Министр журналистердің сұрақтарына жауап берді
Әлеуметтік желіде Жасұлан Темірбаев есімді маманның «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеу кезінде оған комиссия мүшесінің «сіз орыс тілінде акцентпен сөйлегеніңіз үшін Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деген сөзі көпшіліктің ашуын туғызып, қызу талқыға түскен еді. Осы жайлы бүгін Үкімет отырысының баспасөз конференциясында журналистер Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сұрақ қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Темірбаевтың шағымын жоққа шығарып отырсыз ғой. Ондай шағым болмаған деп. «Болашақ» бағдарламасында комиссия мүшелері кәсіби біліктілігіне қарай қалай таңдалады? Кімдер отырады ол жерде? Кім оларды таңдайды?» деп сұрады тілші Саясат Нұрбектен.
«Жаңа ғана Темірбаев видео жариялады. Парақшасына кіріп көріңіздер. Біз оны бірден Халықаралық бағдарламалар орталығына шақырдық. Видеоны көріңіз, шағымдарыңыз болса, сөйлесіңіз дедік. Негізі осындай азаматтарға ескерткім келеді. Бұл арандатушылық. Осы талапкерге бір ғана сұрағым бар. «Болашақ» бағдарламасы тағайындалған жағдайда осындай шағым жариялаушы ма еді? Неге десеңіз, бұл азамат конкурстық процедурадан өткен жоқ. Қазір Халықаралық бағдарламалар орталығына шақырып, видеоны көрсетіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Егер келіспеген жағдайда оның бір ғана жолы – сотта көрісу. Біздің бүкіл дәлелдеріміз бар. Видеорегистрация толықтай бар», – деді министр.
Сондай-ақ ол қазір «Болашақ» бағдарламасына сұрыптау, реттеу ережелері қабылданып жатқанын, керекті өзгертулер енгізілгенін және комиссия мүшелерін министрлік таңдамайтынын айтты.
«Бізге ең мықты, ең білікті мамандарды жіберіңіздер деп әр мемлекеткеттік органға, ғылыми ұйымдарға хат жібереміз. Сондықтан біздің өзіміз таңдаған мамандар емес, мемлекеттік органдардың, ғылыми зерттеу институттар, техникалық ұйымдардың ең білікті мамандарын алып отырмыз», – деді Саясат нұрбек.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Болашақ» бағдарламасын тіл мәселесіне байланысты өткір сынаған спорт медицинасының маманы Жасұлан Темірбаев Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы өзін кездесуге шақырғанын мәлім еткен еді.