Сынып жетекші болған мұғалімдерге қанша ақша төленетіні айтылды

Qaz365.kz редакциясы

Бұл мәселені ведомство Қаржы министрлігіне енгізген

Фото: ашық дереккөзден

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп мұғалімдеріне сынып жетекшілігі үшін берілетін ақыға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

"Педагог мәртебесі туралы" заң қабылдағанға дейін сынып жетекшілеріне ақы төленбейтін. Сондықтан қабылданған заң шеңберінде сынып жетекшілік үшін қосымша ақы төлеу қолға алына бастады. Оның бүгіндегі шекті саны 10 мың теңгенің маңайында. Бұл  – балалармен қосымша жұмыс, сабақ емес. Халықаралық тәжірибені зерттей келе бұл мәселені тиісті деңгейде көтеруді ойластырып отырмыз. Мысалы, басқа мемлекеттерде бұндай ақы 20-30 мың теңге көлемінде екен. Сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақыны да осы деңгейге жеткізу бағытында бірнеше зерттеулер мен есептеулер жүргіздік",  – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мәжіліс кулуарында.

Министрдің айтуынша, осы мәселені ведомство Қаржы министрлігіне енгізген. 

"Қазір бұл бағытта үлкен пысықтаулар жүріп жатыр. Толыққанды қабылданған  кезде келесі жылдан бастап осы мәселе қолға алынады. Біз тек қана сынып жетекшілеріне қосымша төленетін ақыны көтерумен ғана емес, олардың жұмысының сапасын бірдей көтерілуіне де тиісті шараларды қабылдадық. Болашақта біз біргелкі көтеріледі деп ойлап қалмауымыз керек. Сапалы жұмыс істеп жатқан сынып жетекшілеріне бірінші кезекте қаржыны көтеруді қолға аламыз",  – деді Бейсембаев.

Ол әрі қарай қалған сынып жетекшілерін дайындықтан өткізу, біліктілігін көтеру мәселесі қолға алынатынын жеткізді.

"Бұған дейін маған өңірлерден сынып жетекші болуға ниетті мұғалімдердің де саны шамалы екені туралы ақпараттар келіп жетті",  – деді министр.