2025 жылғы дерекке сәйкес, еліміздегі ғылыми кадр саны – 25,4 мыңға жеткен
Еліміз дамысын десек, ғылым бәсекеге қабілетті болып, ғалымдардың қуатты да қарымды жаңа буыны қалыптасуға тиіс. Ол үшін жас ғалымдарды жан-жақты қолдау – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. «Қазіргі заманның Сәтбаевтары, Есеновтары, Марғұландары қайда?» деген сауалдың жауабы сонда ғана табылады. Qaz365.kz тілшісі осы мәселені қаузап көрді.
Қоғам мен мемлекет дамуы ғылымның дамуымен тығыз байланысты екенін көзіқарақты әрбір адам біледі. Ғылым дамыса – мемлекет те, экономика да дамиды. Өкінішке қарай, 1990-жылдары ғылымды қаржыландырудың қысқаруы, ғылыми-зерттеу институттарының жабылуы, 2000-жылдардың басында ұлттық ғылым академиясының қоғамдық ұйымға айналуы тәрізді келеңсіздіктер отандық ғылымға кері әсерін тигізді. Талантты ғалымдар басқа салаларға немесе шетелдерге кетіп, ғылым дағдарысқа ұшырады. Ғалымдар беделді болудан қалды. Соның салдарынан отандық ғылымда жастардың саны азайды.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының мәліметі бойынша, қазір елімізде ғалымдардың орташа жасы – 51 жас. Бұл цифр ғылымға жастар көптеп келіп жатқанын білдіреді. Бірер жыл бұрын орташа жас 58 болатын. 2025 жылғы жаңа дерекке сәйкес, еліміздегі ғылыми кадр саны – 25,4 мың, оның 46 пайызы – жастар.
Мемлекет жас ғалымдарға бет бұрды
Жалпы қазіргі уақытта жастардың ғылымға ынта-ықыласы жақсы. Мемлекет жас ғалымдар мен зерттеушілерді ғылымға тартуға баса мән беріп отыр. Президент Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды» деген болатын. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және салалық министрлік бұл тарапта көптеген игі іс атқаруда. Атап айтқанда, докторантураға бөлінетін білім беру гранттарының саны артты. Ғалымдардың жалақысы 18 пайызға көтерілді. Жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға едәуір көңіл бөліне бастады.
Ірі қалалардағы ең үлкен мәселенің бірі баспана екені белгілі. Тұрмыстық қиындық кез келген маманның алаңсыз жұмыс істеуіне, зерттеумен шұғылдануына кедергі. Отыз жыл бойы жас ғалымдар қандай да бір әлеуметтік мәртебеден тыс қалды, өз проблемасын өзі шешуге мәжбүр болды. Соңғы жылдары бұл жағынан да ілгерілеушіліктер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас мамандарды ынталандыру мақсатында арнайы ипотекалық бағдарлама іске қосылды, сондай-ақ тегін пәтерлер де берілуде. Мәселен, 2024 жылы 315 жас ғалым баспаналы болса, оның 290-ы «Отбасы банкі» аясында, ал 25-і өтеусіз негізде тұрғын үй алды. Ал биыл жыл басынан бері 36 жас ғалым тегін пәтерге ие болды.
Ғылым – әлемдік үдерістермен тығыз байланыста дамитын сала. Сондықтан да халықаралық ынтымақтастық, өзара тәжірибе алмасу маңызды шарт. Бұл бағытта көптеген жаңалықтар бар, мәселен, жыл сайын 250-дей жас ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Шетелдік университеттердің докторантурасында оқуға арналған білім беру гранттарының саны да артып келеді.
Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев кезінде Жас ғалымдар кеңесін ашқан екен. Көп жыл үзілістен кейін осы үрдіс жалғасын тауып, 2024 жылы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы аясында Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Алғаш рет Жас ғалымдар кеңесі Президиумының мүшесі – омбудсмен лауазымы енгізілді. Ол жас ғалымдардың құқықтарын қорғайды. Жуырда Ұлттық ғылым академиясы ғимаратында өткен «Жас сәтбаевшылар» атты жас ғалымдардың І конгресінде де өзекті мәселелер көтерілді, оған еліміздің түкпір-түкпірінен делегаттар қатысты.
Сондай-ақ, бұдан былай ел Президентіне ұсынылатын Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндамаға жас ғалымдардың зерттеулері туралы жеке тармақ енгізіледі. Мұндай тармақ соңғы отыз жылда болған емес. Бұндай игі жаңалықтар жастарды ғылымға тартудың қаншалықты мән-маңызға ие болып отырғанының айғағы.
Шымкенттік ғалым, биология және биохимия бойынша PhD, Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Бауыржан Ташмұхамбетовтің айтуынша, қазір ғылыммен айналысу үшін кедергі жоқ, қаражат көп бөлініп жатыр. «Біріншіден, грант бөлу ісі ашық жүргізіледі, әлеуметтік желіде ашық талқыланады. Әр бағыт бойынша ғылыми кеңестер бар, Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҰҒА, Ғылым комитеті бәрі бірігіп жақсы жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, ағылшын тілін білсең шетелде оқуға, тәжірибе алмасуға жол ашық. Бұл үлкен мүмкіндік. Алматы мен Астана ғана емес, облыс орталықтарындағы ЖОО ғалымдары да шетелмен қарым-қатынас жасай алады» дейді ол.
PhD- дәреже: күнгейі мен көлеңкесі
Әйтсе де ондаған жыл қордаланған мәселелерді бірден шешіп тастау да оңай емес. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев атап көрсеткендей, ҒЗИ-лардың нашар жабдықталуы, кадр жетіспеушілігі, қаржыландыру секілді проблемалар өткір тұр.
Кадр мәселесін шешудің, ғалымдардың «қартаю» үдерісін алдын алудың басты жолы – докторлық бағдарламалар бойынша білім беру. Қазақстан ғылыми кадр даярлаудың жаңа моделіне 2011 жылы көшті. Қазір елімізде ең жоғары ғылыми дәреже – философия докторы (Doctor of Philosophy – PhD) атағын беру арқылы ғылыми мамандар даярланады. Бұл дәреже оны иеленген адамның белгілі бір ғылым саласында іргелі білімі бар екенін дәлелдейді. Мысалы, математикадағы философия докторы, медицина бойынша философия докторы, т.б.
PhD дәрежесін иеленген адам өмір бойы ғылыми зерттеу жұмысымен шұғылдана алады және бұл білім 30-35 жаста-ақ ғылыми дәрежеге ие болуға мүмкіндік береді. Ал бұрын ғылым докторы атағын ғалымдар көбінесе 50-60 жасқа қарай алатын. Адамның нағыз өнімді жұмыс істейтін кезі жастық шақ емес пе, сондықтан ғылыми маман даярлаудың әлемдік жүйесінің өз артықшылығы бар.
ҒЖБМ мәліметіне қарағанда, 2024-2025 оқу жылына докторантурада ғылыми кадр даярлауға 2919 грант бөлінді. Оның бәрі игеріліп, талапты жұрт білім алып жатыр. Әйтсе де мұнда бір түйткіл бар. Себебі, доктор дәрежесін алу оңай емес. Ол үшін алдымен магистратура аяқтап, сынақ тапсыру арқылы докторантураға түсу керек. Бірақ ізденушілердің барлығы бірдей доктор атана алмайды. Үш жыл білім алу барысында қойылатын талаптар жоғары: рецензияланатын журналдарда бірнеше мақала жариялау керек, іргелі зерттеу тақырыбы бойынша диссертация жазып, қорғау керек. Міне осы мақала жариялауға және қорғауға келгенде, проблемалар басталады.
Соңғы жылдардағы мәліметтерге сәйкес, докторантура бітіргендердің көпшілігі диссертация қорғай алмайды, тиісінше PhD дәрежесін ала алмайды. Басты проблема – Scopus халықаралық базасында мақала жариялаудың қиындығы. Мысалы, 2011-2022 жылдары докторантурада 10 276 адам оқыса, тек 4 497 адам қорғаған (44%). Бұл өте төмен көрсеткіш. Бұл мәселе 2024 жылы тіпті Парламент Сенатында да көтерілді.
Диссертация қорғай алмаудың себептері: ағылшын тілін жетік білмеу, зерттеудің заманауи тәсілдерін меңгермеу; докторант жазған мақаланың сапасыздығы, мақала жариялау ақысының қымбаттығы, университеттер мен ҒЗИ-ларда заманауи зертханалар жоқ, ғылым саласындағы бюрократия және т.б.
Айта кетерлігі, қорғай алмаған ізденушілердің барлығы мемлекеттік бюджет есебінен оқыған, шәкіртақы алған (9616 адам). 2018-2023 жылдары Elsevier және Clarivate Analytics мәліметтер базасының қызметтері үшін мемлекеттік бюджеттен 5,2 млрд теңге жұмсалған. Алайда, Scopus халықаралық базасында қазақстандық ғалымдардың жарияланымдары өте аз (2022 жылы 0,001466% болды). Одан бөлек, 2018-2022 жылдары «қарақшы» журналдарда жарияланғаны үшін 2644 мақала жарамсыз деп танылды. Сондықтан да ғалымдар диссертациялық еңбектерге қойылатын талаптарды өзгерту, дәлірек айтқанда жұмсарту қажет дейді.
Ал Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры Махмұд Садыбековтың пікірінше, проблема Scopus халықаралық базасында мақала жариялауда емес. «Мәселе мынада: докторанттардың білім деңгейі төмен, сондықтан олар халықаралық рейтингтік журналда бір мақала да жариялай алмайды. Диссертация да қорғай алмайды. Бізге ондай әлсіз PhD керек емес» дей келе, керісінше, талаптарды күшейту керек дейді институт директоры.
Ғылыми жетекшілер неге салғырт?
Докторантурада оқитын ізденушілер ғылыми жетекшінің басшылығымен зерттеу жұмысымен айналысады және диссертация жазуға дайындалады. Ғылыми жетекші – тәжірибелі, кәсіби тәлімгер. Ол шәкіртінің ғылыми жұмысын қадағалап отыруы, бағыт-бағдар, ақыл-кеңес бере білуі керек. Ғылымда беделді, шәкіртіне жанашыр ғылыми жетекші табу – докторанттың бағы. Диссертацияны сәтті қорғау ғылыми мансаптың баспалдағы іспетті.
Әйтсе де, жоғарыда айтылып өткендей, докторантура бітіргендердің көпшілігі диссертация қорғай алмай, PhD дәрежесін ала алмауына ғылыми жетекшілердің де кінәсі бар. Математик, NARHOZ университетінің қауымдастырылған профессоры Ершат Сапажановтың айтуынша, диссертация қорғай алмаудың бір себебі – ғылыми жетекшінің немқұрайдылығы, құзыретсіздігі.
“Жеке өзімде ондай мәселе бола қоймағанымен, достарымда бұл өте өзекті мәселеге айналды. Біз оншақты адам бірге оқыдық, арамыздан жалғыз мен ғана қорғап шықтым. Достарымнан естуімше, ғылыми жетекшілерінің білімі төмен, кәсіби біліксіз, ғылыми мақаланың қалай жарияланатынын да білмейтін адамдар болып шыққан. Тіпті олар, жастарға жол сілтеп, үйретудің орнына тек диссертация қорғау кезінде ғана келемін деп, бар жауапкершілікті өзінен ысырып тастаған. Осындай немқұрайдылықтың салдарынан 10 адамның тек 2-еуі ғана қорғауға жетеді. Қалған 8-і қорғауға жете алмайды”, – дейді Ершат Сапажанов.
Дегенмен, Ершат Сапажанов кейбір докторанттардың өздері де ғылымға кездейсоқ келетінін айтады. Олар мемлекет берген мүмкіндікті дұрыс пайдаланбайтыны шындық. «500 ғалым» бағдарламасы бойынша Колумбия университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен Ершат былай дейді:
«Жас ғалымдарды шет елден тағылымдамадан өтуге жібереді. Бұл жас маман үшін керемет мүмкіндік, жақсы қолдау екені рас. Бірақ 2021-2022 жылдары менімен бірге тағылымдамадан өтуге барғандардың арасында еш нәрсе үйренбей, жай ғана қыдырып барып қайтқандар болды. Не үшін барғанын, не үйренгісі келетінін білмейді. Мұны қаншалықты тиімді деп айта аламыз?! Өкінішке қарай, PhD-ге не үшін түскенін білмейтіндер де бар. Ғылым саласына келгенмен, немен айналысатынын білмейтіндер көп. Таңдауы, қызығушылығы дұрыс емес, қабілетіне сай келмейді. Бәлкім грант бөлінгенге, жоғары стипендия берілгенге қызығып түскен болуы мүмкін. Бірақ ғылым – оған деген құштарлығы жоқ адамдардың ырқына көнбейтін дүние».
Шынын айтқанда, мұндай үрдістің бар екенін жоққа шығаруға болмайды. «Жұмыс істей жүріп, докторантурада оқи салайын, шәкіртақы алып жүре берейін» деген немкетті, пендеуи көзқарас салдарынан мемлекет қаржысы босқа рәсуа болатынын түсінбейтіндерге шара қолдану қажет-ақ.
Бұл олқылықтар докторантурадағы оқу сапасын жақсарту үшін талапты күшейтуді қажет етеді. Ең бастысы, оны магистратурадан бастау керек және оқуға ғылымға бейімі бар адамдар ғана қабылдануға тиіс. Әйтпесе, мұнша білім гранты бөлінді деп санмен мақтану сапаға жеткізе қоймайды. Әр докторанттың базалық біліміне сәйкес мамандықта оқуы, магистратурадан кейін докторантураға бірден құжат тапсыруға жол бермеу де ғылым сапасын көтерері сөзсіз.
Ғылым қаржымен ғана дамиды
Қазіргі заманғы ғалымды әлеуметтік қолдаумен қатар, оның ғылыми-зерттеу қызметімен алаңсыз шұғылдануына қажет орта құру маңызды. Бұл күрделі де шешілуі тиіс міндет. Қазақстандағы ғылыми-зерттеу мекемелерінің басым көпшілігі Кеңес үкіметі кезінде құрылды және өз қызметін сәтті жалғастырып жатыр. Сондай-ақ, қазір ғылым университеттерде де даму үстінде. Олардың барлығы қаржыландыруға мұқтаж. Өйткені заманауи ғылым көп шығынды қажет етеді.
“Қазіргі таңда отандық ғылым кадрларға қатты мұқтаж, ғылыммен айналысатын адам саны жеткіліксіз. 25 мың ғалым деген өте аз. Мықты ғалымдар Назарбаев университетінде, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-де, Гумилев атындағы ЕҰУ-да шоғырланған. Әрине, өңірлерде де талантты ғалымдар бар, бірақ оларда көп мүмкіндік жоқ. Ғылымдағы жақсы көрсеткіштер негізінен Алматы мен Астанада. Бұл қаржыға тікелей байланысты. Өңірлерде ҒЗИ-лар болмағандықтан, ғылыммен университеттер айналысады. Бірақ олар көбінесе жалақы төлеуге мән береді, зерттеу жасауға қаражат жетпей қалады. “Меніңше, әр өңірдің ерекшелігіне қарай, белгілі бір бағытты дамытуға болады. Ақша бөліп, зертханалар ашу керек. Логистика деген мәселе де бар, әрине. Ғылым шығынды көп қажет етеді. Мәселен, Елордамызда AstanaHub деген бар. Онда стартаппен айналысуға барлық жағдай жасалған. Сондай платформалар аймақтарда да болуы керек”, – дейді биохимик ғалым Бауыржан Ташмұхамбетов.
Бауыржан Ташмұхамбетов жас ғалымдарды ғылымнан бездіретін тағы бір мәселені айтып өтті.
«25 жасар жігіт ғылыммен айналысуға университетке келді делік. Оған кафедра меңгерушісінің, деканның, тағы басқаның сабағын бергізеді. Ол байғұстың аптасына 30 сағат сабақ беруден басқа нәрсеге мұршасы жоқ, ғылым жайына қалады. Жас ғалымдар аптасына 2-3 сағат қана сабақ беріп, қалған уақытын ғылымға арнағысы келеді. Бірақ оларға таңдау мүмкіндігін бермейді. Тіпті кейбір жерде кафедра меңгерушісінің айтқанын істегісі келмейтін адамдарға қолдан кедергі жасайды, қарсы шықса жұмыстан шығарып жібереді. Сондай бір кедергілер бары рас. Енді бұл жігіт маған бұның керегі не деп өз қабілетін көрсете алатын жерге кетеді», – дейді ол білікті ғалымдардың басқа салаға немесе шетелге кетуінің себебі жөнінде.
Жастарға қысым емес, жәрдем беру қажеттігін түсінетін басшылар көбеймей, бұл мәселе шешілмейді. Расымен де, ғылыми кадр мәселесі қолдауға және қаражат мәселесіне келіп тіреледі. Ұзақ жыл бойы елімізде ғылымды қаржыландыру ІЖӨ-нің 0,13 пайызын құрап келеді. Кезінде ғылымды қаржыландыру 2014 жылы ІЖӨ-нің 1 пайызы болады деп уәде берілген болатын. Алайда одан бері тағы он жылдан аса уақыт өтті, әлі де «баяғы жартас – бір жартас».
Жуырда Үкімет отырысында ғылымды дамыту және цифрландыру мәселелері қаралып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «2029 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-на дейін артады» деп уәде берді. Осы жиында айтылғандай, соңғы 6 жыл ішінде ғылымды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру көлемі 6 есеге ұлғайып, биыл 252,5 миллиард теңгеге жетті. Ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, саланы қаржыландыру ЖІӨ-нің 1%-на дейін артады. Әлемдік деңгейге жетпесе де, осының өзі отандық ғылымды бір белеске көтерері даусыз. Сондай-ақ, ғылымды насихаттауға да арнайы қаражат бөлінсе, құба-құп. Бұл өскелең ұрпақты ғылымға қызықтыру, ғалымдардың еңбегін елге жеткізу үшін өте қажет іс.
Жас ғалымдарға – заманауи құрал-жабдық
Ғылыми жаңалық, әсіресе жаратылыстану саласында зертханада дүниеге келеді. Саладағы дағдарыс жылдарында инфрақұрылым тозып, ғалымдар құр қол қалған еді. Қазір Президент пәрменімен бұл мәселе де шешімін таба бастады. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде соңғы екі жылда 20-дан аса жаңа зертхана ашылған, суперкомпьютер сатып алынған. Қ.Сәтбаев университеті 800 млн теңгелік зертханаға ие болды. Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ-і, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты сияқты мекемелердің жас зерттеушілері де біршама заманауи құрал-жабдықтарда жұмыс істеп жатыр.
Талантты жас ғалымдарға гранттан бөлек заманауи құрал-жабдықтар қолжетімді болуы керек, бұл олардың зерттеу қызметін нәтижелі, өнімді етеді, ізденіске ынталандырады. Шетелде үздік университеттерді, озық зерттеу орталықтарын көзімен көріп келген жастардың өз елімізде де соны талап етуі заңды. Әйтпесе, бұрнағы жылдардағыдай, талантты ғалымдардың елден кетуі белең алады. Оған жол бермеу үшін ғалымдарға жағдай жасау қажет.
Биохимик ғалым Бауыржан Ташмұхамбетовтің айтуынша, молекулярлық биология саласындағы зерттеулерге қажет құрал-жабдықтар қымбат. Алматы мен Астанада болмаса, басқа қалаларда оларға қол жеткізу күрделірек.
2024 жылы қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заңда бұл мәселе де қарастырылды. Алайда, ҒЖБМ басшылығының мәліметінше, ғалымдардың біраз ұсынысы енгізілмей қалған. Оның ішінде инфрақұрылым және жабдықтау гранттары деген арнайы гранттың түрі өтпей қалды. Бұл тікелей зертханалардың жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстар еді. Өкінішке қарай, грант түрі Қаржы министрлігінен қолдау таппады. Алдағы уақытта ғалымдар ұсынысы ескерілсе оң болар еді. Құрал-жабдық жоқ жерде ғалымнан нәтиже күту – бекершілік.
Дегенмен, заман талабы және мемлекет болашағы ешкімді бей-жай қалдырмайды, ел билігі ғылымға оң көзбен қарай бастады. Жуырда Үкімет отырысында ғылымды дамыту шаралары арнайы қаралды. Отырыста жас ғалымдарды қолдау мәселесі де сөз болды. Алдағы уақытта елімізде ғылыми қалашықтар құрылатыны айтылды. Олардың табысты жұмыс істеуі ғылыми кадрларға тікелей байланысты.
Академик Асқар Жұмаділдаев айтқандай, «бізде ауқымды мәселелерді зерттеуге күш-жігері жететін ғалымдар бар». Отандық ғылымға басымдық берілуі осы саладағы оң өзгерістердің бастауы болатыны сөзсіз. Сонда ғана ғылымның сапасы артады, ғалымдар қоғамда бедел мен құрметке ие болады. Болашақ Сәтбаевтар мен Марғұландар ірі ғылыми орталықтар мен озық университеттерден, технопарктерден шығады. Ғылым – жастардың таңдауына айналады.