Мемлекеттік мектептен оқушылар кетіп жатыр, ал жекеменшік мектептер банкрот алдында тұр

Qaz365.kz редакциясы

Жеке мектептерге мемлекеттен бөлінетін қаржы кешіктіріліп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Қазіргі таңда Қазақстанда 800-ден аса жеке меншік мектеп бар. Оның біразы мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істейді. Олардың арқасында үш ауысымды мектептер саны азайған. Алайда соңғы бір жылда бұл жеке меншік мектептердің қаржы жағдайы нашарлағаны соншалық, кейбірі тіпті банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Бұл туралы «Qazbilim ұлттық лицейі» жеке мектептер желісінің иесі Аятжан Ахметжан Qaz365.kz тілшісіне айтып берді.

Жеке меншік мектептің директоры Аятжан Ахметжан өзінің әлеуметтік парақшасында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембавқа үндеу тастады. Ол бүкіл жеке меншік мектептердің банкроттықтың алдында тұрғанын айтып, жазба жариялады.

«Министр мырза, Ғани Бейсембаев уәде қайда? Уәделі қаңтарыңыз аяқталды! Желтоқсанды әлі жаба алмай отырсыздар. Әлде бүкіл жеке меншік мектептердің банкрот болуын күтіп отырсыздар ма? ...Соңғы екі айда елімізде жиырмаға жуық жекеменшік мектеп жабылды. Бұлай бола берсе, алдағы жыл үшауысымды мектептер саны тағы өседі. Бұл білім саласына соққы!»,  – деді ол.

«20 шақты жеке мектеп жабылған» 

Аятжан Ахметжан Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Қаржы орталығының жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауын айтады. Оның сөзінше, әр айдың соңында берілетін соманы келесі айдың соңында жіберуді әдетке айналдырған. Себебін сұраса, Қаржы орталығы «қаржы жоқ, күтіп отырмыз» деп жауап береді.

«Желтоқсан айына берілу керек қаржы берілмеді. 2023 жылдың желтоқсан айынан  біраз төлемдер қалған, сол бойы берілген жоқ. Ал 2024 жылы желтоқсан айы негізінен толық берілмеді. Бұл – жеке меншік мектептер үшін өте үлкен соққы. Жеке меншік мектептерде кәсіпкер ретінде бизнес-жоспар болады. Келісімшарт болғаннан кейін мемлекеттің төлемін алуы керек. Ата-ана төлемі коммуналдық қызметке, ал мемлекеттің төлемі жалақыға төленеді деген сияқты. Кейбір өңірлерде қаншама мектеп  мұғалімдердің жалақысын бере алмай, олар жұмысқа шықпай жабылып жатыр. Мен осыны жаздым. Естуімше, 20 шақты жеке меншік мектеп жабылған. Ал қазір біраз мектептердің өзі «шықпа жаным» болып отыр. Өзім әртүрлі қарыз алып жауып отырмын. Оның өсімі бар, бірақ оған ешкім жауап бермейді», - дейді білім ордасының иесі. 

Аятжан Ахметжанның сөзінше, осылай қаржының кешігуі 2023 жылдың қараша айынан басталған. Оған дейін мұндай болмапты. Тұрақты түрде әр айдың 23-27 аралығы беріліп отырған екен. 

«Бір жылдан асты. 10-15 күн кешігіп беріледі. Ал енді 1,5 ай кешіктіруді түсінбеймін. Министрдің өзі қаңтар айының басында берген сұхбатында «осы айда жабамыз, жабылады» деп айтқан», - дейді ол. 

Депутаттардың дабылы

Айта кетейік, осы жеке мектептердің дамуы алаңдаушылық тудырып отырғаны жайлы депутаттар қауымы да мәселе көтеріп, Қазыбек Иса мен Асхат Аймағамбетов жазба жариялаған. 

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, көптеген мектептер, әсіресе, ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтіндері банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. 

«Неліктен? Өйткені мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігулермен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес – бұл мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салықтар. Оның үстіне, көптеген мектептер 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады. Бұл мәселе жекеменшік мектептердің жұмыскерлерімен болған кездесуде ашық көтерілді, өйткені тұрақты қаржыландырусыз мектептердің қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес. Биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал. Жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, барлық әкімдіктер бұл өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлген жоқ. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Жақын арада бұл мәселе шешіліп, мектептердің үздіксіз қаржыландырылуы қамтамасыз етіледі деп үміттенемін»,  - дейді депутат.

Министрлік не дейді

Qaz365.kz тілшісі аталмыш мәселе жөнінде Оқу-ағарту министрлігінің жауапты өкіліне хабарласты. Баспасөз қызметі министрлік Қаржы министрлігінен ақша түскенін күтіп отырғандығын және  «Қаржы орталығы» АҚ-ның жауабын мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс контингенті 290 мың адамнан асатын 744 жекеменшік мектепте орналастырылуда. Жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру көзі республикалық және жергілікті бюджет болып табылады.
Бұл өзгеріс қолданыстағы заңнамаға сәйкес орта білім беруді қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың тікелей құзыретіне кіретіндігіне байланысты жүзеге асырылды. Сонымен қатар, қаржыландырудың қосымша көзі мемлекеттік тапсырысты жекеменшік мектептерде жеткіліксіз қаржыландыру тәуекелін теңестіруге мүмкіндік береді, өйткені балалардың мемлекеттік мектептерден жекеменшікке белсенді көшуі байқалады. Тиісінше, қаражат ағындарын жүзеге асыру қажет. Бұл қаржыландыруды жергілікті деңгейге ауыстырған кезде мүмкін болады. 2023-2024 жылдардағы жекеменшік мектептер алдындағы берешек мәселесі Министрліктің ерекше бақылауында, қазіргі уақытта осы мәселені шешу бойынша ҚР Қаржы министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Барлық берешек ағымдағы жылы төленетін болады», -  делінген Қаржы орталығының хабарламасында.

Қаржы орталығының сөзінше, жергілікті атқарушы органдармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Қызметтерді көрсету туралы келісімдер жасалып, оның шеңберінде операторға қаражат беру тәртібі, тараптардың құқықтары мен міндеттемелері көзделген.

Нұрән Әділет