SDU университетінде жасанды интеллект зерттеулеріне арналған жаңа блок ашылды

Qaz365.kz редакциясы

Жаңа белестерге жол

SDU университетінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналған жаңа SDU & Freedom Holding Corp. блогының салтанатты ашылуы өтті. Бұл заманауи ғимарат Қазақстандағы инженерлік және IT салаларының дамуына тың серпін беріп, болашақ мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Озық білім мен технологияның тоғысқан орталығы

Жаңа блоктың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы және басқа да сала өкілдері қатысты.

Freedom Holding Corp.-тың "Freedom Шапағат" қайырымдылық қорының демеушілігімен бой көтерген ғимараттың жалпы аумағы 5,6 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жасанды интеллект зертханалары, финтех-инновацияларды дамыту алаңдары және студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған орталықтар орналасқан. Сонымен қатар студенттер мен оқытушыларға арналған демалыс аймақтары мен интерактивті орталықтар қарастырылған.

 Жасанды интеллект – мүмкіндіктер әлемі

Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов жаңа блоктың ашылуы тек SDU үшін ғана емес, Қазақстанның технологиялық болашағы үшін де маңызды екенін атап өтті.

"Жасанды интеллект – бұл жай ғана технология емес, бұл жаңа мүмкіндіктер әлемі. Біз бүгінде білім мен технологиялардың тоғысқан дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі таңда жасанды интеллектті меңгерген мамандар – әлемдік элитаның бір бөлігіне айналуда. Қазақстан да осы саланың көшбасшылары қатарына қосылуға мүмкіндік алып отыр”, - дейді Тимур Турлов.

Оның айтуынша, жасанды интеллектті дұрыс пайдалану арқылы адамдар өз уақытын үнемдеп, шығармашылық пен инновацияға көбірек көңіл бөле алады.

«Жасанды интеллект – адамдарға жаңа нәрселерді үйренуге, жаңа технологияларды жасауға және бұрын шешімі табылмаған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін қуатты құрал. Бұл бізге инфрақұрылымдық шектеулерді айналып өтіп, инновациялық шешімдерді табуға жол ашады», - дейді ол. 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде жасанды интеллекттің Қазақстан үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Министрдің сөзінше, 2023 жылы елімізде жасанды интеллектті дамытуға арналған ұлттық стратегия қабылданған. Сонымен қатар парламентте арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр.

«Біз 2024 жылдан бастап 650 мың студентті жасанды интеллект бойынша міндетті курстардан өткізуді бастадық. Қазірдің өзінде 35 мың студент бұл бағдарламаны аяқтап, сертификаттарын алды. Қыркүйек айынан бастап олардың арасынан 100 мың студент таңдалып, Пол Ким әзірлеген тереңдетілген модуль бойынша оқытылатын болады. Пол Ким – Стэнфорд университетінің профессоры және Дүниежүзілік банктің цифрландыру кеңесінің жетекшісі. Бұл – Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы маңызды қадамдарының бірі», - дейді Саясат Нұрбек.

Министр SDU университеті педагогика саласында, IT саласында, ақпараттық технологиялар, әсіресе, кибер-қауіпсіздік саласында өте мықты екенін айтты. Сөзінше, ең бірінші  Қазкоммерц Банк тұңғыш зертханасын, дәл осы SDU-да ашқан болатын.  Сондықтан қазіргі таңда Freedom Holding Corp компаниясы да бұл өте үлкен негізгі инвестиция болып отыр. Өздерінің кадрлық әлеуетін көтеруге, жана цифрлық өнімдерді дамытуға,  жасанды интелект саласында мыңдаған мықты жақсы кадырларды өсіруге мүмкіндік береді.

«Сондықтан бұл өте жақсы синергия. Біз бүкіл жоғары оқу орындарды қазір өндіріспен тікелей байланысқа итермелеп жатырмыз», - дейді ол.

Неліктен дәл SDU таңдалды?

Турлов жаңа зертхананың маңыздылығына, сондай-ақ студенттерге білімге инвестиция салудың маңызы ерекше екеніне тоқталды. Оның айтуынша, болашақ – білімге салынған инвестицияда. Егер жаңа білім алып, технологиялық трендтерден қалыс қалмағандар табысты болады. Қазір студенттер жасанды интеллекттің қуатты құралдарын пайдалана отырып, білім алып жатыр. Бұл үлкен артықшылық. Тимур Турловтың пайымдауынша, осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланбаған адам көш соңында қалады.

Тимур Турловтың сөзінше, SDU – бұл біліктілікті дамыту және жетілдіру үшін құрылған коммерциялық емес жеке ұйымның жарқын үлгісі. Бұл – Алматы облысындағы ең мықты жоғары оқу орындарының бірі. Университет мықты IT негізіне ие және ол көптеген кәсіпкерлерді, талантты IT-мамандарды, министрлерді дайындап шығарған.

«Бұл – бай тарихы бар, ұйымшыл ұжымы бар университет. Біздің командада, SDU-дың бастамашыл түлектері қатарында, бұл біз үшін шешім қабылдауда маңызды фактор болып табылады», – дейді ол.

SDU ректоры Әлімжан Игенбаев жаңа блоктың студенттерге беретін мүмкіндіктерін айтты. Оның айтуынша, IT, инженерия, педагогика, құқық, әлеуметтік ғылымдар және бизнес салаларында сұранысқа ие мамандарды 30 жылға жуық уақыт дайындап келе жатқан оқу орны. Осы жаңа блок студенттердің әлеуетін арттырып, олардың стартаптарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл нысан – Қазақстандағы жасанды интеллект саласын дамытуға жасалған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Жаңа белестерге жол

Жаңа блок тек оқу орны үшін ғана емес, Қазақстандағы технологиялық даму үшін де маңызды бастама болмақ. Мұнда жасанды интеллект пен цифрлық қаржыландыру саласындағы стартаптарды дамытуға, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына және инновациялық жобаларға ерекше көңіл бөлінеді.

Жасанды интеллект – біздің болашағымыз. Бұл технологиялар арқылы Қазақстан әлемдік цифрлық нарықтың белсенді ойыншысы бола алады. SDU & Freedom блогы осы мақсатқа жетудің алғашқы қадамдарының бірі болмақ.