АҚШ пен Қазақстандағы спорт медицинасының жай-күйі жер мен көктей
Спорт медицинасының маманы Жасұлан Темірбаевтың тіл мәселесіне байланысты «Болашақ» бағдарламасына іліне алмай қалғанын көптеген БАҚ жарыса жазды. Грант сынына түскен түлекті бағдарламаның тәуелсіз комиссия мүшелерінің бірінің «орыс тілін акцентпен сөйлейді екенсіз, Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деген сөзі көпшілікті ашуландырған. Жасұлан тіл мәселесімен қатар, комиссия мүшелерінің спорт медицинасынан хабары аздығына налиды. Qaz365.kz тілшісі маманның өзімен сөйлесіп, бірнеше сұрақ қойды.
Жасұлан Темірбаев Тараз қаласының тумасы. 1991 жылы туған. Мектепті сол қалада бітіріп, Алматыға көшкен. Оңтүстік астанадағы Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінде жалпы медицинаны оқып, кейін Астанада екі жыл интернатурада оқыған. Алматыға қайтадан келіп, дипломнан кейін резидентураны спорт мамандығы бойынша аяқтаған. Тоғыз жылдық білімін 2018 жылы аяқтаған. Сол жылы бірден Ұлттық Олимпиада комитетіне қарасты Қазақстанның ұлттық құрамасына бірден шақырту алған. Грек-рим күресінің балуандарымен үш жылдай жұмыс істеген. Балуандардың денсаулығынан бастап, турнирлерден кейін қалпына келуге дейінгі міндетті атқарған. Соңғы екі жылдан бері Алматыдағы №1 спорт мектебінде еңбек етеді.
– Өз жазбаңызда спорт медицинасын таңдап отырғаныңызды жаздыңыз. «Болашақ» бағдарламасымен не себепті оқығыңыз келеді?
– Спорт медицинасына ең алғаш қызығушылығым 2017 жылы басталды. Оның ішінде шетелде оқу өте қызықты болды. Өйткені, шыны керек, біздің университеттер әлі сол бұрыннан қалыптасқан әдіспен, совет одағынан қалған жүйемен оқытады. Астанада болған кезде «Болашақ» қорының кеңсесіне барып, спорт медицинасы бағытында оқытатын грант бар ма деп сұрадым. Ол кезде келешекте «ол ашылады, күтіңіз» деді. Мен ғылыми тағылымдама бойынша оқығым келді. Бірақ өкінішке қарай, содан бері жоқ. Сол жылдан бері «спорт медицинасын дамыту керек, мамандарды оқыту» деп айтып келе жатыр. Мәселені жаттықтырушылар да талай көтерді. Олар да бізде спорт медицинасының маманы жоқтығын жақсы біледі. Ең алғашқы резидентураны бітірген, арнайы мамандандырылған ең бірінші маманның бірі менмін деп айта алам. Қалғаны бәрі жалпы дәрігерлер, бірақ бір-екі айлық курсты оқып, спорт медицинасының маманы болып кеткендер. Сол салада 2018 жылдан бері жүрмін. Сол кезден бері саланы дамыту керек деп айтылып жүр. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасымен түсуді ойлағанмын.
– Спорт медицинасының мамандары сонда бізде жоқ па? Спорт түрі көп қой...
– Қазір ұлттық құраманың әрбір командасында дәрігерлер бар. Бірақ жетпейді. Спорт дәрігері жеткіліксіз. Мен резидентураны бітірген маман ретінде айтып отырмын. Өз әріптестерім, оның ішінде спорт дәрігерлерінің жұмысын жақсы деп айта алам. Дзюдода да, күресте де. Бір адамдар. Олар тәжірибелі сөз жоқ. Алайда әрқашан өсуіміз керек. Өйткені, медицина да бір орында тұрған жоқ. Спорт та солай. Қазіргі спортшы мен 15 жыл бұрынғы спортшының ағзасы бөлек. Ағза да, медицина да дамып жатыр. Сондықтан оларды қатар алып жүру керек. Дәрігер – өмір бойы оқитын мамандық.
– Спортшылардың бұрынғысының және бүгінгісінің ағзасы сонда қалай ерекшеленеді?
– Қарапайым мысал: елуінші және алпысыншы жылдары спорт гимнасттары жасап жатқан элементтерді қараңыз. Ол кезде қарапайым, бір айналады да қояды. Өз спорттық көрсеткішін бітіреді. Ал қазіргі спорт гимнастикасының элементтері өте ауыр, күрделі. Тура сол сияқты. Өйткені, қазіргі спортқа ағза да бейімделіп жатыр. Қызметтер қосыла бастады. Қазіргі спортшының ағзасы бұрынғымен салыстыруға келмейді. Күресте де солай. Салмақ қуу бар. 20 жыл бұрын салмақ қуудың әдісі басқаша болса, қазір басқаша. Басқаша препараттар қолданылады. Ағзаның да ол препараттарға жауабы басқаша.
– Желіде сізді орыс тілін дұрыс білмегені үшін «Болашақ» бағдарламасында грантқа өткізбеді деген ақпараттар шығып жатыр. Сұхбат та бердіңіз. Сол сөзді естігенде қалай қабылдадыңыз?
– Қазір екеуміз қалай сөйлесіп отырсақ, тура солай айтты. Сұхбат болып жатқан. Орыс тілінде сөйлесіп отырдық. Сөзімді бөліп, «у вас даже русский с акцентом, вы будете позорить Казахстан» деді. Өмірімде маған бірінші рет сондай сөз айтылды. Біз әлеуметтік адамбыз ғой. Қаншама спортшылармен, басшылармен жұмыс істейміз. Талай конференцияларда болдық. Өйтіп ешкім айтпаған. Кішігірім таңғалып қалдым. Бірден ұялмай, тоқтап қалмай, «кешіріңіз, бұл менің ана тілім болмағандықтан, акценттер естілетін шығар» дедім.
– Сұрақ қойған адамның ұлты қазақ па? Аты-жөнін білмейсіз бе?
– Ұлты - түрі қазақ. Зум арқылы сөйлесіп отырдық. Бір қызығы, аты-жөні айтылмайды. Өйткені, олар менің атымды білмейді және мен олардың аты-жөнін білмеймін. Ол тәуелсіз анонимді құрылған сұхбат.
– Тіпті қай саланың өкілі екенін білмейсіз бе?
– Ол да айтылмайды. Мен бірақ өзімнің іздеген ақпаратым бойынша, комиссия мүшелері жалпы белгілі бір мамандық иесі емес, географ та, математик те, қарапайым адам да болуы мүмкін. Тәуелсіз, жан-жақты құрылған.
– Бізде қай сала болмасын, әдебиеттер, кітаптар орыс тілінде. Ағылшын тілінде шыққан кітаптар орыс тіліне жылдам аударылады. Университеттерге тез тарайды. Сіз университетте оқығанда кітаптар орысша болған шығар?
– Біз тек орысша оқыдық. Біздің кезде солай болды. Өзімді тіл жанашарымын деп есептеймін. Қазақ пен қазақ қазақша сөйлесу керек деп ойлаймын. Ал халықаралық қатынас тілі ретінде мен орыс тілінде білім де алдым, 20 шақты елге барғанда да орыс және ағылшын тілін қолданып жүрдім. Орыс тілін жек көрмеймін, қолданам. Бірақ өзге тілдің бәрін білсең де, өз тіліңді бірінші өз ортаңда қолдағанды жақсырақ көрем. Айтарым, мен орыс тілін бір кісідей білем. Ғылыми тілде де айтып бере аламын. Бірақ «акцентпен сөйлейсіз» дегені маған тиіп кетті. Қазақ болып немесе Қазақстанда тұрып акцентсіз сөйлеу маңыздырақ па? Бәрі соған таңғалып жатыр.
– Сіз оқу үшін қай елді таңдап едіңіз?
– Мүмкін, комиссия мүшесі маған тиіскісі келген шығар. Өйткені, оқу жоспарымда «оқу тілі орысша және ағылшынша» деп тұрды. Бәлкім, соған бағыттаған сұрағы шығар. Бірақ мен таңдаған оқу орны - Virginia Commonwealth University болатын. Вашингтон қаласының маңында орналасқан өте үлкен университет. Қазақстандағы спорт медицинасы мен ол жақтағы медицинаны салыстырып көрсету үшін мынаны атап өтсек болады: мен осында бітірген спорт медицинасының кафедрасының құрамында бес-алты адам ғана бар шығар. Бір профессор, бір-екі мұғалім, бір-екі маман. Бізде ешқандай база жоқ. Ал оларда Virginia Commonwealth University-де кәдімгі үлкен институт бар. Үлкен спорт мамандары жұмыс істейді. Ол жерде спорт медицинасы мамандығының 100-ден аса профессоры бар екен. Сол университетте кәсіби түрде емделетін бейсбол және баскетбол командасы бар. Яғни, кәсіби спортшылармен ол жерде тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бір университеттің өзі солай жұмыс істейді. Мен осы әңгімені комиссия мүшелеріне айттым. Соның арқасында олар әр Олимпиададан алтын медальді көп алып, жалпы көрсеткіш бойынша медальді де қарпып алатынын мысал еттім. Сол кезде біреуі сөзімді бөліп, «енді олардың халық саны көп қой, сондықтан олар көп медаль алады ғой» деді. Ол да әдейі қойылған сұрақ шығар. Мүмкін, олардың халық саны көп, бірақ ол басты фактор емес. Қазір спорт медицинасынсыз ешқандай жетістікке жету өте қиын. Біздің бапкерлер сол мамандарға мұқтаж.
– Спорт медицинасы спортта жетістікке жету үшін қаншалықты маңызды?
– Майкл Фелпс деген АҚШ жүзушісі 26 рет Олимпиада чемпионы атанып, өз елін әлемге паш етті. Ол спортшының өзіне менің деректерім бойынша тура сондай университет жұмыс істейді. Бір спортшы үшін 100 маман еңбек етеді. Бұл нағыз көрсеткіш! Орталық Азия елдері мен Американың айырмашылығын осыдан көре беріңіз. Спорт медицинасына олар өте көп көңіл бөледі. Тамағына, жаттығуына бәріне қарайды, тікелей нұсқау береді, анализ жасайды, денсаулығын қалпына келтіреді. Тек Фелпс емес, Олимпиадаға енетін спортшылардың бәріне солай қарайды.
– АҚШ-та білім алу үшін сізге орыс тілі қажет емес қой. Әлде комиссия мүшелері қандай елді таңдап отырғаныңызды білмеді ме?
– Олардың қолында менің шақырту қағазым болады. Күшті безендірілген, университеттің бүкіл тарихы жазылған, Virginia Commonwealth University кафедраларының құрамы көрсетілген бағдарламасын бердік. Комиссия мүшелерінің оны қарауға толық мүмкіндігі бар.
– Сұхбат барысында ағылшын тілінде дұрыс сөйлей алмайтын адамдар да «Болашақ» грантына ие болып жатады. Ал сізде ағылшын тілі деңгейі қандай?
– Орташа деңгей. Сұхбатты жүргізе алатынымды айттым. «Болашақтың» тәуелсіз комиссиясының құрамында оқып келген студенттер болса, олар түсінетін еді. Кез келген адам, тіпті ағылшын тілін білмейтін адам Америкаға барғанда бір-екі айдың ішінде тырысса тілді меңгеріп кетеді. Менің ағылшын тілін білу деңгейім орташаның арғы-бергі жағы. Ағылшын ортаға барған кезде менің деңгейім сөзсіз көтерілетін еді деп ойлаймын. Соны түсінуі керек еді.
– Біздің спортшылардың, Олимпиада нәтижесін де білесіз. Біздің спортшылардың жоғары жетістікке жетпеуінің бір себебі – спорт медицинасына назар аудармауы деп айта аласыз ба?
– Олай мен де айта аламын. Кез келген кәсіби спортшылар да, бапкерлері де айта алады. Бірден келісіп айта аламыз. Қазір спортшылардың заманы да ауысып жатыр. Олар да ақпараттық әлемде өмір сүреді. Ең бірінші, мен жұмысқа кірген кезде үлкен жастағы, отыздан асып кеткен спортшылар, балуандар «осылай өмір бақи жүрміз ғой, жүре берейік» деп ештеңені өзгерткісі келмейді. Бұл да білім. Спортшыларға тренинг жүргізген кезде олар қатты қызықпайтын. Ал сол кездегі жастар «иә, үйренейік» деп тырысатын. Қазір заман ауысты. Олар да көреді. Жетістікке жету үшін тек жаттығу жасамау керек екен. Оған да медициналық, психологиялық жүйе құру керектігін қазір түсініп жатыр. Бірақ ол да бастапқы даму процесінде тұр. Комиссия мүшелеріне осының бәрін айттым. «Сол жүйені Қазақстанда құрастырайық» десем, олар маған «қалай сонда, жоқ жүйені құрастырғыңыз келеді, өзгертілмейді ғой» дейді. Маған провакациялық сұрақтар көп қойылатыны алдын-ала айтылды. Әр сөзге тиісті. Спорт медицинасында бізде расында да, ешқандай жүйе жоқ. Шашыраңқы, жекеменшікке кетіп қалған.
– Бекітілген спортшылардың ас мәзірі де жоқ па?
– ҰОК-да жұмыс істеп жүрген кезде бізде диетолог мамандар болған. Олар бекіткен. Біз мысалы оқу-жаттығу жиынына барған кезде мен бірінші кіріп, аспазбен, меңгерушімен келісіп, бір апталық мәзірді жасап беретінмін. Кейін бұл міндет менің мойнымнан түсіп, диетолог мамандарға жүктелді. Жалпы ол жүйе бар. Мемлекет деңгейінде бекіткен ондай жүйе жоқ. Әр ғалымның өзі бекітеді. Бізге сондай үлкен институттар керек. Болашақта құрылатын шығар. Соған келе жатырмыз.
– Бізде сағы сынғандардың көбі шетелге кетем деп айтып жатады. «Жастар шетелге кету керек» деген пікірлер де бар. Сіздің сағыңыз сынған жоқ па? Шетелге кетем деген ой болды ма?
– Ондай ой болады ғой. Бірақ дәрігерлер сынға шыныққан адамбыз. Біз спортшылармен бірге қаншама жеңісті де, жеңілісті де көрдік. Қаншама сөз естідік. Тіл мәселесін басталды мұнда. Сонымен бірге қажет деңгейде спорт медицинасына көңіл бөлмейтініне назар аудардым. Бір ғана статистика: Қазақстан Президентінің «спорт медицинасын дамытуымыз керек» деген жарлығы бар. Тоқаевтың өзі айтқан. Соны тіпті комиссия мүшелері де білмейді. «Болашақ» бағдарламасы басталғалы бір рет те спорт медицинасы мамандығына студенттерді жібермеген екен. Ол өте қызық факт! Менің сағым сынған жоқ. Ішкі мотивациям бар.
– Стористеріңізді қарасақ, коуч секілдісіз. Адамдарды тауға алып шығады екенсіз. Бұл сіздің қосымша табысыңыз ба?
– Бұл менің өмірлік ұстанымым десем болады. Дұрыс өмір сүру дұрыс жетістікке жеткізеді. Спортшылардың өмірін іштей білем. Өзім де спортшымын. Өз-өзімді зерттей келе, бір дәріні ішсем де, өзімді сынап зерттеймін. Содан кейін спортшыларға өзімді үлгі етіп көрсете алам. Әр нәрседен жақсылық іздеймін. Комиссия мүшелерінен де. Бәлкім, комиссия мүшелері мені солай сынағысы келген шығар.
– 10 жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?
– Бәлкім, мықты маман боламын. Бәлкім, кочу болып жүремін. Бірақ бастысы халыққа пайдасы тиетін маман болуды мақсат тұтам. Менен қазір балуан Алмат Кебіспаев, Тараздағы жаттықтырушылар кеңес алып тұрады. Жақында күрестен Қазақстан чемпионаты болады. Сол кезде балуандар тізімді сұрап, барлық кеңесін менен алды. Спортшылар, футболшылар үнемі хабарласып тұрады. Мен үлкен спорттан кеткелі екі жыл болды. Енді «Болашақтың» арқасында жақсы біліммен қайтып барғым келген. Бірақ уақытша қазір ол болмай тұр. Соған қарамастан министр деңгейіндегі адамдар спорт медицинасының қажеттігін сезіне түссе екен деймін. Қарапайым халық та бұл саланы білмейді. Көшеде біреумен танысып жатсаң, «спорт дәрігерімін» десең «ондай бар ма» деп сұрайды. Бізде жоқ қой енді. Комиссия мүшелерінің түрінен де мен сондайды көрдім.
– Мақсатыңыз айқын екен. Әркім елге қызмет еткісі келеді. Сондықтан, сізге сәттілік тілеймін!
– Рахмет! Спорт медицинасы жайлы жұрт көбірек білсе екен.