Димаш америкалық жанкүйерлері мен қазақ диаспорасының басын қосты

Qaz365.kz редакциясы

Әншінің жанкүйерлері алдағы концертін асыға күтіп жүр

Фото: dimashnews.com

Димаштың жанкүйерлері Нью-Йорктегі Қазақстан Республикасы күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz порталы Dimashnews арнасына сілтеме жасап.

Манхэттеннің қақ ортасында Қазақстан Республикасы күніне орай Қазақстанның туын көкке көтеру салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерімен қоса басқа да қоғамдастық өкілдері шақырылған.

Қонақтар арасында Нью-Йорк қалалық әкімдігінің өкілдері, халықаралық дипломаттар мен қазақ диаспорасы және Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі де қатысқан. Іс-шараның ерекше қонағы – Қазақстанның Нью-Йорктегі бас консулы Рауан Тілеулин болды. Ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени және достық байланыстардың маңыздылығын атап өтіп, Нью-Йоркте Димаштың концертін өткізуге қызығушылық білдірген.

Қонақтарды қатысушылар дәстүрлі қазақ киімдерімен қарсы алса, Нью-Йорктегі Димаштың жанкүйері Норико Брунель ерекше ықыласпен дайындаған қазақ туының үлгісімен безендірілген бәліштерін ұсынды. Іс-шара барысында Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы нығайып келе жатқан қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтеді.

Сонымен қатар іс-шараға америкалық Dears қатысты. Димаштың жанкүйерлерінің бірі Таня Янг қазақстандық телеарнаға берген сұхбатында өнер иесінің шығармашылығымен алғаш танысқан 2018 жылдан бастап Қазақстанда үш рет болып, қазақтың бай мәдениеті, дәстүрлері мен қонақжайлылығына тамсанғанын айтады. 

«Қазақстанға жасаған әрбір сапарым жүрегімде ерекше орын алады», – дейді Таня Янг.

Димаштың тағы бір жанкүйері Лори Грабовски жақында Астанаға сапары: STRANGER әлемдік туры аясында әншінің концертіне алғаш рет қатысқаны жайлы айтып берді. Енді ол келесі айдағы Прага мен Дюссельдорфта өтетін әншінің алдағы кешін асыға күтіп жүр. Нью-Йорктегі салтанатты жиында басқа жанкүйерлермен бірге ол да Dears-тің елдер арасындағы мәдени тәжірибе алмасудың өкілі ретінде құрметті қонақ болды.