Қазпошта басшысы орысша мақаладан кейін ғана газет-журналдарды жеткізудегі мәселелерге назар аударды

Qaz365.kz редакциясы

Қазпошта басшысы газет-журналдарды жеткізудегі мәселелерге назар салды

Qaz365.kz коллажы

Қазпошта басшысы Әсел Жанасова "газет-журналдарды жеткізудегі бар проблемалар және шешу жолы" атты жазба қалдырды. Оның бұл мәселеге назар аударуына Qaz365.kz порталының дәл осы проблеманы көтергені ықпал етсе керек. Алайда мақала алдымен, қазақ тілінде шыққан. Сол мақала орыс тіліне аударылғаннан кейін ғана Қазпошта басшысы әлеуметтік желіге жазба қалдырды.

Жанасованың жазғаны

Жанасова жазбасында Қазпошта қызметін тұтынушылар арасында газет-журналдардың уақтылы келмеуіне байланысты шағым айтылып тұратынын мойындайды. Негізгі себебі – бұл бағыттың бұрын соңды цифрландырылмауы деп есептейді. 

"Яғни басқа жөнелтілімдердегідей tracking жоқ. Сондықтан газеттің қай уақытта, қалай жеткізілгенін бақылау қиын…Бүгін бұл Қазпошта құрылғалы бар проблеманың шешу жолын қолға алдық. Отандық “Clockster” компаниясымен бірлесіп “geo tracking” жүйесін іске қостық. Бұл не береді:бақылау. Яғни пошташының геолокациясы арқылы газеттің тұтынушыға жеткен-жетпегенін бақылап отыруға мүмкіндік туды. Қазірдің өзінде пилоттық жоба Астана қаласында тиімділігін көрсетті. Маршрутты оңтайландыру. Яғни осы геолокация арқылы “EMS курьер” тұтынушы ауданында жүргенін байқасақ, ол арқылы газет-журналды да жеткізе аламыз. Тиісінше “пошташы” қажетті ауданда болса, ол арқылы сәлемдемені де жеткізетін боламыз", - деп жазады ол.

Жанасова сонымен қатар газет тарату аяқталғанда клиентке хабарлама жіберілетінін айта келе егер шағым болса сол сәтте бірден анықтап, шешімін табамыз деп сендіргісі келеді.

"Бұл жаңашылдықтардың барлығы да пошташыларды қаржылай қолдаумен қатар келеді. Өткен жылы жалақыны 25% дейін көтерсек, биыл тағы 15% көтеру көзделген және сыйақы беру қолға алынды. Сондай-ақ пошташыларға жұмысын оңтайландыру үшін ыңғайлы күртеше мен арнайы рюкзак алдырттық. Бұған дейін қаржылай шығынға байланысты жаңарту мүмкін болмаған еді", - дейді ол.

Газет-журналшылардың жан айқайы

Бұған дейін Qaz365.kz порталы газеттер мен журналшылардың мәселесін кеңінен жазған. Қоғамда ел өміріне тікелей қатысты, сол себепті жиі сынға ұшырайтын мекеменің бірі – «Қазпошта». Уақытында жетпейтін тауарлар, ұзын-сонар кезек, пошташылардың айлығы, оған қоса саладағы жемқорлық... Жұртшылық өкпесінің қара қазандай болуының тағы бір себебі – газет-журналдар мәселесі. Халық газет-журналдарға жазылса да, онысы уақытында жетпей, бұл мәселеден журналшылар да әбден зәрезап болған. Газетшілер мен журналшылар не себепті "Қазпошта" басылымдардың тамырына балта шауып отыр деп дабыл қағады.

Осы мақала екі аптадан кейін орыс тіліне аударылған.