Балқашта әкімдік есеп беру үшін мұғалімдерді жинаған – желіде видеосы тарады

Qaz365.kz редакциясы

Бейнежазба желі қолданушылардың талқысына түсті

Скринфото: әлеуметтік желіден

Алматы облысындағы Балқаш ауданының әкімі ауыл тұрғындарымен есеп беру кездесуін қарапайым халықты емес, мұғалімдерді жинап өткізген. Бұл туралы сол ауданға қарасты ауыл тұрғыны желіге бейнежазба таратып, ол қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеоның авторы Кәмшат Асқанбаймен тілдестік. Ол көпбалалы әрі алтын алқалы ана екен. Оның айтуынша,  денсаулық жағдайы нашар, жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін дәрі-дәрмекті де ала алмай жүр. Ал жиынға мәселесін айту үшін барған ол онда сабақ уақытында отырған мұғалімдерді көріп, бейнежазбаға түсіріп алған.

«Былтыр Балқаш ауданының ауруханасында нан жоқ деп айтып қойған едім. Содан жаманатты болдым. Көпбалалы ана ретінде ешқандай ем ала алмадым. Биыл дәрі-дәрмек сұрап барғанымда тағы жоқ деді. Содан кеше әкімнің кездесуіне бардым. Аудан әкімі не дейтінін білгім келді. Ол жиналысқа қарапайым халық келген жоқ. Ұстаздарды жинап қойған. Сол сәттен бастап суретке түсірдім. Аудан көлемінде не істеп, не қойғандарын айтатын жиналыс болды. Отыз-қырық мұғалім жүрді. Сағат 11-де сабақ уақытында ақ көйлек, қара формаларымен отырды. Мен он шақты мұғалімді қуып шықтым. Бір мұғалім «басшылық ұрсады, аудан әкімі отырсын депті» деді маған», - дейді ол.  

Оның сөзінше, ауданда былық көп. Кейбір басшылар зейнетке шыққанымен, қайтадан жылы орындарына келіп алатын көрінеді.

«Бізде Балқаш ауданында сондай. Шапан жауып зейнетке шығарып жіберсек, бәрібір қайта келіп алады. Зейнетке шыққанына 3 жыл болса да әлі отыр. Халықтан маған хат көп келеді. Бізде былық көп. Мәселен, 3 жасар екі қыз бен 5 жасар қызды (бір үйдің балалары) өгей әкесі зорлап, сотталып кетті. Содан ол жайлы да не бір мәслихатын жүргізбеді. Бізге Балқаш ауданының былығын неге айтасыңдар деп ұрсады», - дейді көпбалалы ана. 

Аталмыш видеоны көрген оқырмандар барлық жерде мұғалімдер жүретінін жазып, түрлі пікір қалдырған.

«Бұл - баяғыдан келе жатқан жүйе. Ауыл тұрғындарының орнына аузын ашуға қорқатын мұғалімдер отырады. Бірен-саран ауыл ақсақалдарын шақырып қояды, олар әкімнің сөзін сөйлейтін өз адамдары болады», «Жиналысқа қарапайым халық келмейді, содан бюджет қызметкерлерін залды толтыру үшін жіберетіні белгілі ғой», «Байғұс мұғалімдерді қайда болса, сонда жібереді. Үндемей тыңдап, шығып кететін адамдар керек қой» - дейді желі қолданушылары.