Қазақ тарихындағы ерекше парақ
Елордада «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. Бір ерекшелігі – конференция биыл бірінші рет Астанада ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Конференцияны өткізудегі мақсат
Сегізінші мәрте ұйымдастырылған мәдени шараға Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Германия мемлекетінің ғалымдары, сонымен бірге түркітанушылар, ірі ғылыми орталықтардың өкілдері, мәдениет және тарих саласының мамандары қатысты. Конференцияның мақсаты – әлемдегі ғылыми қауымдастықты аймақтың археологиялық әлеуетімен таныстыру.
Шығыс өңірінде археология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бойынша арнайы бағдарлама дайындалған. Шетелдік ғалымдардың қатысуымен көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілген. Еліміздің жетекші археологтары осы зерттеу нәтижелерімен таныстырды.
Алтайдың маңайы әлі көп зерттеле қойған жоқ
Ауқымды шараның ашылуында сөз бастаған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев биыл конференцияның Ұлы көшпенділер ойындарына орай арнайы Астана қаласында өткізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ еліміздегі жетекші археологтарына үлкен алғыс айтты.
«Бұл конференция 2011 жылдан бастап Шығыс Қазақстанда өткізіледі. Биыл мынау Ұлы көшпенділер ойындарына орай арнайы Астана қаласында өткізіп отырмыз. Кеше ғана осы ойындардың ашылуында президент Қасым-Жомарт Тоқаев көшпенділер ойындарында жалпы көшпенділер өркениеті туралы өте жақсы сөздер айтты. Көшпенділер 5 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен зергерлік бұйымдарды жасап шығарды деп атап өтті. Сақ дәуіріндегі алтын адам табының соның айқын дәлелі екенін, соның ішінде мынау біздің Алтай өңіріндегі берел қорғандары зерттелген, табылған барлық дүние осыған дәлел деп білеміз», – дейді әкімнің орынбасары.
Ербол Нұрғалиевтің сөзінше, Алтайдың маңайы көп әлі зерттеле қойған жоқ. Бай тарихы бар. Осыны ескере отырып, облыс әкімдігі археология саласын ғылыми зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасын 2016 жылы қабылдаған. Соған 1 млрд 600 млн-дай ақша бөлінген. Соның арқасында, бағдарлама аясында Қазақстаннң жетекші археологтары тың жаңалықтар ашқан. Осындай бағдарлама аясында зерттеуге мүмкіндік алған.
«Біз тағы да осы мүмкіндікті пайдаланып, профессор Зейнолла Самашев мырзаға ерекше алғысымызды білдіреміз. Үлкен еңбек жасалды, археологиялық зерттеулер жасалды. Бүгінгі конференцияда осы мәселелердің барлығын зерттеп, зерттелген дүниелерге тоқталамыз. Бұл кісілердің зерттеген дүиелерінің көбі осы Ұлттық музейде сақталуда. Сондықтан осы ғалымдарымызбен мақтанамыз», – деді Ербол Нұрғалиев.
Қазақстандағы палеогенетикалық зерттеулер
Конференция барысында түркі ғалымдары ойларын айтып, зерттеу бағытында жұмыстарын көрсетті. Профессор Зейнолла Самашев әрбіріне сөз берді. Зейнолла Самашевтің айтуынша, Қазақстан археологиясы соңғы 5-10 жылда қарқынды түрде дамып келе жатыр.
«Дамып келе жатқан бағыт – пәнаралық зерттеу. Соның ішінде палеогенетикалық зерттеулер. Біздің археология жалпы тарихқа ерекше үлкен үлесін қосып, жаңа бір сатыға көтерді. Археологиялық деңгейде бізде зерттеулер дамып жатыр», – дейді Зейнолла Самашев.
Қазақ тарихындағы ерекше парақ
Тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы Қазақстан археологиясының алдында тұрған міндет – бүгінге дейін жиналған барлық мұраны, білімді жүйелеу деп есептейді.
«Соңғы үш жылдың ішінде Тас дәуірінен бастап орта ғасырға дейін барлық кезең бойынша сабақтастықты дамыту мақсатында арнайы топ құрылды. Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы деген үлкен еңбек жазылып жатқанын білесіздер. Онда бірінші томда Тас дәуірінен бастап бесінші ғасырға дейінгі Қазақстан тарихында болған тарихи-мәдени оқиғалар бәрі қамтылған. Орта ғасырдың археология – Қазақ тарихындағы ерекше парақ. Бұл – мемлекеттіктің дамуы мен жаңа қазақ халқының қалыптасуының жолы. Соңғы бес жылда Қазақстан археологиясында көптеген ашылулар болды. Пәнаралық жұмыстар атқарылып жатыр», – дейді ол.
Конференцияда ғылыми айналымға жаңадан зерттелген жұмыстарды атап айтқанда, профессор З.Самашевтың және өзге отандық археологтардың жетекшілігімен, сондай-ақ, шетелдік археологтардың қатысуымен жүргізіліп жатқан соңғы қазба жұмыстарының нәтижелері енгізілді. Конференция жалпы және секциялық отырыстарға ұласты.