Ол жер мектеп балансында болған
Шымкент қаласында №8 мектеп жанындағы саунаның жұмысы заңсыз болып, онда жезөкшелік қызмет көрсетілгені анықталған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, білім ордасының жанында орналасқан саунаның жұмысы заңсыз болып шыққан. Тіпті онда жезөкшелікпен айналысу туралы қылмыстық іс те қозғалған. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
«Ол жер ешкімнің жеке меншігіне өтпейді. Мектеп балансында болғанын ескере отырып, №8 мектептің балансына қайтарылады. Ондағы дуалдарды бұзып, басқаша жасап, көпқабатты үйді саунаға айналдырып жібергенін зерттеу, тексеру барысында білдік. Осыған байланысты әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 316-бабының талаптары бұзылғаны анықталды. Арман-1 саунасының қызметі тоқтатылып, нысан мөрленді. Сондай-ақ полиция департаменті тарапынан да өндірісте Қылмыстық кодекстің 309-бабы, 7-бөлігінің 1-тармағымен байланысты жезөкшілікпен айналысу үшін притон ұстау және ұйымдастыру бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс бойынша бірнеше адам тергеу-тексеру амалдарына қатысып жатыр», - дейді әкімдіктің ресми өкілі.