Аудандық білім бөлімі мұғалімдерге 2,4 миллион теңге заңды сыйақысын бермеген
Батыс Қазақстан облысында 40 мұғалімнің конституциялық құқығы қалпына келтірілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеп отыр.
“Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының прокуратурасы талдау жүргізу барысында 40 мұғалімнің еңбектері үшін сыйақы алуға конституциялық құқықтарын бұзу фактілерін анықтады. Атап айтқанда, 2024 жылы аудандық білім басқармасы жалпы сомасы 2,4 миллион теңге көлеміндегі 40 мұғалімге жол ақысын төлемеген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.Еңбек кодексінің 127-бабының 2-тармағының 1), 2) және 3)-тармақшаларына сәйкес іссапарға жіберілген қызметкерлерге: іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер,баратын жеріне дейінгі және керіқайтқандағы жол жүру шығыстары, тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді”, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазір құқығы бұзылған мұғалімдерге жалпы сомасы 2,4 миллион теңге құрайтын жол ақысы төленіп, кінәлі лауазымды тұлғатәртіптік жауапкершілікке тартылған.