Аңшы бөлтіріктерінің тірсегін кесіп кетеді
Жуырда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті қызметінен кеткен актер Азамат Сатыбалды жаңа жазба жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Жаңадан туған қасқыр балаларына азық іздеуге шыққанда, аңшы бөлтіріктерінің тірсегін кесіп кетеді. Тірсегі кесілген бөлтірік дімкес болады, жатып ішер. Аузын ашып тамақ сұрай береді, одан басқаға шамасы жоқ. Анасы тамақ тасумен әуре. Содан қозғалмай жатып ішіп-жеп тойып алған қасқыр семіретіні анық. Күндердің күні туғанда...Аңшы асықпай келіп, терісін бұзбай, олжасын алып кетеді екен. Солай», - деп жазды ол.
Айта кетейік, шілде айында «Қазақфильм» алдында «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігінің қызметкерлері наразылық білдірді. Өйткені мемлекеттен бөлінген тиісті қаражат әлі күнге дейін қызметкерлерге берілмеген. Осыдан кейін көп уақыт өтпей, Азамат Сатыбалды қызметінен кетті.
Экс-президент бұған дейін қызметкерлердің талап-арызын аяқтан шалу және жала жабу деп есептейтін айтқан еді.