Білім олимпиадасындағы ерекше жағдай: әділқазылар оқушының адалдығына тәнті болды

Qaz365.kz редакциясы

Оқушы жүлдесінен бас тартты

Скринфото: Нұрбол Төлебаев парақшасынан

Аталған оқиға жайлы «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Нұрбол Төлебаев жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алтыннан да қымбат қола

Төлебаевтың жазуынша, жақында өткен республикалық пән олимпиадасында шыншылдық пен адалдықтың жарқын үлгісі көрініс тапқан. Химия және информатика пәндерінің финалы Маңғыстау өңірінде, Ақтау қаласында өткен. Бұл жарыста тек білім мен біліктің ғана емес, адами құндылықтардың да сыналатын сәттері болған. Жарыс аяқталып, жабылу салтанатының алдында ерекше оқиға болған. Оның естігенде мектеп өкілі жүрегін түрлі сезім кернеп, қуанып, мақтанып, шүкір еттім, бір сәт қорқыныш та билеп өтті дейді.

Тараз БИЛ оқушысы Айша екі турдың қорытындысы бойынша күміс медаль иегері атанған. Бірақ ол марапатталмас бұрын әділқазыларға өзі барып:

«Құрметті ағайлар, апайлар! Сіздер менің балымды дұрыс есептемедіңіздер. Бірінші тур нәтижесінде максимум 8 ұпай қойылу керек еді, ал маған 10.12 ұпай қойылыпты. Осыған байланысты жалпы ұпайым артық есептелген. Күміс медаль маған қателікпен беріледі. Қайта қарауыңызды сұраймын» деп әділдік үшін өз марапатынан бас тартқан.

Әділқазылар дереу жиналып, қате кеткенін мойындап, Айшаға адалдығы үшін алғыс білдірген. Нәтиже қайта есептелгенде, оның жалпы балы қола медаль деңгейіне түскен.

Жабылу салтанатында сөз алған Республикалық “Дарын” орталығының өкілі Айгүл Әкімгерейқызы оның батылдығы мен батырлығы, алтыннан әділдікті жоғары қойғаны үшін Айшаға ризашылығын білдірген.

«Бұл оқиға – көпке үлгі. Айша үнсіз ғана алтын медалін алып кете беруіне болар еді, бірақ оның тәрбиесі, ар-ожданы бұған жол бермеді. Осындай жастарымыз барда еліміздің ертеңіне сенімдімін. Осындай адал жүрек, шынайы парасат, әділдікті ту еткен ұрпақ барда тәуелсіз елдің болашағы жарқын боларына күмән жоқ. Ай жүзді Айшаның ақкөңіл мінезін әр балаға нәсіп етсін! Саналы ұрпақтарымыздың саны артсын! Қуанышым мен мақтанышым түсінікті, ал қорқынышым – осы пәк адалдыққа назар тимесе екен деген тілек…» - деп жазады Нұрбол Төлебаев.