Жапондықтар білімге ерекше прагматизммен қарайды
1 сәуірден бастап біздің отандасымыз Серік Мейірманов Жапонияның жетекші университетінің вице-президенті қызметіне кірісті. Мейірманов тағайындалғанға дейін үш жыл бойы APU-да оқу бағдарламаларын дамытуда шешуші рөл атқаратын академиялық мәселелер бойынша декан қызметін атқарды. Ол Қазақстанда медициналық білім алып, Жапонияда PhD дәрежесін қорғады. Профессор өз елінің ғылыми өміріне де белсенді түрде қатысып тұрады – ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі және Ұлттық Ғылыми Кеңестің шетелдік сарапшысы болып табылады. Бұл – Қазақстан азаматының Жапониядағы жоғары оқу орнының басшылығында осындай жоғары лауазымға ие болған тарихтағы алғашқы жағдай. Қазақстандағы Ғылым күні қарсаңында Qaz365.kz порталының тілшісі профессормен сұхбат құрып, Жапониядағы білім беру жүйесі туралы әңгіме өрбітті.
– Сәлем, Серік! Уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет! Сізді жоғары лауазымға тағайындалуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз.
– Рахмет! Мен де Отанымнан жырақта жүрген кезімде жерлесіммен тілдесіп отырғаныма өте қуаныштымын.
Өзім Семейдің тумасымын, қарапайым отбасында тәрбиелендім, әкем инженер-автомеханик болып істесе, анам әлеуметтік салада қызмет етті. Туған қаламның тарихы ядролық сынақтармен тығыз байланысты болуы менің өмірде өз таңдауымды жасауға әсер етті.
Семей қаласындағы № 3 мектепте оқыдым, басында мені сандардың дәлдігі қызықтырып, инженер болуға өзімді іштей дайындалдым, тіпті математиканы тереңдетіп оқытатын сыныпта оқыдым. Бірақ мектеп бітірер кезде ойым өзгерді. Адамдарға пайдамды тигізсем деген ой мені мүлдем басқа жолға бастады, сөйтіп, дәрігер мамандығын таңдадым. Бұл жай ғана шешім емес, жүрек түбіндегі адамдарға, соның ішінде ядролық сынақтардан зардап шеккен жандарға көмектессем деген ықылас-пейілім болатын.
Мектепті тәмамдап, Семейдегі медициналық институтына түстім, оны бітірген соң, хирургия бойынша ординатурадан өтті. Содан кейін 90-шы жылдардағы қайта құру кезеңі келді. Көптеген өзгерістер болды, Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, дербес ел атанды. Міне, осы кезеңде радиацияның әсерін зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Менің тағдырымдағы үлкен бетбұрысқа толы сәт Нагасакиден келген жапон ғалымдарымен кездесу деп айтар едім. Бұл да Жапониядағы ядролық жарылыстың қасіретін бастан кешірген қос қаланың бірі. Нагасакидің ғалымдары Семейге келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Ол кезде мен мединституттың студенті ретінде конференцияларға белсенді қатысып, шетелдік ғалымдардан алған білімді бойыма сіңірдім, олармен көбірек кездесіп, әңгімелестім. Шамасы, менің бұл тақырыпқа деген шынайы қызығушылығым оларды да таңқалдырса керек, олар маған өз тараптарынан Жапонияға келіп, мемлекеттік стипендия бойынша PhD докторантураға түсу туралы бірегей мүмкіндік ұсынды. Адам баласына өмірде бір-ақ рет берілетін мүмкіндік болады, мен оны қолымнан шығарып алғым келмей, жапондықтардың ұсынысын қабыл алдым.
Осылайша мен Нагасаки университетінде білімімді жалғастырдым. Он жылға жуық уақыт бойы мен медицина мектебінің зертханасында ДНҚ деңгейіндегі сәулеленудің қалқанша безі мен сүт безі қатерлі ісігінің даму механизмдерін қалай қоздыратынын зерттей отырып, генетиканың күрделі әлеміне еніп кеттім. Бұл терең ізденістерге толы іргелі жұмыс болды.
Бірақ уақыт өте келе, мен зертханамен ғана шектелмей, зерттеу жұмыстарының аясын әрі қарай кеңейткім келді. Мені қоғамдық денсаулық сақтау бағыты бойынша ұлт денсаулығын сақтаудың жүйесін қалыптастыру мәселесі қызықтырды. Бұл жолы да менің арманымның ақ желкенін желбіретіп, 2009 жылы мен қазір жұмыс істейтін Ritsumeikan APU университетінде денсаулық сақтауды басқару бағдарламасы ашылды. Бұл мен үшін алдымнан ашылған ақ жол болды. Үміткерлер саны көп болды, дегенмен қатаң іріктеуден өткендердің арасында мен де болдым.
Бұл жерде мен сабақ беріп, ғылыми жобаларды жүргізе бастадым, әсіресе, Қазақстанмен көптеген бірлескен бастамаларды жолға қойдым. Өзім түлеп ұшқан Семей медициналық университеті мен Алматыдағы Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дегі әріптестеріммен тығыз іскерлік байланыстамын.
Соңғы бес жыл менің еңбек жолымдағы мансаптық өсу кезеңі болды: алдымен деканның орынбасары, бір жылдан кейін оқу бөлімінің деканы болып тағайындалдым. Міне, жақында ғана ректор университеттің проректоры, вице-президенті болу туралы ұсыныс жасады. Бұл мен үшін тосын сый болғанын мойындаймын. Бұл қызмет үлкен жауапкершілік жүктейтінін жақсы түсіндім, әсіресе, тәртіп пен нәтижеге өте жоғары талаптар қойылатын жапон елінде.
Бірақ мен одан қорықпадым, өйткені мен бұл лауазымның Жапония мен Қазақстан арасына алтын көпір болып, байланыстарды одан әрі нығайтуға зор мүмкіндік беретінін ұқтым.
Қазақстанның шалғайында жатқан Семейдегі қарапайым отбасынан шыққан жігіттің Жапонияда осындай дәрежеге жеткенін түсінудің қандай керемет сезім екенін білесіз бе? Бұл зор мақтаныш сезімін тудырады және үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен үшін ең маңыздысы – Жапонияда өмір сүрген 25 жылда мен Қазақстан азаматы болып қала беремін. Менің қолымдағы төлқұжатым да зеңгір аспан сияқты көк түсті қазақстандық құжат.
– Өзіңіз еңбек етіп жатқан университетіңіз туралы айтыңызшы?
– Жапонияның Беппу қаласында орналасқан Рицумейкан Азия-Тынық мұхиты университеті (APU) – Азиядағы халықаралық жоғары оқу орындарының бірі. Оқытушылардың жартысы – шетелдіктер, ал студенттер 100-ден астам елден келеді. Жапонияға дипломнан кейінгі білім алу үшін келетін студенттердің саны қарқындап тез өсуде. Бұл мәліметті елшілікте де растап отыр. Біздің университетте студенттерден жапон тілін білу талап етілмейді, ағылшын тілінде-ақ оқуға мүмкіндік береді. Қазақстаннан бакалавриатта оқитын бірнеше студент бар. Магистратурада менде бір студент болды. Олар біздің университетті өз бетінше тауып, өздері келіп, ағылшын тілінде оқып, жапон тілін үйренді.
– Жапондықтардың білім беру жүйесі қандай? Жапондықтар мен олардың білімге деген қарым-қатынасы туралы бөліссеңіз.
– Керемет сұрақ! Жапондықтардың білімге деген көзқарасы – олардың қоғамының басты ерекшеліктерінің бірі. Осы тақырыпқа толығырақ тоқталайық.
Жапондықтар білімге ерекше прагматизммен қарайды. Олардың мәдениетінде сапалы білімнің тұрақты мансап пен гүлденген болашаққа апаратын тікелей және сенімді жол екендігі туралы түсінік қалыптасқан. Жапониядағы беделді диплом мен табысты мансап арасындағы бұл байланыс өте айқын көрінеді. Көп жағдайда бұл – 60-70-ші жылдардағы «жапондық экономикалық ғажайып» дәуірінің мұрасы. Сол кезде жаңа Жапонияны салған алпауыттар жұмысқа қабылдау кезінде тек алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының түлектеріне басымдық берді. Айталық, Токио университетінің дипломы жетекші корпорацияға жұмысқа орналасудың нақты кепілі болады. Елестетіп көріңізші: беделді университетте баланы ақылы оқытуға көп қаражат салған ата-ана баласының болашағына еш алаңдамауына болады. Неліктен? Өйткені ол кезде өмір бойы жалдау жүйесі өркендеп тұрған еді. Адам компанияға 25 жасында келіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін сол жерде жұмыс істей алады және жалақысы да біртіндеп өседі, қызметі де жоғарылайды. Университетті, содан кейін компанияны дұрыс таңдау өмір бойына жететін қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда өмір бойы жалдау жүйесі әлі де сақталып қалса да, менталитеттің өзі, білім болашаққа салынған маңызды инвестиция деген сенім әлі де күшінде. Білімнің құндылығын жақсы түсінген жапондықтар арқылы әлі күнге дейін балаларына сапалы білім беруге тырысады.
Алайда тағы бір маңызды жағын айтып өткен абзал. Мәселенің бәрі тек дипломға тіреліп тұрған жоқ. Жапонияда әдептілік, тәртіп, жауапкершілік, командада тіл табысып жұмыс істей білу сияқты адам бойындағы жеке қасиеттерге де үлкен мән беріледі. Бұл қасиеттер жапон қоғамының негізі болып табылады және оларды бала бойына ерте жастан үйде де, мектепте де сіңіріледі. Сіз ең жақсы университеттің түлегі бола тұра, әріптестеріңізбен ортақ тіл таба алмасаңыз, ұжымның бір бөлігі бола алмасаңыз – қызмет бабаында жоғарылай алмайсыз. Сонымен, бұл елде жетістікке жету үшін жақсы білім мен дамыған әлеуметтік дағдыларды ұштастырып, тұтас тізбектің сенімді бір буыны бола білу қажет.
– Жапония университеттерінде ғылымды дамытудың негізгі аспектілері қандай?
– Жалпы, жапондық жоғары оқу орындарындағы ғылым стратегиялық басымдықтар мен халықаралық бәсекеге қабілеттілікке баса назар аудара отырып, мемлекеттік саясат пен қаржыландырудың (әсіресе Kakenhi арқылы) күшті ықпалымен дамуда, сонымен қатар іргелі зерттеулер мен жас кадрларды қолдау саласында кездесетін қиындықтар жа жоқ емес.Негізгі аспектілердің бірі – қаржыландыру. Бұл – білім министрлігі (MEXT) және Жапонияның ғылымды дамыту қоғамы (JSPS) басқаратын барлық салалардағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді конкурстық қаржыландырудың басым жүйесі. Kakenhi алу зерттеушілер үшін өте маңызды және олардың белсенділігі мен танылуының негізгі көрсеткіші болып табылады. Гранттардың көптеген санаттары бар (S/A/B/C негізгі зерттеулері үшін, жас ғалымдар үшін, серпінді зерттеулер үшін және т.б.).
Ұлттық университеттер негізгі қаржыландыруды MEXT-тен алады (операциялық гранттар), оның бір бөлігі ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы мен қызметін қолдауға жұмсалады. Алайда, бұл үлес азайып келеді және барған сайын сыртқы және конкурстық қаражаттың маңызы арта түсуде.
Үкімет (MEXT, METI, Министрлер кабинеті) ірі, стратегиялық маңызды зерттеу бағдарламаларын (мысалы, «Қоғам 5.0» стратегиясы, жасыл трансформация (GX), Moonshot, World Premier International Research Center Initiative бастамасы шеңберінде – WPI) бастайды. Университеттер осы жобалар аясында қаржыландыру конкурстарына белсенді қатысады.
Жеке сектордан қаржыландыру бірлескен ғылыми жобалар, келісімшарттық зерттеулер, қайырымдылықтар арқылы жүргізіледі. Бұл бағытты мемлекет белсенді түрде қолдайды, бірақ өзара әрекеттесу деңгейі университеттер мен ғылым салалары арасында әртүрлі болады. Жапонияның Ғылым және технологиялар агенттігі (JST) бұған ықпал етуде маңызды рөл атқарады.
– Әртүрлі мемлекеттік емес ғылыми қорлардан бөлінетін гранттарды бөлу кезінде қандай жоғары оқу орындарына басымдық беріледі?
– Жапонияның ұлттық университеттері тарихи тұрғыдан елдің іргелі ғылымы мен негізгі зерттеу күшінің орталықтары болып табылады (әсіресе бұрынғы Императорлық университеттер). Жетекші жеке университеттердің де күшті зерттеу әлеуеті бар, олар көбінесе белгілі бір салаларда (мысалы, Keio, Waseda) жұмыстанады. Университеттермен аффилиирленген ғылыми-зерттеу институттары да, ірі тәуелсіз орталықтар да (RIKEN, AIST және т.б.) университеттермен тығыз жұмыс істейді. Екі негізгі JSPS және JST агенттіктер гранттар, шәкіртақылар және стратегиялық бағдарламалар арқылы ғылыми ландшафтты қалыптастырады. JSPS іргелі ғылым мен кадрларды қолдауға, JST стратегиялық зерттеулер мен технологиялар трансферіне көбірек көңіл бөледі.
– Ғылымда қандай зерттеулерге басымдық қарастырылған?
– Жапонияда ғылымның физика, химия, материалтану, инженерия, медицина және өміртану сияқты салалары дәстүрлі түрде жоғары дамыған. Қазіргі қоғамда басымдықтар ұлттық стратегияларға сәйкес келеді – «Қоғам 5.0» (AI, IoT, Big Data), жасыл трансформация, өмір және денсаулық, ғарыш, апаттардың алдын алу ғылымдары. Пәнаралық және ірі әлеуметтік мәселелерді шешуге баса назар аударылуда.
Сондай-ақ, интернационалдандыру саласында бірлескен гранттар мен жобалар (WPI, JSPS бағдарламалары) арқылы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде қолдау құпталады. Мақсаты – жапон ғылымының жаһандық көрінісі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
– Ғалымдарды даярлауға қандай көңіл бөлінеді?
– Зерттеушілерді даярлау PhD және докторантурадан кейінгі бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады (көбінесе JSPS шәкіртақысына). «Tenure track» жүйесі енгізілуде, бірақ барлық жерде емес. Тұрақты позицияны алу жоғары бәсекеге қабілетті болып қала береді. Қысқа мерзімді жобалық ставкаларға тәуелді жас ғалымдарды жұмыспен қамтуда тұрақсыздық мәселесі бар. Зерттеу нәтижелері MEXT тарапынан ұлттық университеттердің қызметін бағалау кезінде ескеріледі және болашақ қаржыландыру көлеміне әсер етеді. Университет рейтингтері де маңызды рөл атқарады.
– Жапонияда ғалымдардың еңбегі қалай бағаланады? Олар лайықты жалақы ала ма?
– Мен нақты сандарды айтпай-ақ қояйын, бірақ Жапониядағы ғалымдардың еңбегіне ақы төлеу принциптеріне тоқталып өтейін. Мұндағы жүйе өте айқын және жоспарлы.
Негізгі фактор – академиялық ұстаным. Қызмет бабында жоғарылау белгілі бір сатылар арқылы жүзеге асырылады: ассистент, содан кейін доцент (Associate Professor) және жоғары сатысы – профессор. Осы сатының әр баспалдағымен жоғары қарай қадам басқан сайын жалақы да айтарлықтай өседі. Бұл адамның жауапкершілік деңгейін де, ғылыми үлесін де көрсетеді.
Таза академиялық позициядан басқа, кірістің көбеюіне әкімшілік лауазымдардың да әсері бар. Егер ғалым факультет деканы немесе кафедра меңгерушісі болу сияқты қосымша жүктемені өз мойнына алса, онда әдетте жалақысына үстеме ақы төленеді.
Көптеген жапондық ұйымдарға тән тағы бір маңызды элемент – бұл жас ерекшелігі мен еңбек өтілі факторы. Ұзақ уақыт бойы бір лауазымды атқарып отырса да, жинақталған тәжірибесі мен мекемеге деген адалдығының көрсеткішін бағалау ретінде оның жалақысы жыл сайын сайын біртіндеп өсе түсуі мүмкін. Бұл жүйеде еңбек өтілі де маңызды роль атқарады.
Жалпы деңгейге келетін болсақ... Мен мұндағы ғалымдар, мысалы, ірі корпорациялардың топ-менеджерлерімен салыстырар болсақ, жоғары жалақы алады деп айтпас едім. Бірақ жүйе ғалымның мәртебесі мен біліктілігіне сәйкес келетін лайықты, тұрақты кірісті қамтамасыз етеді. Бұл жалақы сізге жайлы өмір сүруге және ғылыми және оқытушылық жұмыстарға көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Бұл жерде үстемақы туралы емес, тұрақтылық пен мамандықты құрметтеу туралы сөз қозғаған дұрыс.
– Қарапайым жапон ғалымын не мазалайды?
– Жақсы сұрақ. Жапониядағы ғалымның жұмысының ерекше ерекшеліктерінің бірі – оның тұрмыстық ұсақ-түйектерге алаңдамай, ғылымға толықтай берілуге жасалған мүмкіндік. Мұндағы қызмет көрсету деңгейі жоғары қойылғаны соншалық, машина жөндеу немесе үйдегі тұрмыстық ақауларды жою сияқты мәселелер бас қатырмайсыз, оларды арнайы қызмет өкілдері тез және тиімді шешіп береді, сөйтіп, сіздің бар уақытыңыз бен ойларыңыз ең бастысы жұмысыңыз – зерттеулермен мен эксперименттермен айналысуға бағытталады. Бұл ойыңызды барынша жинақтауға зор мүмкіндік береді. Мансап туралы алаңдамасаңыз да болады, өйткені, бұл жүйе өте ашық және тек өзіңіздің еңбек ету деңгейіңізге негізделген. Әрине, мінсіз жүйе болмайтын шығар, бірақ Жапонияда адамның еңбекқорлығы, атқарған жұмысының сапасы және нақты нәтижелері адал бағаланады. Таныстық арқылы қызметін көтеру деген мұнда мүлдем жоқ. Бұл жерде сіз өзіңізді тек еңбекпен дәлелдеуіңіз қажет. Жеке өз басыма келсек, мен бұл елде шетелдік бола тұра осынша жоғары деңгейге жетуім – менің қызмет барысындағы еңбек дағдыларымның және қол жеткізген табыстарымның және нәтижелерімнің шынайы бағаланатынын көрсетсе керек.
Айта кету керек, мұнда белгілі бір қасиеттер мен дағдылар бағаланады. Егер сіз өз дағдыларыңызды көрсетіп, нәтиже бере алсаңыз, онда сіз қызмет бабында жоғарылай аласыз.
– Қазақстанда көптеген жас ғалымдарды баспана мәселесі қинайды. Сондықтан олар пәтер жалдайды, сонымен бірге үй сатып алуға ақша жинайды. Жапонияда жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?
– Бұл өте маңызды аспект. Әрине, экономиканы тікелей салыстыру қиын, бірақ Жапониядағы жас ғалымдар туралы айтатын болсақ, жағдай мынадай: бастапқы жалақы әлемдегі ең жоғары болмауы мүмкін, бірақ олар лайықты өмір сүруге мүмкіндік береді. Олар ағымдағы шығындарды, соның ішінде тұрғын үйді жалға алуды жабуға жеткілікті, бұл бюджеттің маңызды бөлігі болуы мүмкін, бірақ ақша жинақтауға да қалады.
Бірақ бұл жерде, менің ойымша, кірістің нақты мөлшері емес, жүйенің тұрақтылы және сіздің өміріңізді жоспарлау мүмкіндігіңіз басты орында болуы тиіс. Жапондық академиялық ортада мансаптық өсудің нақты траекториясы бар. Егер сіз жұмысыңызды адал атқарсаңыз, нәтиже көрсетсеңіз, онда қызметіңіздің өсуіне және, сәйкесінше, 2-3 немесе 5 жылдан кейін жалақыңыздың да еселеп өсуіне сенім мол.
Дәл осы тұрақтылық пен жоспарлау жас ғалымдарға ертеңгі күнге сенімділік береді. Олар өз қаржысын жоспарлай алады, алаңсыз тқратын үйін жалға алады және алдағы уақытта өз баспанасын сатып алу туралы ойлануы ықтимал. Ұзақ мерзімді жоспарларды, соның ішінде тұрғын үй жоспарларын құруға кедергі келтіретін тұрақсыздық пен белгісіздік сезімі жоқ. Ең бастысы – бұл болашаққа деген сенімділік.
Мұндай жүйе, әрине, қызметкерлердің өз университеттері мен ғылыми орталықтарына деген адалдығына ықпал етеді. Адамдар болашақты көре алады және тұрақтылықты бағалайды.
Бұл ретте мұндай қолдаудың университеттердің қандай да бір арнайы тұрғын үй бағдарламалары арқылы жасалмайтынын (бірақ олай да болуы мүмкін), бірақ бұл жоспарлы мансаптық ортаны құрайтын ғылым мен білім берудегі жалпы мемлекеттік саясаттың арқасында жүзеге асырылатынын ескеру маңызды.
– Үкімет тарапынан ғалымдар үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Ғалымдарға жеңілдіктер бар деп айта алмаймын. Бірақ оларға несиелер өте төмен пайызбен беріледі, шамамен 0,1-0,2%. Адам өз пәтерін несиеге оңай сатып ала алады.
Зерттеушілердің келесі буыны үшін тұрақты мансаптық перспективаларды қамтамасыз ету өзекті мәселе болып қала береді.
Жапонияда барлық мамандықтардың өкілдеріне бірдей қарайтынын айтқым келеді, кейбір жеке санаттар үшін ешқандай артықшылықтар жоқ. Атай өтетін жайт, Жапонияда оқытушылар құрметті адамдар болып саналады. Яғни олардың қоғамдағы мәртебесі жоғары. «Сенсей» сөзінің өзін олар қор құрметпен атайды, бұл атауға ие болғандарға да белгілі бір жауапкершілік жүктеледі.
– Қазақстан оралу ойыңызда жоқ па?
– Қазақстан – бұл картадағы жай белгі ғана емес, бұл менің Отаным, мен осы елдің азаматымын және болып қала беремін. Менің түп-тамырым сонда, Қазақстанмен ешқашан ойымнан шыққан емес. Менің алға қойған мақсаттарым мен жоспарларымның көпшілігі Қазақстанмен тығыз байланысты.
Бәлкім, парадок дерсіз, бірақ осы жақта жүріп мен мынаны түсіндім: Жапонияда жүріп-ақ Қазақстан үшін көп нәрсе істей аламын.
Неліктен мен мүндай ойға келдім? Мұндағы жұмысым маған екі елдің ортасына алтын көпір болуға мүмкіндік береді. Жетекші жапон клиникаларында қазақстандық дәрігерлеріміз үшін тағылымдамаларды ұйымдастыруға ықпал етуге, оларға озық әдістемелерді меңгеруге көмектесуге мүмкіндігім бар. Сонымен қатар, мен жапон профессорлары мен дәрігерлерінің Қазақстан,а келіп, бірегей шеберлік сыныптары мен консультациялар өткізуіне жәрдемдесемін. Өзара білім алмасу мақсатында бірлескен ғылыми конференцияларды ұйымдастыруға белсенді қатысамын.
Осы қызметтің барлығын өзімнің Жапония мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, өз Отанымда ғылым мен медицинаны дамытуға қосқан жеке, маңызды үлесім деп есептеймін. Бұл жұмыстардың елімізге нақты пайда әкелетініне сенімім мол. Мен Қазақстан үшін барынша тиімді бола алатынымды білемін, сондықтан бұл істі жалғастыра беремін.
– Ақпараттық технологияның арқасында қазақстандықтар Жапония туралы жақсы біледі деп айтуға болады. Ал жапондықтар Қазақстан туралы біле ме? Ғалымдар, журналистер, саясаткерлер сияқты зиялы қауым өкілдерінің еліміз туралы пікірлері қандай?
– Байқасаңыз, жапондықтар ешқашан негатив айтпайды, бұл олардың мәдениеті. Өз тәжірибемнен айтайын, мен Жапонияға алғаш келгенімде, Қазақстан туралы көпшілік ештеңе біле бермейтін. Бұл одақтың ыдырау кезеңі еді. Қазір жапондықтар Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі елдердің бірі екенін біледі. Интеллектуалды адамдар көп оқиды, олар Қазақстан туралы оң пікір айтады, кейде тіпті білімдерімен таңқалдырады. Елімізге қызығушылық танытып, сұрақтар қойып жатады. Көбінесе елдің дамуы, Қазақстанның жер қойнауындағы пайдалы қазбалар, халықтың ұлтаралық қатынастары туралы сұрайды.
Менің ойымша, екі ел арасында көрінбейтін жақындық бар. Жапондықтар Қазақстанға келгенде өздерін өте жайлы сезінеді. Өйткені мәдениетаралық тұрғыдан үлкендерге, ата-бабаларға деген сый-құрмет, отбасылық құндылықтар, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау сияқты ортақ принциптер бар.
– Былтыр Қазақстанның Цифрландыру министрлігі есеп бергенже еліміздегі ұялы байланыстың сапасы Токиодан да жақсы дегенін жаңалықтардан оқыған шығарсыз. Бұл шынымен де солай ма?
– Байланыс сапасы бойынша ешқандай проблема жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Мысалы, біз қазір ватсап арқылы аудио байланысқа шығып отырмыз. Ешқандай проблема жоқ сияқты.
Жапонияда, атап айтқанда, біздің университетті алсақ, барлық жұмыс интернет байланысы арқылы жылдам ақпарат алуға негізделген деп айтқым келеді. Менде менде жұмыста да, үйде де интернет жөнінде қиындық жоқ. Баяу жылдамдықты сезбеймін.
Біздің кампус қаланың өзінде емес, теңіз деңгейінен 300 метр биіктікте орналасқан. Мұндағы байланыс керемет. Университеттегі 6 мың студенттің барлығы телефонмен жүреді. Интернет жылдамдығына шағым түскен емес.
– Әлеуметтік желілерден, интернеттен метрода газет оқып отырған жапондықтардың суреттерін көруге болады. Бұл шынымен де солай ма?
– Бұрын солай болған. Газет оқып отыратын. Қазір ешкім метрода газет оқымайды. Себебі олардың барлығы енді газетті смартфоннан оқиды. Бұл жерде айта кететін бір маңызды мәселе бар. Жапондықтар басқа адамның кеңістігін өте жоғары бағалайды. Сондықтан метрода қатты сөйлесуге болмайды. Олар сөйлеседі, бірақ дауыстарын қатты шығармайды. Бөтен адаммен сөйлесу деген тіптен жоқ. Сонда газет оқудан басқа не қалады? Олар кездейсоқ басқа адамдардың көзіне тіке қарап қалмау үшін газетке шұқшияды. Біреуге сыртынан қадалып қарау, көзіне тіке қарау да әдепсіздік болып саналады.
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет. Сізге сәттілік тілеймін!