЮНЕСКО тізіміне енгізу мүмкін болмай тұр. 

«Киелі жерлер шырақшылардың күн көріс көзіне, бақсы-балгерлердің ордасына айналған. Олардың кейбірі тарихи орынды сақтап отырғанымен, арнайы білім, ереже-қағидаттары мен стандарты жоқ. Тіпті ұлтқа ұран болған Бекет ата – жекенің меншігінде! Пір Бекет – бір қазақтың айбары емес, ол – бар қазақтың байрағы! Халықтың рухани қалпын қалыптастырған мұндай тұлғалар мекені құндылық ретінде мемлекет қарауында болуы тиіс», - дейді ол.

Дархан Қыдырәлі осы себепті елімізде рухани ескерткіштерді қорғауға айрықша көңіл бөлу қажеттігін айтады. Оларды сақтау үшін реставратор, консерватор сияқты мамандарды даярлау керектігін атап өтелі. Маман тапшы болғандықтан, Қ.А. Иасауи кесенесі бүліне жаздағаны белгілі. Одан бөлек, ұлттың иммунитетін қалыптастыратын рухани орындар тағылым мектебі болуы керек дейді. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қалқанымыз – діңгекті дәстүр мен рухани бұлақ көздері зерделене бастаса, деструктивті теріс ағымдардың жолын жабуға септеседі. 

«Тарихи кешендерді ұлттық бренд ретінде ЮНЕСКО-ға ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қажет. Мәселен, көрші Өзбекстанда Бұхара, Самарқанд, Хиуа, Шахрисабз, Әзербайжанда Шеки сияқты тұтас қалалар Әлемдік мұра тізіміне енген. Сол арқылы тарихи-рухани орындарына былтыр 7 млн-ға жуық турист тартқан Өзбекстан осы саладан $ 2 млрд табыс тапқан. Киелі жерлер – рухани туризм ошағы. Сондықтан киелі мекендерді мемлекет қарауына алу, заңды қатайту, инфрақұрылымды дамыту, жол салу, қонақүйлер, визит орталықтарын ашу, экологияны реттеу, ақпарат-насихат жұмыстарын арттыру, интернетпен қамтамасыз ету сияқты іргелі жобаларды жүйелі жүзеге асырған жөн деп ойлаймыз», - дейді Дархан Қыдырәлі.