Жетісу облысында Әбілхан Қастеевтің ескерткіші ашылды

Nur-Altay Umirzak

Шараға суретшінің қызы мен немересі қатысты

Gov.kz

Бүгін Жетісу облысының Талдықорған қаласында Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің ескерткіші орнатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қола мүсін Көркемөнер галереясының ауласына қойылды. 

Мерейтойлық шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеев, көрнекті қылқалам шеберінің қызы Гүлдария Қастеева, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, зиялы қауым өкілдері, облыс жұртшылығы қатысты.

"Әбілхан Қастеевпен етене араласпасам да тірісінде көзін көрдім. Қой аузынан шөп алмайтын момын кісінің тұла бойында саф таланттың тұнып жатқаны таңқаларлық. Ол - қазақтың рухын көтерген, қазақты әлемге танытқан азамат. Біз мұндай ұлы өнер иелерін қастерлеуіміз керек. Сонда ғана берекелі ел боламыз. Әбілхан аға ешқашан өлмейді, халықтың көкейінде жарқырап қала береді", -  деді Мырзатай Жолдасбеков.

Әбілхан Қастеевтің немересі Сауран Қастеев атасының жолын қуып, көркемсурет өнерін таңдағанын айтады.

"Біз кішкентайымыздан атамыздың барлық картиналарын көріп-біліп өстік. Соның ішінде маған акварельмен салған таулардың картинасы керемет ұнайтын. Өсе келе суретшілік өнерге бет бұрдым. Қазір кескіндеме, графика, иллюстрация бағыттарында жұмыс жасаймын. Әбілхан атамыздың еңбегі бағаланып, халықтың құрметіне бөленіп жатқаны - біз үшін мақтаныш", - дейді Сауран Қастеев. 

Ескерткіштің ашылуынан кейін қонақтар Көркемөнер галереясының ішінде Ә.Қастеевтің 120 жылдығына арналған экспозициялық көрмені тамашалап, суретшінің 9 картинасының тұпнұсқасын көрді.