«Қазақ тіліндегі фильмге сұраныс артып келеді»: Qaz365.kz ақпарат агенттігі «Ойжұмбақ-2» фильмін тегін көрсетті

Qaz365.kz редакциясы

Кинотуындыны дубляждауға Disney компаниясы қаражат бөлді

Qaz365.kz

Қазақстан кинотеатрларында Disney және Pixar компанияларының «Ойжұмбақ-2» атты анимациялық фильмінің көрсетілімі басталды. Осы орайда Qaz365.kz ақпарат агенттігі қазақша дубляжды қолдау мақсатында алматылық балалар мен жасөспірімдерге тегін билеттерді тарту етті. 

Агенттік бастамасымен көпбалалы отбасылардың 160-тан астам баласы фильмді бірге тамашалады.

«Қазақ тілді көрерменді көбейту, қазақ тілін қолдау мақсатында осындай бастама көтердік. Өз ана тілімізде көретін кинолардың көп болғанын қалаймыз. Сұраныс көп болса, соған сәйкес қазақ тілді кинолар да көбірек жарық көретіні анық», - дейді Qaz365.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Бауыржан Карипов.

Фильмнен шыққан көрермендер өз әсерлерін бөлісіп, қазақ тіліндегі дубляжға баға берді

«Маған өте ұнады. Көптеген эмоциялар ұнады. Қазақша фильмді көріңіздер», - дейді Маржан есімді көрермен.

Таңы бір көрерменіміз Әйгерім де ыстық ықыласын білдірді:

«Фильм өте керемет болды. Қазақ тілінде шыққан фильмнің балаларға әсері мол. Өз ана тілінде шетелдік туындыны тамашалаған керемет қой». 

Көпбалалы аналар фильмнің қатты ұнағанын айтып, барша көрерменді қазақ тілінде тамашалауға шақырды.

«Бүгін балалармен бірге келіп, тамашаладық. Бізге өте қатты ұнады. Қазақ дубляжының дамуына, қазақ тілінің дамуына үлес қосыңыздар. Балалардың қазақ тілінде сөйлеуіне әсер етеді», - дейді көпбалалы ана.

Биыл Disney компаниясы алғаш рет қазақ тіліндегі дубляжды қолдап, «Ойжұмбақ» кейіпкерлерін қазақша сөйлетті. Кейіпкерлерді әнші Жұлдыз Төлепберген мен Ninety One тобының солистері Батырхан Мәлік пен Азамат Ашмақын дыбыстады.  

Мәдениет министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде «Ойжұмбақ-2-нің» алғашқы күнгі қаралымы «Аватардан» үш есе асып түскенін атап өтті. Ал “Меломан” компаниясы фильмнің барлық қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің арасында алғашқы прокат күніндегі жиындар бойынша рекорд орнатқанын мәлімдеді. Фильмнің қазақша  нұсқасының үлесі жалпы кассалық жиындардың 10%-нан асқан.

Айта кетейік, «Ойжұмбақ-2» қазақ дубляжын дамытудағы үлкен қадам болды. Себебі америкалық алпауыт компания алғаш рет өз өнімін қазақ тіліне дубляждап, оған қоса тағы үш жобаны дубляждауға қаражат бөлді. Көрермендер «Ойжұмбақ-2»-ден бөлек «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» анимациялық фильмдерін қазақ тілінде тамашалай алады. Disney командасы шығарған фильмдер 30-ға жуық тілде дыбысталады. Биыл олардың қатарына қазақ тілі енді.

«Осындай танымал фильмдердің кейіпкерлері қазақстандық көрерменнің ана тілінде сөйлей алуы біз үшін өте маңызды және құнды», - деді компанияның Орталық Азия, Шығыс Еуропа, ТМД, Грузия және Моңғолиядағы бас директоры Кахабер Абашидзе.

Қазақ тілді дубляждың басы-қасында жүрген Шах-Мұрат Ордабаев көрермендерге үндеу жасады. Оның айтуынша, алдағы жылдары қазақ тіліндегі фильмдердің көбеюі үшін дәл қазір дұрыс таңдау жасау керек.

«Келесі жылы жағдай толығымен өзгеруі мүмкін. Алайда ол үшін көрермен кинотеатрға келгеннен кейін «Ойжұмбақ-2» көргенде, қазақ тіліндегі нұсқаны таңдауы керек. Жобаның қазақ тіліндегі тұсаукесеріне Disney компаниясының өкілдері де келді. Олар өз бағасын береді. Қазақша дубляж жалғасуы үшін көрермендер барып, көріп, қолдау көрсетуі керек», - деп қосты ол.

Айта кетейік, бұған дейін шетелдік фильмдер «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен қазақ тіліне дубляждалып келді. Қауымдастық бұл жобаны 2011 жылы қолға алып, Disney киностудиясымен ынтымақтастығын бастаған болатын.

Осы жылдар ішінде қордың қолдауымен шетелдік 34 үздік фильмге дубляж жасалып, соның арқасында қазақ тілі Disney студиясының 39-шы тілі және Sony Pictures студиясының 7-ші тілі ретінде тізімге енді.