Ол түйткілді тұстардың уақытылы түзетілмеген болып шыққанын жеткізді
Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігінің қызметкерлері наразылығына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Естеріңізде болса, 16 шілдеде «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігінің бір топ қызметкерлері мекемеге ақша бөлінбегендіктен жұмыс тоқтап тұрғанын айтып, «Қазақфильм» мекемесінің алдында наразылықтарын білдірген.
«Қазақфильм» аниматорлары «Алтын адам» анимациялық фильміне қатысты мәселе көтергенін білесіздер. Бұл жағдайдың шиеленісуінің нақты себебін білулеріңіз тиіс деп есептеймін. Жоба Ұлттық кино орталығына 2020 жылы ұсынылып, басталған. Жалпы құны 378 млн теңгені құрайды. Келісімшарт бойынша киножоба 2021 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бірақ орындаушы жұмысты толық аяқтамай, фильмді өткізбеді. 2022 жылы «Қазақфильм» жобаны қайта тапсыра алмады. 2023 жылға созылған жобада соңғы түзетулер қамтылмаған болып шықты. Орталық ұжымның 3 жыл бойы жобаны аяқтай алмай келе жатқан себептеріне түсіністікпен қарап, тиісті атқарған жұмыстарына қаражат төленіп келді. Орындаушыға атқарған жұмысы үшін 294 млн теңге төленді. Ал қалған 84 млн неге төленген жоқ? Себебі, 2023 жылдың соңында жоба толық аяқталуы керек еді. Алайда ұжым жыл соңында тағы шикі жобаны тапсырды. Сараптама кеңесі жобаға қатысты 126 ескерту енгізген», - дейді Құрманбек Жұмағали.
Ол бұл түйткілді тұстар уақытылы түзетілмеген болып шыққанын айтты. Мәселе жылдарға созылды, сондықтан Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Қазақфильм» арасындағы іс сотқа жетті деп отыр.
«Ал аяқталмаған жобаға мемлекет қаржы бөле алмайды. Осыған байланысты қалған 84 млн теңге каржы бюджет қазынасына қайтарылды. Тағы бір ескеретін дүние, осыдан бір ай бұрын «Қазақфильм» тізгініндегі әріптесім Азамат Сатыбалдымен бірге сот шешімін орындау жөніндегі медиативті келісімге келдік. «Қазақфильм» және жобаға жауапты ұжым жобаны өзара келісім арқылы аяқтап, «Алтын адам» анимациялық фильмін прокатқа шығарады. Одан түскен таза табыстың 20%-ы кино орталығына аударылса, қалған 80%-ы «Қазақфильмнің» үлесінде қалады. Осылайша «Қазақфильм» аталған жобаның түсірілім тобы алдындағы берешегін өтейтін болады. Ұлттық киноны қолдау орталығының тайқазаны сіз бен біздің қаржымыздан құралған. Сондықтан әр тиынның сұрауы барын ескеруіміз қажет. Мәселенің заң тұрғысынан шешіліп жатқаны да содан. Біз тек бәрі заң аясында шешілсе дейміз. Әйтпесе, «Қазақфильм» басшысы Азамат Сатыбалдымен араздығымыз жоқ. «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер» демекші, Азамат екеуміз де отандық киноның дамуына мүдделіміз және бір-бірімізді қолдауға дайынбыз», - дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы.
Ол осы ретте кино саласын кері тартып, дамығанын қаламайтын белгісіз топтар бар секілді деп күмәнданады.
«Әрине, олардың негізсіз пікіріне көпшіліктің иланбағаны абзал. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, саланың тек кемшілігін санамалауға бейім адамдардың астыртын ниеті түбі әшкере болатыны сөзсіз. Мұндай қолайсыз жағдайды тудыратын жағымсыз пікірлерге қарамастан, біз дамуға бет түзеген бағытымыздан жаңылмай, жұмыстарымызды үздіксіз жалғастыра береміз. Бір сөзбен айтқанда, елдің кино саласын ілгері бастыруға бар күшімізді саламыз!»- дейді Құрманбек Жұмағали.