«Спортзалда ұйықтайды»: депутат Алматыдағы оқушылардың мүшкіл халі жайлы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Депутат Үкімет қабылдауы тиіс бірнеше шараны атады

Фото: ашық дереккөзден

Алматының қақ ортасында орналасқан мектеп-интернаттың оқушылары спорт залда ұйықтап, сабақ оқитын сыныпта тамақ ішіп жүр. Осылай деген Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов оқу ошағының адам төзгісіз жағдайын айтып, Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Елдің болашағы тікелей білім саласының сапасына тәуелді. Оның негізі орта мектептерде қаланатыны анық. Осыған орай, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына тұрақты назар аударып, озық ойлы ұлт болудың маңызды шарты орта білімнің сапасын арттыруда екенін ұдайы айтады. Бұл ретте, Алматыда орналасқан, жарты ғасыр тарихы бар Ибрагим Нүсіпбаев атындағы №4 мектеп-интернаттың орны ерекше. Ол Алматы қаласындағы алғашқы қазақ мектебі деуге болады. Білім ошағы малшылардың дарынды ұл-қыздарының, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан және жетім балалардың үлкен қалада сапалы білім алуы үшін арнайы салынған болатын», — деді ол.

Білім ошағы Алматы қаласында орналасқанымен, Алматы облысына қарайды.

«Осынау байырғы мектеп қабырғасынан елімізге белгілі көптеген тұлғалар шыққан. Олардың қатарында белгілі жазушы Смағұл Елубай, әйгілі композитор Әсет Бейсеуов, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов сынды елге еңбегі сіңген, әр саланың майталманына айналған бірегей қайраткерлер бар. Өзім де осы мектептен білім алып, қалыптастым. Дегенмен, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматының қақ ортасында орналасқан бұл білім ордасының қазіргі жағдайы өте мүшкіл. Мектеп жиырма жылдан астам жөндеу көрмей әбден тозығы жеткен. Жалпы 350 оқушыға арналған мектепте бүгінде оқушы саны екі есеге қысқартылып, 176 бала білім алып жатыр. Алайда олар спортзалда ұйықтап, оқу сыныбында тамақ ішуге мәжбүр», — деді депутат.

Оның айтуынша, мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін үш жыл бұрын бюджеттен 503 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсын «ГрадСтройСервис» ЖШС ұтып алған. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары төрт айдың ішінде аяқталуы тиіс еді. Бірақ жауапсыз мердігер өз міндеттерін сол күйі орындамаған.

«Сонда осыған жауапты құзырлы мекемелер қайда қарап отырған деген заңды сауал туындайды?! ХХІ ғасырда, Алматы қаласының дәл ортасындағы мектепте оқушылардың осындай адамтөзгісіз жағдайға түсірілгенін қалай түсінуге болады?! Қазіргі уақытта осы білім ордасын Алматыдан Қонаев қаласына көшіру мәселесі көтеріліп жатыр екен. Бірақ бұл шешімге осы білім ошағының түлектері, мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналары алаңдап, көшіруге түбегейлі қарсы болып отыр. Ол өте орынды. Өйткені бұл шалғай ауылдардан келген қарапайым еңбек адамдарының балаларын үлкен қалада, зиялы қауымның ортасында білім алып, заман талабына сай тұлға болып қалыптасуына жол ашатын мүмкіндіктен айыру болмақ», — деді депутат.

Данияр Қасқарауов тарихы терең, өзіндік дәстүрі бар оқу ордасын жылы орнынан қозғамай, күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи оқу құралдарымен жабдықтап, жетілдіре түсу керек деп санайды.

«Бұл жерде халықты Алматының ортасында орналасқан мектептің жерін алып қоя ма деген күмән алаңдатып отыр. Себебі осыған дейін Алматы қаласындағы № 2 мектеп-интернаттың жері алынып, орнына зәулім тұрғын үйлер салынғанын бәріміз білеміз. Бұл оқу ордасы да соның күйін кешкелі отыр. Сондықтан бұған жол беруге болмайды деп есептейміз», — деді ол.

Депутат Үкімет қабылдауы тиіс бірнеше шараны атады:

«Біріншіден, мемлекеттің миллиондарын желге ұшырып, қаншама баланы сарсаңға түсірген, мектепті қирандыға айналдырған компания басшыларын, басқа да жауапты мекемелерді жан-жақты тексеріп, тиісті жауапқа тарту қажет.

Екіншіден, тез арада аталған мектепті толық күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа оқу жылына пайдалануға беру керек.

Үшіншіден, мектепті басқа жерге көшіру бойынша бастамаларға түбегейлі тыйым салу қажет», — деп сөзін түйіндеді ол.