Бұл әннің ең бірінші сөзі жарық көрген
90-жылдардың орта тұсында қазақ даласында шырқалған «Мұңайма Үрбибі» әні қазір қайта жаңғырды. Әсіресе, әлеуметтік желіде қырғыз тіліндегі нұсқасы хитке айналған. Tik-Tok желісінде қазақ пен қырғыз тыңдармандары өзара тартысып жатады. Дегенмен, осы әннің дүниеге келуіне себепкер болған кейіпкер шыңдықты айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл әннің ең бірінші сөзі жарық көрген. Тоғжан Кенжеева есімді журналист бұл туралы былай дейді:
«Жетісайдағы Ғани Мұратбаев атындағы техникалық-гуманитарлық колледжде (ол кезде Жетісай педагогикалық училищесі) оқып жүргенімізде ақын Әлібек Мейірбекұлымен студенттердің кездесуі өтті. Әні мен сөзі өзара үйлесім тапқан «Үрбибі» әні енді-енді хит болып жатқан кез. Студенттер ақыннан осы әннің жазылу тарихын айтып беруін сұрады. Сонда ағамыз қызыл шырайлы жүзі нұрланып, көзі күлімдей отырып әңгімелеп беріп еді.
«Ол кезде жас едік. Бір күні кешкісін Жетісай мәдени-ағарту колледжінде жұмыс істейтін досыма келгем. Жатақханада кезекші екен, бөлмелерді аралап жүрдік. Бір бөлмеде қыздар жиналып, әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Досым мені ақын ағаларың деп таныстырып еді, бір қыз «аға, ақын болсаңыз маған тап қазір өлең шығарыңызшы» деді қуақылана жымиып.
– Есімің кім? – дедім.
– Үрбибі, – деді қыз.
Қызық көргісі келген қыздар қағаз, қаламын дайындап, маған орындық ұсынды. Сол кезде отыра қалып жазып тастаған өлеңім еді. Жаныма жаққан сол жолдарды іле-шала қойын дәптеріме көшіріп жаздым. Содан қай жылдары жергілікті сазгер інім Өтеген Бекахметовпен шығармашылық одақта бірлесіп, біраз жұмыстар атқарып едік. Менің қойын кітапшамнан осы өлең жолдарын көзі шалып қалған Өтеген: «Аға, осы өлеңіңізге ән жазсам» деп қызығушылық танытты. Солай шыққан ән еді бұл» деп ақын аға ағынан ақтарылып еді», – дейді журналист.
Ақын Әлібек Мейірбекұлы 2001 жылы өмірден өткен. Ал жары Үрсұлу Сейдахметқызы:
«Бұл Әлекеңнің маған арнап шығарған әні болатын. Қазір Қырғызстанда да кең таралып кетті. Бұған қуаныштымын. Ән отбасы құрғанымыздың 25 жылдығында жарық көрген еді. Одан бері де 30 жыл өтті. Жастардың айтып жүргені көңілімізді марқайтады», - дейді.
Ал KAZ.NUR.KZ тілшісі әнді TikTok-та танымал қылған қырғызстандық әнші Элера Кабылжанқызы мен оның продюсері Самат Эркимбековпен тілдесіп көріпті. Көрші ел өнерпаздардары бұл хитті алғашқыда «Қарындас» деп аталатын фильмге саундтрек ретінде таңдап алғанын айтады.
«Бұл әнді осыдан екі жыл бұрын YouTube желісінен көріп, ұнатып қалдым. Сол кезде 80-жылдардағы оқиғаны суреттейтін фильмге сценарий жазып жүрген едім. Кейін киноны түсіріп бастадық, ол фильмдегі басты кейіпкер Әдемі есімді ару. Саундтрек жазған кезде «Мұңайма, Әдемі» деп атауын өзгерттім. Өйткені қырғыздарда Үрбибі деген есім жоқ. Бірақ мәтінінің мәнін өзгертпедім. Кейін ән трендке шығып кетті, миллиондаған қаралым жинап тастады. Бірақ Абай Бегей деген әнші бұл әнді YouTube желісінен бұғаттап тастапты. Өйткені Қазақстанда сол кісі орындайды екен. Кейін ол кісімен сөйлесіп, Үрсұлу апамызбен Шымкентте кездесіп, сыйақысын беріп, рұқсатын алдық», - деді қырғыз продюсері Самат Эркимбеков.
Қазақтың әнімен ел назарына іліккен қырғыз әншісі Элера Кабылжанқызының да бүгінде әлеуметтік желіде танымалдылығы артып, сауық-кештерге де сұраныс көбейген.
«Сөздің шыны керек, бұл әнді алғашқыда продюсер тыңдатқан кезде қатты ұнатпадым. Бірақ продюсердің көңілін қалдырмас үшін келіскен едім. Демо-нұсқасын орындап көрсеттім, продюсер бірден ұнатты. Кейін бәрі ұнатып, тезірек жарыққа шығаруды өтінді. Одан кейін мен де бұл әнді ұнатып кеттім. Қазақстандық тыңдармандар да менің орындағанымды ұнатып, әлеуметтік желіде «алтын қыз», «біздің қыз» деп жазады. Ал әлеуметтік желіде дауласып жатқан тыңдармандарға «бұл қазақтың әні» екенін айтқым келеді. Бұған ешкім таласпау керек, біз тек қырғыз тілінде орындадық», - дейді қырғыз әншісі Элера Кабылжанқызы.