Кинодан кеуделерін мақтаныш сезімі кернеп шығыпты.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалы ұжымы болашақ жолшы студенттерге “Қажымұқан” фильмін көрсетті. Ұлт мақтанышы, қазақтың даңқты тұлғасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолын суреттейтін көркем туынды жастарды отансүйгіштік пен адалдыққа, ұлтжандыққа шақырады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
ЖАҰСО Алматы филиалының директоры Мәулен Әліпов бастаған ұжым студент жастарға қамқорлық жасап, тарихи тұлға туралы фильмнің арнайы сеансын ұйымдастырды. Мұндай игі іс болашақ жол мамандары үшін өте маңызды дейді мекеме басшысы.
“Әлеуметтік желіден режиссер Қанағат Мұстафин түсірген “Қажымұқан” фильміне көрермен аз деген жазбаларды көзім шалды. Біріншіден, студент жастардың басын қосып, киноны көрсетсек, олар сол туындыдан тәлім-тәрбие алса деген ниет болды. Екіншіден, тарихи тұлға туралы қазақ киносына қолдау білдірсек деген ой туды. Сол себепті ұжымдағы әріптестердің қолдауымен жолшы мамандығын оқып жүрген студенттерге кино сеанс ұйымдастырдық”, – дейді Мәулен Тоқтарбайұлы.
Қазақ Автомобиль жол институты мен колледжінде білім алып жүрген 40 студент “Қажымұқан” киносын көріп, ерекше әсер алыпты. Тіпті, алғашында қатардағы фильмдердің бірі шығар деп келген екен. Кинотуынды аяқталған соң, кеуделерін мақтаныш сезімі кернеп шығыпты.
“Қажымұқан қазақтың қазақ екенін көрсеткен, қазақ үшін жанын берген. Қажымұқан атамызға ризамыз. Тамаша кино екен, керемет әсерде тұрмын. Осы “Қажымұқан” фильміне әкеліп көрсеткен “Жолсапа” ұжымына алғысымыз шексіз”, – дейді Автомобиль жол колледжінің 2 курс студенті Әліби Жақсылықұлы.
Мұндай тарихи тұлғалар туралы тағылымды фильмдер жастарға оң әсер беріп, олардың бойындағы отаншыл сезімді оятуға ықпал етері сөзсіз. Сондықтан осындай игі шаралар болашақта да жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.