Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ
Шығармашылық даму мен үздіксіз ізденісті басты мақсат санайтын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуары бұл жолы өзгеше қойылыммен толықпақ, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Көрікті келбетімен ғана емес, қуыршақ өнерінде озық бағытымен ерекшеленетін Грузияның астанасы – Тбилиси қаласынан арнайы шақыртылған режиссер Николоз Сабашвили әйгілі классик жазушы Николай Гогольдің «Шинель» повесін театр төрінде қуыршақ бейнесінде жаңаша форматта көрермен қауымға 25-26 сәуір күндері тарту етпек.
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры кішкентай бүлдіршіндерге ғана емес, сонымен қатар, жасөспірімдер мен ересектерге де арналған қойылымдар сахналауды жұмыс тәжірибесіне енгізген болатын. Нәтижесінде әлемдік және отандық үздік әдеби және драматургиялық шығармалардан таңдалған жаңаша форматтағы «Ана жүрегі», «Ана – Жер ана», «Ромео мен Джульетта», «Макбет. Иллюзия», «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай», «Өмір-өзен», «Шал мен теңіз», «Чемпион» қойылымдары елімізде және шет елдерде өткен әлемдік және халықаралық театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болып, көрермен көзайымына айналып, ыстық ықыласына бөленуде.
Сәуір айының 25-26 жұлдызында жоспарланған «Шинель» қойылымы да өзіндік өзгеше режиссерлік шешімімен, терең философиялық астарымен, айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ. Қойылымның режиссері әрі суретшісі – Николоз Сабашвили, балетмейстері – Ринат Билибаев. Аталмыш қойылымның басты рөлін қуыршақ театрының талантты әрі белді артисі Шохан Құлназаров сомдамақ.
«Барлығы да шығармашылық пікірлер мен жаңа идеяларға деген қызығушылық нәтижесінде туған достықтан басталды деп айта аламын. Бұл сапар менің әсем Алматыға келген үшінші тәжірибем. 2023 жылы мен «Ортеке» қуыршақ театрлар фестивалінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының директорымен танысқан болатынмын. Бірлескен жоба дайындау турасында бірқатар пікірлер айтылып, Грузия қуыршақ театрлар бірлестігі мен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Араға бір жыл салып, жолым әсем Алматыға қайта түсіп отыр. Қонақжай да дархан пейілді қуыршақ театры мені өте жылы қабылдады. Өзіңді еркін әрі жайлы сезінген ортада шығармалық та оңай әрі қызықты өрбиді деп есептеймін. Мен қойылым сахналауға келіскен сәттен дұрыс таңдау жасағаныма күмәнданған емес. Нәтижесін патша көңілді көрермен бағалай жатар», – деді режиссер, актер, педагог, Грузия қуыршақ театрлар бірлестігінің басшысы Николоз Сабашвили «Шинель» қойылымы жайында.
Ендеше, құрметті көрермен, қуыршақ театры ұсынатын қазыналы қойылымдар легінен қапы қалмаңыз!