Әділбек Тәжібаев: Университеттер мен өндіріс арасында байланыс болу керек

Qaz365.kz редакциясы

Біліктілігі жоқ жас маман өндірісте сұранысқа ие болмауы әбден мүмкін

Бүгінгі жас ғалымдар ғылымға жаңа идея мен жаңалық енгізу арқылы қоғамның дамуына септігін тигізуде. Жастардың ғылыми зерттеулерге жиі бас сұғуы, жаңашылдыққа ұмтылысы ел экономикасының дамуы мен әлеуетінің жақсаруына тікелей әсер етеді. Халықаралық ғылыми жобаларға қатысуы, 
әлемдік деңгейде танылуы және ғылыми жетістіктері еліміздегі ғылымның өркендеуіне де септігін тигізіп келеді. Ізденіс алаңында жүріп ғылымға бет бұрған жастарға қандай мемлекеттік қолдаулар бар?
 Кәсіби өсуі үшін ынталандыружұмыстары жүргізіле ме? Осы сұрақтар төңірегінде Qaz365.kz тілшісі электромашина құрастыру бойынша инженер- зерттеуші, Әділбек Тәжібаевпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды
– Әділбек мырза, бүгінде ғылымға бет бұрған жастар көп. Ендеше отандық ғылымды одан әрі дамыту үшін не істеуіміз керек? 
Кемшін тұстар бар ма?

– Елімізде өндіріс орны және ғылымға бейімдейтін, зерттеуді үйрететін көптеген жоғары оқу орындары бар. Ғылымға қызыққан жастарға да мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар жүзеге асырылып жатыр. Яғни ғылыми гранттар немесе басқа да қаржыландыру көздері. Өндіріс орындары конструкцияларын өздерінің бюроларында жасап шығарады, ал оқу орындары өндіріс орындарымен байланысы болмаған жағдайда, ғылыми тақырыптарды ғана қорғап жатады. Теориялық жағынан зерттелген ғылыми жобалар, шын мәнінде өндіріске кірмейді. Сондықтан осы мәселе, жаңа айтқанымдай университеттер мен өндіріс арасындағы байланыс ақырындап қолға алынып жатыр. Меніңше, осыны қарқынды түрде дамытуымыз керек. Сол кезде ғана өндірісте жасалып жатқан дүниелерге терең зерттеулер жүргізе аламыз. Негізі өндіріс пен оқу орындары бір-бірімен ұштасқанымен, университет алда жүруге тиіс. Ал бізде қалай? Ғылымға қарағанда өндіріс орындары алға шыққан.
Десек те, кей өндіріс орындары университеттер мен серіктестік негізде жұмыс істеп жатыр. Бір жағынан, қазіргі білім беру жүйесінде, әсіресе осы салада, энергетикада, инжинирнгте мәлімет көзі ескірген. Теория бұрынғы қалпында, ал өндірісте олар әлдеқайда жаңарып кеткен. Бізге ғылым не үшін керек? Егер біз ғылымның нәтижесін өндіріске енгізсек, өндірісіміз жақсы жүреді, дамиды. Яғни ғылыми зерттеулер негізінде жүзеге асатын өндіріс қана шетелдік өндіріспен бәсекелесе алады. Сонда қараңыз, бәсекелестікті арттыру үшін ең бірінші кезекте ғылым керек. Ал өндірістің өзі, былайша айтқанда, экономиканың қозғаушы күші. Еліміздің экономикасының негізгі түсім көзі – шикізат. Бірақ шетелге шикізат күйінде сатпай, оған ғылымды енгізу арқылы құнын арттыруымызға болады. Қазір өндірістен хабары жоқ кей ғалымдар зерттеулер жасап жатыр. Алайда олардың еңбектері актуалды емес.
– Қазір жастардың ғылымға көзқарасы қалай? Осы салаға келетіндер көп пе?
– Университет бітірген түлектер әлі толық кәсіби маман болып қалыптаспайды. Сөйтіп әлі біліктілігі жоқ жас маман өндірісте сұранысқа ие болмауы әбден мүмкін. Бірақ осы саладағы алғашқы жұмысын бастаған кезде де толық емес жалақыға жұмыс істейді. Осы кезеңде жастар қаражаты қалың жұмысқа оңай ауысады да, алған дипломы құр жатады. Ал бізде маман тапшы. Шетелден шақырамыз, оларға көп қаржы жұмсаймыз. Егер сол маман өзімізден шықса, қанекей. Жалпы, инженер мамандығын 3 топқа бөлуге болады. Біріншісі – өндіріс саласындағы инженер, екіншісі – инженер-ғалым, үшіншісі – инженер-кәсіпкер. Экономикамыздың дамуы, жаңа өндіріс орындарының пайда болуы және жаңа технологияларды игеру үшін кәсіби инженерлер қажет. Инженерлік ой, сана, қабілет 4 жылда оқу орнында толық қалыптаса қоймайды.
– Өндірісте не болмаса ғылымда ЖИ көмегімен автоматтандырылғана жүйелер адам орнын баса ала ма?
– Егер тарихқа көз жүгіртсек, бұл тап қазір қалыптасып, пайда болған жоқ. Мысалы, кезінде тігіншілер тігін машинасы шыққан кезде қарсы шықты ғой. Негізі өндіріс деген қолдың күшін талап етеді. Бірақ осындай жұмысқа роботтар мен автоматтандырылған жүйелер орнату арқылы адамның еңбегін жеңілдете аламыз. Ал олар адамның орнын баса алмайды, өйткені адамдар осындай роботтардың қандай жұмыс істейтінін реттеп отырады. Осылайша адамдардың жұмыс күшін сақтап қала аламыз. Бұл жерде екі түрлі көзқарас пайда болады: нарықтық экономика жағынан қарайтын болсақ, робот бар жерде жұмыс істейтін адамның еңбегі артық шығын болып есептеледі, ал жауапкершілік жағынан қарасақ, егер үлкен компания болса, өзіне жауапкершілік алғаны үшін адам күшін сақтап, басқа да жұмыс көзін ашып квалификациясын өзгертуі керек. Рас, қазір жасанды интеллект ғылымның кез келген саласына етене еніп кетті ғой. Осыны энергетика саласына да бейімдеп, дұрыс жұмыс істеуді меңгеруіміз керек. «Адамды адаммен теңестіретін – білім» деген. Білімі бар адам ғылымда да орнын тез тауып, тез биікке көтерілуіне болады.
– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет!