9 қыркүйектен бастап, фильм еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастады
Ұлттық кино орталығының қолдауымен экранға шыққан «Талақ» фильмі түсіріле бастағаннан-ақ оған түскен актерлердің әлеуметтік желі парақшаларында фильм жайлы жиі айтылды. Фильм елімізде көрсетілмей тұрып, Қытай Халық Республикасындағы Шанхай фестивалінде «толықметражды фильм» номинациясы бойынша «Алтын кубок» жеңіп алды. «А» санатына жататын фестивальде әлемнің 14 кинотуындысының ішінен «Үздік фильм» деп таңдалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сол кезде көпшілік қауым фильмдегі кейіпкерлер киімінің тым жұпыны екеніне қынжылған. Қоғамдық пікір екіге жарылып, бір тарап киімі тым жұтаң десе, екінші тарап фильмді көрмей тұрып сынау жөн емес деген.
12 қыркүйектен бастап, фильм еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастады. Біз осы орайда елімізге танымал киносыншылар мен әдебиеттанушылардан, журналистерден кино жайлы пікірін сұрадық.
Баубек НӨГЕРБЕК, кинотанушы:
Бұл фильмнен күткеніміз көп еді
Әдеби шығарма негізінде түсірілген кез келген фильм көрерменнің аталған шығармаға деген қызығушылығын оятады. Бейімбет Майлиннің «Әже» және «Талақ» әңгімелерінің желісі бойынша экрандалған Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі осы талаптың үдесінен шықты. Фильмді көрген соң, көрермен осы әңгімелерді оқып шығуға талпынары сөзсіз.
Бұл фильмнің тарихи фактілермен қаншалықты сәйкес келетінін айтпай-ақ қояйын, өйткені бұл жағына, әсіресе, кейіпкерлердің костюміне, декорацияға қатысты түрлі сыни пікірлер айтылуда. Бір ғасыр бұрын қазақ қоғамының байлары, кедейлері қалай киінгені, қандай үйлерде өмір сүргені туралы этнограф, тарихшы мамандар талдау жасағаны жөн болар...
Кинотанушы ретінде ең алдымен фильмнің визуал жағына тоқталғым келіп тұр. Колористикасына тоқталсақ, түстердің солғындығы аласапыран заман атмосферасын суреттеуде маңызды рөл атқарды. Фильмнің басым бөлігі жалпы және орта планмен түсірілген. Ірі план, аса ірі план (деталь) жоқтың қасы, тек бала емізген келіншектің омырауын ғана алған. Көп эпизод экраннан фильм емес, сахнадан спектакль көріп отырғандай әсер қалдырады. Оның тағы бір себебі – фильмде монтажбен жалғау көріністердің аздығы. Жалпы планмен түсірілген статикалық кадрлар 2-3 минутқа дейін созылады.
Әдеби шығарма желісімен түсірілгенімен шығармада жоқ кейіпкерлер қосылған. Кеңес өкіметінің орнаған тұсын да таптаурын әдіспен көрсеткен. Кеңес одағындағы билік өкілдерінің бейнесі қазақ ауылының тұрғындарынан гөрі Сталин, Берияның карикатуралық үлгісіне ұқсайды.
Туындының өне бойында драматургиялық жағынан өзін-өзі ақтамайтын, басы артық сюжеттік линиялар кездеседі. Мәселен, бас кейіпкердің әйеліне талақ айтқаннан кейін далаға шығып, бөрі секілді ұлып, айға мойын созуы. Оны нендей мақсатпен көрсеткені ашылмай қалды. Әрине мұны жалғыздықтың символы деп түсінуге болады. Алайда ол линия әрі қарай өрбімейді, тек бір мәрте ғана көрсетіледі. Сарымсақ пен молда үйдің алдында сөйлесіп тұрғанда олардың қасына келген кемпірдің іс-әрекеті де сюжеттің өрбуі тұрғысынан еш мақсатсыз эпизод. Кәрібайдың бәйбішесі мен тоқалы Зылиханы төбенің басында жалаңаштап жуындырған көрініс, қызыл мата ұрлаған келіншектің қорыққаннан дәретін жіберіп қойғанын ірі планмен көрсету, комиссардың айна алдында отырып маңқасын көмекшісінің бетіне өзінің қалына ұқсатып жабыстырып, риза болған сәтін көрсету қаншалықты керек? Осындай басы артық сахналар фильмді ұзартып жіберді.
Экрандағы кезеңді Кеңес үкіметінің орнаған кезі деп алсақ, кәмпеске әлі аяқталмаған, кіші қазан 1925 жылы болды. Демек байлардың әлі дәурені көшпеген. Бірақ фильмнен біз бай мен кедейдің айырмашылығын көзбен көре алмаймыз. Байдың үйінің сыртқы сылағы түсіп кеткен, іші де жұпыны. Тек Құрымбайға ат жетектетіп жібергені болмаса, байдың бай екені еш көрінбейді. Жалпы фильмде масштаб жетіспейді. Экрандағы ауыл – ауыл емес, ауылдан бөлініп шыққан даладағы бірнеше үй іспеттес. Киімдерін де шұрық тесік етіп тым асыра сілтеген.
«Әже» әңгімесінде Зылиханың Кәрібайға кетіп қалу себебін Бейімбет Майлин бір-екі ауыз сөзбен, өзі де білмей қалды қалай болғанын, деп жазады. Әйелдің мұндай күйін әдебиетте сөзбен айтып жеткізгенмен, фильмде көрсету өте қиын. Режиссерлік, актерлік, оған қоса операторлық шеберлік керек. Фильмде біз оны көре алмадық. Зылиха мен Сарымсақтың арасындағы қимастық тек байдың үйіндегі эпизодта қылаң берді.
Сарымсақтың ауырып жатқан келіншегінің қасына барғанын да жалпы планмен көрсеткен. Сарымсақ Зылиханың қолын алған сәтін ірі планмен алса әлдеқайда әсерлі шығар еді.
Дыбысталуында көлемді дыбыс қолданбаған, яғни дыбыс төрт арнадан шықпай, тек екі арнадан ғана шыққан. Кейбір диалогтар анық естілмейді, дыбыстар шынайылыққа сәйкес емес.
Жалпы алғанда фильм Кеңес үкіметі орнауы кезеңіндегі діни сауатсыздық, байлардың озбырлығы, әйел теңсіздігінің қарапайым адам тағдырына әсерін көрсеткісі келген. Ондай параллелдер сезіледі. Ойлы фильм етіп шығаруға талпынған, алайда бұл фильмнен күткеніміз көп еді...
Еркінгүл СОЛТАНАЕВА, әдебиеттанушы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы:
Алғашқы сахналардан режиссер стилі танылады
Фильм жиырмасыншы ғасырдың басындағы қоғамдық жағдаятты, уақыттың ерекшелігін, экономикалық-әлеуметтік жағдайымен қатар, рухани ахуалын да дәл бере алған екен. Қарудың күшімен орнаған үкімет, адамдардың санасына зорлықпен кеңестік идеологияны, кеңестік тәртіпті, жат ұғымдар мен жаңа түсініктерді ұран ғып енгізіп, халықтың өмір сүру нормалары мен тәртібін қауырт өзгертіп, ақ неке, иман, күнә, кінә т.б. секілді көптеген қасиетті, дәстүрлі түсініктерді аяқасты етті. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін әлі бағамдай алмаған адамдар рухани тұрғыдан дағдарып қалғаны анық. Комсомолға жазылса да, жасырынып намаз оқып жүргені, немесе отбасы бола тұра «пәленшенің қатыны қашты» дегенде «солар бір адам естімеген қызықты көріп жатыр» деп ойлағандары сондықтан болар. Фильмде осы жайттар ащы мысқылмен берілген.
Алғашқы сахналардан режиссер стилі танылады. Мысалы, М. Скорсезе фильмдерін ойланбай, кей эпизодтарын қайталамай көрмесең, түсіну оңай емес. Сол секілді Д.Саламаттың да ірі планмен берген детальдеріне, панорамалық локацияларына, қоңыр мен қызыл түстердің контрастілі символикасына мән беру қажет. Мәселен, фильмнің басында шабылған, атылған, шұрық-тесік, жерде жатқан бас киімге назар аударып, мәтін астарын ойша шамалауға болады.
Фильмде динамика аз, дегенмен ол көрерменді жалықтырмайды. Себебі бір комедиялық, бір ирониялық, бір жерінтетін, бір мұңлы күйлер алмасып, көрерменнің эстетикалық реакциясына әсер етіп отырады. Бұл драмалық шығармалардың композициясын ұйымдастырудағы аумалы-төкпелі тәсіл.
Режиссердің тағы бір жетістігі образдарды нанымды етіп аша білгені. Мәселен, Құрымбай біреудің қайғысына соншалықты бей-жай қарайтын, аспан айналып жерге түссе де, елді тостырып қойып, өзінің пендәуи тірлігін бірінші орынға қоятын жан болып шыққан. Кәрібайдың үйінен ақ ат пен Сарымсақты қатар қосақтап жетектейтін сахна да оның бар болмысын айқындап тұр.
Сарымсақ Бейімбеттікі секілді момын, кешірімшіл, аңғал, жаны таза кейіпкер. Режиссердің көптеген сценалары символға толы. Сарымсақтың әйелімен ұрсысып қалғанынан кейін қараңғыда, бұлтар жөңкіле көшкен аспан астында, қара дөңнің үстінде қасқырша ұлуы оның ішкі уайымын, айтылған сөздің – атылған оқпен тең жаралайтынын, өкінішін көрсетеді. Соңғы сценаларының бірінде Сарымсақ әйелін арқалап аппақ аспан астында, аппақ дөңнің үстінен қарауытып шыға келеді, бұл олардың жарқырап, күнәдан арылған, тазарған ішкі жан дүниесін байқатады. Сарымсақ та әйелін кешірді, оның көңілінде титімдей де дақ қалмады. Оның жаны сондай таза, пәк. Ол тек өз балаларының анасы аман болса екен деп тілеп, зар еңіреп жылап келеді.
Саналы деген үлкендер жасай алмаған әрекетке кішкентай Ұлпаның жүрегімен сезініп барып, құдайға жалбарынуы, және оны режиссердің әлі қайта қайталау арқылы, (бірінші рет әкесі сырқаттанғанда, екінші рет сиыры тұрмай жатып қалғанда) қайталап, лейтмотив ретінде беруі – тамаша көркемдік тәсіл болған. Әңгімеде Злиха көз жұмады, ал фильмде режиссер я өлі, я тірі деп шешімді кесіп-пішпей, финалды ашық қалдырған. Ал көрермен көңілінде жаратушының бала тілегін тағы бір рет орындайды деген оптимисттік сенім нық орнайды. (Аристотельше, өнердің мәні – түрлі сезімдерді бастан кешіп, аффектілерден арылып, өзгенің азасы мен қазасына жаны ашып, жүрегін жаспен жуып тазарған көрермен күйі ғой.) Көрерменнің де катарсиске бөленетін тұсы осы.
Дана ӘМІРБЕКОВА, кинотанушы:
Әдебиет жауһары кино тіліне дұрыс түспеген
«Талақ» фильмі шығады дегеннен бастап, киносүйер қауым, сыншылар, кино саласында жүрген өзге де адамдар оны ерекше күткені жасырын емес. Өйткені Бейімбет Майлиннің шығармалары әр қазаққа етене жақын әрі бағалы. Жалпы әдеби шығарма ретінде «Әже» мен «Талақтың» айтары мол, мәні терең. Ондағы ой да өзекті. «Талақ» фильмінің тақырыбы мен сюжетінің жақсы болуы да осы әдеби нұсқаның жетістігі, жазушы Майлиннің шеберлігі.
Ал кино тіліне келетін болсақ, өкіншіке қарай, әттеген-ай дейтін жері көп. Әсіресе эстетикалық тұрғыда өте әлсіз фильмдердің бірі деп айтсақ қателеспейміз. Әрине кейбір сахналарда юмор, әзіл, келемеж арқылы қазақтың күлдіре отырып, жылататын сәттерін әдемі жеткізген. Дегенмен мұның бәрі кино тілінде дұрыс жеткізілмеген. Атап айтатын болсақ, фильмде монтаж, ритм, костюмдер әлсіз. Режиссерлік шешім мүлде жоқ деуге болады. Актерлердің ойыны да, олардың костюмдері, декорация барлығы киноға қарағанда театрдың эстетикасына жақын. Тағы бір айтатын мәселе, фильмде өкінішке қарай, режиссерлік стиль жоқ. Режиссердің жалпы шығармашылығына қатысты айтып отырған жоқпын. Тек осы «Талақ» фильмінің стиліне қатысты айтып отырмын. Фильмнің материалы мен оның формасы бір-біріне қарама-қайшы, үйлеспейді. Бейімбет Майлин шығармаларының болмысы Чаплиннің эстетикасына, кино тіліне әлдеқайда жақын. Дәл сол стильді сақтай отырып, күлдіре отырып жылататын туынды жасауға болар еді. Өкінішке қарай, дәл сондай материалды Данияр Саламат Тарковскийдің мәнерінде түсіруге талпынғандай әсер қалдырады. Алайда, материал мен форма бір-бірімен үндеспей екі жаққа тартып, диссонанс туындаған.
Кино деген кез келген ойды сөзбен жеткізу емес, әрекет, бейнелік қатар арқылы жеткізу. Біз солай қабылдаймыз, бізді солай үйретті. Ал мұнда кейіпкерлердің ойы диалогтар мен сөз арқылы ғана берілген. Әр сахнаны театралды ойын арқылы жіліктеп шағып береді. Дәл осы нәрсе фильмнің кинодан алыстауына ықпал еткен.
Монтажына келсек, пландар өте сирек алмасады әрі көрерменді жалықтырып жіберетіндей ұзақ. Сахналарда бірізділік жоқ, бір сахна тым ұзақ, екінші сахна тым қысқа. Осының кесірінен фильмде өзіне тән стиль болмай қалған.
Көрерменнің көбі кейіпкерлер киімінің жұтаңдығын сынады. Ал режиссердің айтуынша, ол сол заманның көрінісін дәл бергісі келгеннен туған ой. Дегенмен, фильмді көрген көрерменде қазақ халқы тым мүсәпір, жабайы болған екен деген көзқарас қалыптасады. Ойлап қарасақ, ешқандай ұлт өмір бойы сән-салтанатты ғұмыр кешпеген, әр ұлттың тарихында жүдеген, жүнжіген кезең бар. Солай бола тұрса да, кино болғандықтан эстетиканы сақтауы керек еді. Тым асыра сілтеп қазақтарды мүсәпір, түк көрмеген, жабайы халық ретінде емес, сәл де болса ретке келтіріп көрсетуге болар еді деп есептеймін.
Әрине, қазақ киносының шетелдік көрерменнің көңілінен шығып, айтулы жүлде алып келгеніне бек қуаныштымыз. Дегенмен киносыншы ретінде кинода көрген кемшіліктерді кәсіби тұрғыда атап айтып отырмын.
Көрермен қалайда экраннан көрген дүниесінен белгілі бір ой қалыптастырады. Ал «Талақтан» Бейімбет шығармаларын оқымаған көрермен біз бұрын бейшара халық болыппыз ғой деген ой түйіп шығады.
Айгүл МЫҢЖАСАР, тележурналист:
Астары көп туынды
«Талақ» фильмі – соңғы уақытта өзім көрген көркем фильм деп айтуға татитын картина. Фильмді көрмес бұрын Бейімбет Майлиннің «Әже», «Талақ» әңгімелерін тағы бір оқып шықтым. Режиссер екі шығармадан не алғанын, оларды не үшін біріктіргенін, шығарманың қай жерін мақсатты түрде алғанын, қай тұсын киноға қоспағанын түсіндім. Шындығына келгенде өте астары көп туынды. Оның барлығын бір рет көргенде тап басып тану қиын, сол себепті бірнеше рет көру керек. Бұл жүз жыл бұрын жазылған шығармалардың желісімен жазылған соң, сол дәуірді көрсетеді ғой. Дегенмен, неге Данияр Саламат бұдан 100 жыл бұрынғы шығармаға бүгін сценарий жазады, деген сұраққа жауап беретін болсақ, менің ойымша режиссер қазіргі қазақтың ахуалын сол кезден тартып айтқысы келген. Қазіргі жағдайымыздың себебін сол кездегі абдыраған қазақтың күйі мен шолақ белсенділердің әрекетінен деп түсіндірігісі келеді деп ұқтым.
Әйелдердің қызыл шүберектен дамбал тігіп кигенін көрсету арқылы Кеңес үкіметі орнап жатқан тұстағы жоқшылық әйелдің табиғатын өзгертті дегенді меңзегендей. Ұлпа Құдайға жалбарынған эпизодтарда жылап қалдым. Оның образын ашаршылық кезінде қайтыс болған, әке-шешесіне өзінің ғұмырын беріп кеткен әрбір қазақ баласының жиынтық образы деп қабылдадым. Талақ – негізі діни категория. Оны неге алып отыр, деген сұраққа жауап іздегенде, қазіргі жастардың дінге әуестігін, діни категорияларды күнделікті қолданатынын астарлап жеткізіп отыр-ау деген де ой келді. Я білімі жоқ, кедей, ақылы аз, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған момын – Сарымсақтың «талақ» деген сөзді орынсыз, мәнін түсінбей айтып, соның шырмауында қалып, «талақ» деген сөз ешқандай үкім емес деп әрі қарай жайбарақат өмір сүре беруге де батылы жетпей әуреге түседі. Дәл осы күй қазіргі дүмше молдалардың көптігін, шала діндарлардың осылай әуре болып жүргенін тұспалдап тұрғандай.
Бұл фильмге айтылған сынның көбі Сарымсақ отбасының костюміне қатысты болды. Бірақ Сарымсақ сіңірі шыққан кедей ғой, шоқпыт киетіні қалыпты. Ал басқа кейіпкерлер өз дәрежесіне сай киініп тұр. Сол себепті Сарымсақ отбасының киімін режиссер мақсатты түрде осылай алды деп түсіндім.
Фильм Шанхайда жүлде алғанда қоғамдық пікір қалай екіге жарылса, кинотеатрларда көрсетілгеннен кейін де екі түрлі пікір қалыптасты. Бұл пікірталастар тек «Талақ» фильмінің ғана емес жалпы қазақ киносы мен көрерменнің кинотанымындағы күнгей мен көлеңкені көрсетіп тұрғандай...