«Оскарға лайық ойын көрсетті»: Түріктер актер Берік Айтжанов туралы не жазып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

«Бұл сахнаны 502 рет тамашаладым»

коллаж Qaz365.kz

Жақында телеэкранға «Османның құрылуы» («Kuruluş Osman") атты түрік телехикаясының 115-бөлімі шықты. Бұл серияда қазақ актері Берік Айтжанов та ойнаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Османның құрылуы» сериалындағы басты рөлді (Осман бей) түріктің танымал актері Бурак Өзживит сомдайды. Осы серияда оған қалың әскерімен Моңғол қолбасшысы  Найман келеді. Оның рөлін белгілі қазақ актері Берік Айтжанов сомдаған.

Түрік сериалдары жылдамдығымен ерекшеленеді. Ол өзінің бір сұхбатында 6 күннің ішінде толықметражды екі сағаттық серияны түсіретінін айтқан болатын.  

«Мен «Османның құрылуы» телесериалына түсіп жатырмын. Түрік сериалдарының қазақ сериалдарынан айырмашылығы ең алдымен жылдамдығы, бюджет көлемі және ауқымы. Мұнда алты күннің ішінде толықметражды екі сағаттық серияны түсіреді», - деді.

Ал түрік көрермен Берік Айтжановты қалай қабылдады? Ютуб желісінде пікірлерге шолу жасап көрдік.

Ейүп Картал есімді көрермен екі сағатқа созылған бөлімнің бар жүгін Найман көтеріп шыққанын жазады.

«Бұл бөлімнің эпизодтағы болса да, ең тамаша сахнасы осы еді. Одан басқа іліп алар сахна да болмады ғой. Бұл бөлімнің бар жүгін Найман көтеріп шықты деп ойлаймын». 

Ал Үнал Зерен есімді көрермен Берік Айтжановты Қазақстанның ең мықты актерлерінің  бірі деп санайды.

«Берік Айтжанов (Найман) – Қазақстанның ең мықты актерлерінің бірі. Шынымен де, керемет ойнапты. Құттықтаймын». 

Қадыр Ағдаш есімді көрермен болса бөлімнің осы бір эпизодын қайталап көргенін, тіпті «тіл-аузым байланып қалды» деп әзілдей. Eржан Каймаз есімді көрерменбұл сахнаны 502 рет тамашалағанын, әлі де көріп отырғанын,  тіпті жалығар емеспін деп жазады.  

«Ағатай-ау, бұл не ғажап! Өте керемет сахна! Найман ғажап сомдалыпты! Бұл не құдірет!? Бәрінің есі шығып кетті. Қайта, қайта, қайта, қайта, қайта, қайта көре бердім. Тіл-аузым байланып қалды. Қазір жұмыстамын. Рұқсат сұрап, үйге қайтайын», - дейді Қадыр Ағдаш.

Фикрет Алтыншык есімді көрермен Берік Айтжановты Оскарға лайық ойын көрсетті деп бағалайды.

«Найманды ойнаған қазақ актері Оскарға лайық ойын көрсетті».

Самет ЕМЕР:  

«Болдырған аттың аузынан көбігінің ағуы, ілбіп басуы және Найманның ойыны ғажайып!». 

Алланың құлы:   

«Ойпырмай, Найманның да Осман қолбасшыны білгені қандай керемет еді. Қатты ұнады. Исмиханның өзі білмеуші еді. Ең керемет сахна». 

Еже ҮНСАЛ:

«Моңғол қолбасшысын ойнаған ойыншыны құттықтаймын. Шынымен тамаша ойнапты». 

Шатыраш Әмір Тофан:

«Меніңше, осыған дейінгі ең ақылды моңғол қолбасшысы Найман шығар. Бұл ойыма қосылатындар бар ма?».

Берра Кочак:

«Османның өзі Исмиханды дұрыстап жеңе алмай жүргенде Найман келген бетте 10 минут ішінде жеңіп шығыпты. Исмиханның қорыққан кейпін көру сондай керемет. Өте жақсы. Бұйырса бұл да Олофтың ізін құшпас деп ойлаймын». 

Мехмет Акиф:  

«Oсман мырзаның қолбасшы деп атағандағы Исмиханның түрін көрдіңдер ме?».

Реван РЕСУЛОВ:

«Найман сериалда найзағай ойнатқандай болды!».  

Исамил ХАРИ:

«Бұл жігіт Оскар алуатындай актер екен. Найман сондай ғажайып ойыншы!».

Құсайын Акар:  

«Османлының құрылуы» фильмінде осы уақытқа дейін ең тамаша ойнаған моңғол осы болар, бәлкім». 

Халил Айдоғмуш:  

«Найман өзіне Осман мырзаны ғана тең көреді».

Байқағаныңыздай, түрік көрермен Берік Айтжановтың актерлік шеберлігіне оң баға берген. Ютубтағы Берік Айтжанов ойнайтын эпизод небәрі 6 күннің ішінде 1,4 млн қаралым жинап, мыңнан аса комментарий жазылған. Басым көпшілігі жағымды пікір жазған.