Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады

Qaz365.kz редакциясы

ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 

Фото: Qaz365.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық мерейтойына орай БАҚ өкілдеріне оқу ордасының жетістіктерін таныстырды. Тарихы өткен ғасырдан басталатын іргелі оқу орны заман талабына сай тың технологияларды да ілгерілетуге күш салған. Университет уақыт өткен сайын ғылымның өзектілігі арта түсетінін түсініп, ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысына серпін қосып келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Farabi Hub: отандық дрондар

Астана Hub немесе Алматыдағы технопарк секілді оқу ордасында жаңадан бой көтерген «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бар. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын хабта креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобалар жүзеге асырылады. Ғимарат заманауи үлгіде жасақталып, ерекше дизайнмен безендірілген. Мұнда әлемге белгілі ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан.

Университеттің эксперименттік және теориялық физика ғылыми зерттеу институтының директоры Бақыт Қаниевтің айтуынша, оқу ордасы мен Қытайдың Binlin технологиялық компаниясы бірлесіп, пилотсыз ұшу аппараттарын, яғни дрондарды жасау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дронның мақсаты бірнеше бағдарға бағытталған. Ақпараттық технологиялар, ғарыш технологиялары, энергетика саласында көп жылдық тәжірибесі бар Қытайдың компаниясы ҚазҰУ-ға жоғары сапалы технологияларын алып келеді. Ал университет өз кезегінде білікті жас мамандарын дайындауға барын салады. Қазақстанда өндірілгеннен кейін бұл дрондардың бағасы арзан болады.  

«Біздің елдің қауіпсіздік мәселесі өзекті. Дрондардың ақпараттық бөлігін бағдарламалық жабдығын өз елімізде жасаған кезде ғана біз сырттан келетін бағдарламалық шабуылдардың бетін қайтара аламыз. Азаматтық қолданыстағы дрондар да бар. Оның өзінің ішкі бағдарламасы болады. Осы бағдарламалық жабдығына байланысты бұл дрондарды көптеген мақсатта қолдануға болады. Әуесқой видеотүсірілімдерге, өндірістік мақсатта, ауыл шаруашылығында қолдануға ыңғайлы. Сонымен қатар төтенше жағдайлар болған кезде құтқару операцияларында электр кабельдерінің дефектілерін анықтау мақсатында қолдануға болады. Кез келген адам өміріне қауіпті болатын қолжетімділігі қиын жерлерге, мәселен, тауға барып іздеу операцияларында дрондарды пайдалана алады», - дейді ол.

Ғылыми зерттеу орталықтар

Журналистер назарына сонымен қатар Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, Сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы мен Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары таныстырылды. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың ZTE, BASF, Binlin корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жұмыс нәтижелері көрсетілді.

Қазіргі таңда ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп, ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, аталған салада білікті мамандарды даярлауға, ортақ нано және микроспутниктерді әзірлеуге жол ашады. Яғни Жерді зерттеу жұмыстарын қашықтан жүргізуге мол мүмкіндік береді.

Жеңіп алған гранттар

Оқу ордасының ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінен 4 млрд теңгенің мегагрантын жеңіп алған. Батыс Қазақстан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге бағытталған жоба үш жыл ішінде жүзеге асырылады. Осы уақыт аралығында мамандар аймақтың тұрақты экологиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуы, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау және басқару мәселелерінде шешім жолдарын табады. Жоба аясында ҚазҰУ ғалымдары ағымдағы жылы батыс өңіріне барып,  су тасқыны жағдайына байланысты арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.

Сондай-ақ биыл университет зерттеушілері 3 млрд теңгенің мегагрантына қол жеткізген. Яғни ҚазҰУ мамандары қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған LLM тілдік моделін әзірлейді. Мақсат – қоғамның түрлі салаларына қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді әзірлеу және енгізу, бұл технологиялық прогреске ықпал етеді және мемлекеттік тілдегі онлайн қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді. Жоба аясында ғалымдар ҚазҰУ базасында өнімділігі жоғары ғылыми-зерттеу дата-орталығын ашуды жоспарлап отыр. Жаңа нысан бүкіл елдің зерттеушілеріне озық жасанды интеллект технологияларын әзірлеу және енгізу үшін қажетті ресурстарды ұсынбақ.

10 инновациялық зертхана

Баспасөз туры 10 инновациялық зертханадан тұратын география және табиғатты пайдалану факультетіндегі «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығын таныстырумен жалғасты. Тұрақты даму мақсаттары бағыттарын жүзеге асыратын ғылыми орталықта ғалымдар су ресурстарының сапасын талдау, топырақ құрамын зерттеу, климат өзгерісін бақылау, экологиялық қауіптің алдын алу, отандық туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүргізеді. Мәселен, орталық мамандары су тасқынының алдын алу, салдарын анықтау және жер сілкінісіне мониторинг жасау бойынша жұмыстар атқаруда. БАҚ өкілдері сонымен қатар, Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге  мониторинг жасайтын «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай зертханасына да барды. 

Доцент Әділет Ерғалидің айтуынша, заң факультетінде қылмыстық құқық, іс жүргізу және криминалистика кафедрасы бар. Осы кафедра білім беру бағдарламасының ішінде 2010 жылы пайда болған. Республикада жоғары оқу орындары арасында сараптама мамандығын оқытуға байланысты лицензия алған. Содан 2016-2017 жылдан бастап орталық құрылып, осы орталықтың практика мен теориясын біріктіріп, жаңа мамандарды, тәжірибеде істейтін сарапшы мамандарды даярлай бастаған.

«Мамандардың біліктілігін жетілдіруге байланысты осы магистратура деңгейінде білім алатындай білім беретін мүмкіндігіміз бар. Қазіргі таңда 150-ден астам магистрант сот сараптама мамандығы бойынша білім алды. Әлі де жұмыс істеп жатыр. Сот-сараптама деген жалпы ұғым болса, арнайы жеке бағыттары бар. Сол бағыттар бойынша медицинамен ұштасатын жағдайлар болса, олар негізгі білімдері бакалаврды арнайы медицина мамандығын оқытатын білім ордаларында оқиды. Ары қарай білімін жетілдірем десе, ол сот медицина-психологиялық, сот лингвистикалық деген сияқты сараптаманың әртүріне байланысты оқыта аламыз», - дейді ол.

Бұдан былай студенттердің өзі сот сараптамаларын жүргізу мүмкіндігіне ие. Себебі, 2016 жылы құрылған сот сараптамалары орталығы соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтылған. 

Бірден-бір орталық

Қазақстан мен Қытай бірлесіп ашқан зертхана Орталық Азия бойынша жұмыс істейтін, табиғат ресурстарына мониторинг жүргізетін жалғыз орталық та осы оқу ордасында. Сондықтан аталған ғылыми зертхана болашақта ғылыми зерттеулердің орны ғана емес, Орталық Азиядағы қоршаған ортаны тұрақты дамытудың басты хабына айналмақ. Сонымен қатар БАҚ өкілдері суперкомпьютер орталығының қызметімен де танысты.

2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі нәтижесінде Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы келісімге қол қойылған болатын. Ал 2024 жылы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында екі мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең жоғары суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнату келісілді. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арттыру,  сондай-ақ мемлекет басшыларының ғылым мен жоғары білім беруді дамыту бағытындағы ауқымды бастамасы болған. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және отандық IT саласын дамытуға септігін тигізеді.

«Біз сонымен бірге ZTE компаниясымен бірге инновациялық орталық аштық. Яғни, ол орталықта келесі бағыттар бойынша оқыту және сертификаттандыру жүргізіледі. Бірінші бағыты - ZTE менеджменті және сарапшысы. Екінші бағыты – RAN шешім қабылдау негіздері. Үшінші – маркетинг және өнеркәсіпке жалпы кіріспе. Төртіншісі – технологиялық үрдістер. Бесінші – Data com индустрияның трендтері, Data орталығының өнімдік-салалық тенденциялары және тағы да басқа маркетингтік анализ сияқты бағыттар бойынша ZTE компаниясы Қазақ ұлттық университет студенттерін оқытады. ZTE компаниясы Қытайдағы HUAWEI компаниясынан кейінгі екінші компания болып саналады. Суденттерді бес бағыт бойынша даярлайды. Оларға халықаралық сертификат беріледі. Сол сертификаттың күшімен үлкен компанияларға жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар», - дейді Коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының директоры Алмас Төлегенұлы.