Ол ауыл мен қала мектебінің айырмашылығын өз тәжірибесі арқылы сезінген
Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) ең жоғары 140 баллды жинау – кез келген талапкер үшін үлкен жетістік. Биыл дәл осы көрсеткішке қол жеткізіп, жұрттың ықыласына бөленген түлектердің бірі – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Толқын» орта мектебінің оқушысы Санжар Қуандық. Ол қарапайым ауыл баласы болса да, білімге деген құштарлығының арқасында үлкен жетістікке жеткен. Qaz365.kz тілшісі түлекпен тілдесіп, оның арман-мақсаты турасында әңгіме өрбітті.
Санжар Көлді ауылында туғанымен, білім жолын қала мектептерінде бастаған. Ол 3-сыныптан бастап Алматыдағы Түрксіб ауданына қарасты Абай атындағы №15 мамандандырылған интернат-гимназиясында оқып, 10-сыныпқа дейін сонда білім алған. Алайда, ҰБТ-ға дайындалу үшін 11-сыныпта ауылға көшуге тура келген.
«Қаладағы мектепте күн тәртібі өте тығыз болатын. Таңертең жеті сабақ, түстен кейін тағы үш сабақ оқитынбыз. Сабақтан тыс дайындалуға мүмкіндік болмады. ҰБТ-ға байыппен дайындалғым келді, бірақ мектеп әкімшілігі бос уақыт беруге келіспеді. Сол себепті ауылға көшіп кеттім», – дейді ол.
Бұл шешім оған тың мүмкіндіктер ашқан. Өйткені, ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтары негізінен қарапайым мектеп бағдарламасына сүйенеді. Ал мамандандырылған мектептерде білім беру жүйесі өзгеше.
«Қалада тереңдетілген бағдарлама бойынша оқыдық. Әдебиеттен қосымша шығармалармен жұмыс істедік, бірақ олардың көбі ҰБТ сұрақтарында кездеспейді. Сондықтан ауыл бағдарламасына бейімделу арқылы тестке дайындалу әлдеқайда жеңіл болды. Бірақ бір жылда бес жылдық білім базасын игеруге тура келді», – деп түсіндірді Санжар.
Мұғалім болу – басты мақсат
Мектепті үздік аяқтаған Санжар болашақта мұғалім болуды армандайды. Бірақ ол қарапайым мектеп ұстазы емес, өзіндік білім беру жүйесін қалыптастырған жеке бренді бар маман болғысы келеді.
«Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша екі университетті таңдап отырмын: бірі – SDU , екіншісі – ҚазҰПУ. Бірақ ең бастысы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне түскім келеді. Себебі, ол жерде мұғалім ретінде дамуға көбірек мүмкіндік бар деп есептеймін», – дейді ол.
Ұстаздық жолға түсуіне ықпал еткен жандардың бірі – 140 білім беру орталығында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін жас маман.
«Мен үлгі тұтатын ұстазым – 2003 жылы туған жас мұғалім. Оның білімі, оқыту әдісі, оқушылармен қарым-қатынасы ерекше. Кейде ер адамдардың да мұғалім болғаны жақсы деп ойлаймын. Олар сабырлы, байсалды келеді, білім беруде ұстамдылық танытады», – деп пікір білдірді ол.
«Білім алуда шектеу жоқ»
Санжар ауыл мен қала мектебінің айырмашылығын өз тәжірибесі арқылы сезінген. Ол қазіргі таңда қай жерде болмасын, оқимын деген адамға барлық мүмкіндік бар екенін айтады.
«Қазір онлайн мектептер, интернет арқылы білім алуға жағдай жасалған. Қалада да, ауылда да оқимын деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Ең бастысы – өзіңнің ниетің мен еңбегің», – дейді Санжар.
Ол маусым-шілде айларында тағы да ҰБТ тапсырып, мемлекеттік грантқа қол жеткізуді көздеп отыр. Оның табандылығы мен білімге деген талпынысы көптеген жастарға үлгі болары анық.
«Мақсатым – болашақта өз мектебімді ашып, сапалы білім беруге атсалысу. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа әдістемелерін дамытуға үлес қосқым келеді», – дейді болашақ ұстаз.
ҰБТ-да 140 балл жинап, өз арманына сенімді қадам басқан Санжар Қуандықтың бұл жетістігі – еңбек пен табандылықтың айқын дәлелі. Ол білімге шын ниетпен ұмтылған адамның алар асуы биік екенін тағы бір мәрте көрсетті.