Ғылым күні Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күнімен сәйкес 12 сәуірде белгіленген
Қазақстан қоғамында өткен тарихи кезеңге қатысты стереотиптерден арылу және ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жүзеге асырылуда. Осыған байланысты, идеология саласындағы мәселелер, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту ісі қазіргі таңда талқыланатын басты мәселе болып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі e-history.kz сайтына сілтеме жасап.
2024 жылғы 15 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық [1].
Осы тарихи сананың өзгерісінде тарих ғылымының атқарар рөлі айрықша. Ұрпақ санасына «Менің отаным, менің елім» деген ұғымды қалыптастыру міндетін іске асыруда қазақтың ардақты азаматтарының сан қырлы тұлғалық қасиеттерін аша отырып, ұлттық руханиятқа қосқан үлестеріне баға берілу қажет. Міне, сондықтан да Президентіміз «...біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» - деген ой түйіндеген болатын. Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге де зор септігін тигізеді [2].
Қазақ тарихында ұлттық ғылымның көкжиегін кеңейтіп, өндіріс пен ғылымды ықпалдастырған дарынды ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың алар орны ерекше. Отандық ғылым Қаныш Сәтбаевтың тұсында дәуірлеп, биік дәрежеге көтерілді. Ол елімізде ғылымды дамытудың жолдарын ұсына отырып, жастарды ғылым мен мәдениетке тәрбиелеу, білім беру ісін жетілдіру, жас мамандарды даярлау мәселелерін ғылыми тұрғыда көтере білген тарихи тұлға.
Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күнімен сәйкес 12 сәуірде белгіленген. 2011 жылы бекітілген бұл күн 2012 жылдан мереке ретінде атап өтіле бастады.
Оның азан шақырып қойған Ғабдул-Ғани есімі араб тілінен аударғанда «Барлық жаратылыс иесінің құлы» деген мағына береді. Алайда ол анасының еркелетіп Ғаныштай (Қаныш) атануымен әлемге әйгілі болды. 2015 жылы Медеу Сәрсекенің көнекті тұлғаға арнап жазған «Қазақтың Қанышы» деректі ғұмырнама-романы 11 рет басылып, әлемнің 112 еліне тараған.
Бала кезінен тау-тасқа деген қызығушылығы басым болған Қаныш Имантайұлының ғылым жолына түсуіне жол көрсеткен ұстазы, профессор М.А.Усов еді. 1926 жылы 14 мамырда Томск қаласындағы технология институтының кен факультетін инженер мамандығы бойынша тәмамдаған Қаныш Имантайұлы бірден туған өлкесіне аттанады. Ондағы басты мақсаты - қазақ даласында кен барлау жұмыстарын жүргізу арқылы қазба байлықтарын зерттеп, ел өндірісінің дамуына үлес қосу болатын.
Бұл жайында «Қазақ тілі» газетінің 1926 жылғы нөмірінде жарияланған жазбадан білеміз: «Біздің қазақта оқушы аздығының үстіне инженер жоқтың қасы еді...Қазақстанның өнеркәсіп тарихында Қаныш жолдас өндіріске басшылық ету қызметіне кірісіп отырған тұңғыш маманымыз... Имантайұлы Қаныш азаматтың қаз тұрып келе жатқан Қазақстан өндірісін көркейту жолында аянбай қызмет етуіңе сеніміміз күшті, әмісе сол істе жолы болғай!» [3].
Осылайша, 1926 жылы Қазақ КСР халық шаруашылығы орталық кеңесінің жолдамасымен Қарсақбай поселкесіне келген Қаныш Сәтбаевтың еңбек жолы басталды. Ал екі жылдан кейін, яғни, 1928 жылы 19 қазанда түнгі сағат 23-те Қарсақбай мыс балқыту зауытының консерваторынан тұңғыш рет мыс бұлағы ағызылды. Қазақстандағы тұңғыш мыс өндірісінің өнімі, тұңғыш қазақ мысының дүниеге келген тарихы осылай Қаныш Сәтбаев есімімен бірге аталады.
Қаныш Имантайұлы 1926 жылдан бастап, он бес жыл бойына Жезқазған мыс кен орнында геологиялық-барлау қызметін басқарды. Міне, осы уақыт аралығында оның алған білімі мен зерттеушілік дағдысы ғылым мен өндірісті терең меңгеруге және оларды өзара үйлестіруге тәжірибе болды. Ол ауа-райының қолайсыздығымен де, уақытпен де санаспай төзімділікпен атқарған жанқиярлық еңбегі арқасында бірегей мыс кен орны қорының әлдеқайда көп екенін іс жүзінде дәлелдеді. Оның геолог-барлаушы ретіндегі қызметі кешенді түрде зерттеуге бағытталды. Атап айтар болсақ, Жезқазғанмен қатар, Атасу мен Қарсақбайдың темір кені, Найзатас пен Жездінің темір-марганец кені, Байқоңырдың көмірі және басқа да көптеген кен орындары.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы танк бронын құюға қажет марганец тапшылығы туындаған ауыр кезде Қаныш Сәтбаев Жезді кенішін жедел ашып, Оралдың металлургия өндірістерін аса қажет шикізатпен жабдықтауды іске асырды. Осылайша, қысқа мерзім ішінде стратегиялық шикізатты өндіруді жолға қойып, ғылыми ізденісті өндірісте іске асыру арқылы Жеңісті жақындатуға үлес қосты.
Соғыс жылдары Ресей Ғылым ордасының төралқа құрамы, тарих, экономика, география институттарының Алматыға қоныс аударып, ғылыми жұмыстарын жалғастыруда ол көмегін аянбады. 1941 жылы Ресей ғалымдары еңбек еткен Алматыдағы геологиялық ғылымдар институтына 1964 жылы академик Қ. Сәтбаевтың есімі берілді.
Дарынды ғалым соғыс жылдары кен орындарында геологиялық-барлау қызметімен қоса, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға да уақыт таба білді. 1942 жылы жазған «Кеңес Одағындағы мысқа құнарлы құмдауыт кендер», «Қазақстанда қара металлургия өндірісін ашудың мүмкіндіктері» монографияларында қара металлургия комбинатын салу қажеттіліктерін ғылыми дәйектемелер арқылы көрсеткен болатын. Осының негізінде 1942 жылы 25 сәуірде Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақстанда темір қорытатын зауыт және металлургия комбинатын салу туралы қарар қабылдады. Ал «Жезқазған ауданының кен қазбалары» ғылыми монографиясы 1942 жылы Сталиндік марапатқа ие болып, осы сыйлықтың жартысын Отан қорғау қорына өткізді.
1942 жылы 17 тамызда Жоғары аттестациялау комиссиясы Қаныш Сәтбаевтың ғылыми еңбектерін жоғары бағалай келе, геология-минерология ғылымдарының докторы атағын қорғаусыз беруге шешім қабылдады.
Қ. Сәтбаевтың ғылым саласындағы маңызы зор ғылыми еңбектерінің қатарына «Қазақстанда өндіргіш күштерді онан әрі дамытудың кейбір мәселелері», «Көркейген қазақ халқының ғылымы мен мәдениеті», «Қазақстанда ғылымның табыстары» т.б. жатады [4].
Ұлы тұлғаның соғыстың ауыр кезеңіне қарамастан Қазақ КСР-нің Ғылым академиясын құру жұмысына белсене атсалысуы көрегендіктің белгісі, болашақты болжауы еді. Оның қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1946 жылдың 1 маусымында Қазақ КСР-і Ғылым академиясының шаңырағы көтерілді. Осылайша, Қаныш Имантайұлы отандық ғылым мен техниканы дамытуға институционалды негіз орнықтырды.
Ғалым күш-жігерімен жаңа алып құрылыстарды салу ісіне белсене кірісті. Теміртау, Аят, Лисаков, Соколов-Сарыбай, Қашар кен комбинаттарын салу, Үлкен Торғайдағы темір-магнетит кендерін пайдалану, Өскеменде Алтай кен-металлургия және Қарағандыда химия-металлургия институттарының ашылуына, Қарағанды өндіріс торабын сумен жабдықтау ісіне зор үлес қосты.
Бұдан басқа ғалымның тарих, білім беру ісі, әдебиет, өнертану туралы ғылыми еңбектері қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласына айтарлықтай үлес қосты.
Қаныш Имантайұлы жас кезінен туған елінің қазба байлықтарын зерттеуге ынталануымен қоса, елінің болашағына алаңдап, ағарту ісіне, өнерге, ғылымға бет бұра бастайды. Студент кезінде жазылған күнделік дәптерінде: «...Даланың марғау тірліктен оянып, отырықшы ел атанып, мәдениеті ілгері, ілімі озық халықтармен терезе теңестіретін мезгілі жетті... Оянған қазақ өлкесінің мұндай өнерге, білімге, ғылымға іңкәр болғаны қашаннан...Оны жаңа жағалауға бастайтын көш басшылар – мына біздер, қазақтың жас оқығандары. Демек, алдағы мұрат-мақсатымыз, өміріміз осы жолға арналуға тиіс. Ол – ағарту жолы!» - деген жазба келтірілген.
Осы мақсатта университетте оқып жүрген кезінде А.П. Киселевтің ескі оқулығы негізінде қазақ тілінде «Алгебра» оқулығын жазып шығады. Ғалымның дербес мұрағатында аталған оқулық қолжазбасының арабша жазылған 700 беттік алғашқы нұсқасы және латынша жазылған 1642 парақтық екінші нұсқасы сақтаулы тұр.
Ғалым рудалық кендер геологиясын іздеу жұмыстарымен қатар, Ұлытау өңіріндегі тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеді. Оның 1935 жылы тарих ғылымы бойынша ашқан маңызды жаңалығы - Ұлытау шатқалының солтүстік-батысында орналасқан Алтыншоқы тауындағы Әмір Темір тұсында тасқа жазылған жазу. Академик И.А.Орбелидің ұсынысымен 1936 жылы Эрмитажға қойылған «Ұлытау белгітасы» тарихшылар арасында құнды дерек болып есептеледі.
Оның театр саласындағы өнерге де қалам тартқан әдебиет сыншысы болғандығы белгілі. 1927 жылдың 24 қаңтарында «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Қазақстан ұлт театры туралы» мақаласында: «...Қазақ ұлт театрының келешегіндегі жолына төменгі үш бағыт негіз болуы керек деп білеміз: біріншіден, театр – ел өмірінің түзу айнасы; екіншіден, театр – ел міндетінің құрулы тезі, төреші ұстазы; үшіншіден, театр – қазақтың салт-сана, күйі, сарындары сияқты мәдениет, өнер кендерінің терең ошағы, ұйытқысы» – деп ой толғады. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын «Қазақ совет әдебиетінің аса көрнекті туындысы» деп жоғары бағалап, зерттеу мақаласын жазған.
Ол әсіресе, халық мұрасына айрықша қызығушылықпен көңіл бөлген. Шоқан Уәлихановтың жазып алған «Едіге» жырының әдеби тілінің шұрайлылығы, тарихи-этнографиялық деректерінің молдығын байқап, жыр мәтінін қазақ емлесіне келтіріп, дайындаған. Белгілі музыкатанушы – фольклорист А.В. Затаевич жас Қаныштың орындауындағы әуендер негізінде 25 қазақ әнін жазып алып, 1931 жылы жарық көрген «500 қазақ әндері мен күйлері» атты жинақта жариялады.
Жезқазған-Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинақтай келе, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазды. Оның «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» туралы еңбегі мен археологиялық зерттеулері көп томдық «Қазақ ССР тарихын» әзірлеуде құнды дерек ретінде пайдаланылды.
Сонымен бірге, мектеп бағдарламалары және әдістеме бойынша да педагогикалық салада мақалаларын жазды. Ғалымның кезінде тарихты оқыту туралы айтқан ғылыми тұжырымдары қазіргі білім беру жүйесінде әлде де маңыздылығын жоймай отыр.
Ғалымның 1961 жылы «Қазақстан мұғалімі» журналында жарияланған мақаласында бағдарламадан қажетсіз материалдарды алып тастап, оның орнына негізгі заңдылықтарды оқытуға көңіл аудару керектігі айтылады. Мысалы, тарихты оқыту барысында оқушылардың шамадан тыс тарихи дата, оқиға аттарын есте сақтауы қиындық туғызатындықтан, кейбір тақырыптарды баланың ой-өрісінің жалпы дамуына тигізетін әсері болмағандықтан алып тастауға болады. Оның орнына тарихи оқиғалардың экономикалық және әлеуметтік себептерін тереңдете түсіндіру керек деген әдістемелік ұсынысын енгізген [5].
Қаныш Имантайұлының отандық ғылымды дамытумен қатар, туған халқын, туған тілін қадірлеген адами қасиеті қазіргі ұрпаққа тәлім болар артықшылығы деп білеміз.
Дарынды ғалым ретінде туған елінің табиғи жер байлығы Қазақстанның экономикасын көтеруде қаншалықты маңызды екендігін айқын түсіне білді. Сондықтан да өзінің бар күш-жігерін жер қойнауындағы минералдық шикізат қорын зерттеп ашуға бағыттады. Сонымен бірге, бойындағы бар дарын-қуатын сарп етіп, бүгінде әлемге әйгілі қазақстандық геология мектебінің негізін қалаған тұлға болып саналады.
Еліміздің экономикасын дамытуда Қ. Сәтбаев бастаған осы сара жол күні бүгінге дейін өзектілігін сақтап, жалғасын табуда. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Қазір еліміздің 1,5 миллион шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 миллион 200 мыңға жеткізу. «Жаңа заманның мұнайына» айналған сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек» деп айрықша тоқталған болатын [6].
Ғалымның ең ірі жобасының бірі - «Ертіс-Қарағанды» каналы. XX ғасырдың 50-60 жылдары ғалымның Ертіс суын Сарыарқа жонына көтеру жобасы негізінде Ертіс суы Екібастұзды жанамалай, 475 метр өрдегі Қарағанды мен Теміртау қалаларына жетіп, Орталық Қазақстан алқабы иен суға кенелді.
Оның бір кездері саналы ғұмырын сарп еткен өлшеусіз еңбегі Тәуелсіз Қазақстан экономикасын дамытуға да қомақты үлес қосуда. XXI ғасырдың алғашқы жылдарында Қ. Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды жармасының орта тұсынан тартылған мол су кернеуі Астана қаласына жетті. Өзі көре алмай кетсе де, Қаныш Имантайұлының Арқа жонына Ертістің мол суын жеткізіп, шөліркеген елі мен жеріне жаңа келбет берген арманы жүзеге асты.
Алайда, бүгінгі күні су ресурсының еліміздегі өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны бәрімізге мәлім. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Бұл жөнінде Президентіміз «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында атап өткен болатын: «Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040-жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін» [6].
Тіршілік нәрі болып саналатын су көзі тапшылығының алдын-алу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Елорда үшін маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі болып саналатын жоба қолға алынды. 2025 жылғы 31 наурызда Астана қаласында Қ.И. Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су тартқыш және №4 сорғы-сүзгі стансасының құрылысына арналған EPC-келісімшартқа қол қойылды [7].
Қаныш Сәтбаев негізін қалаған Ғылым академиясы - ғылымның қара шаңырағы талай сүрлеу-соқпақтан өтіп, жаңа биікке шығатын кезеңге келіп жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 маусымда Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған мерейтойлық сессиясында Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі қайтарылатынын жария етті [8].
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев: «Академияның тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев орасан жұмыс атқарған. Сол кезде ашылған кен орындары бүгінгі қазақ қазынасына 90 пайызын беріп тұр. Аталған кезеңде салынған электр стансалары әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде ғылым мен білімнің не екенін адамзатқа көрсетіп отыр», - деп Қазақтың Қанышының ғылым саласындағы еңбегінің күні бүгінге дейін Қазақстан экономикасындағы рөлінің зор екендігін атап өтті [9].
Туған жерінің кен тасын ғана емес, әрбір белгі-таңбасын, ән-жырын зерттеуді мақсат еткен ғалымның ұрпағына аманат еткен теңдессіз қазынасын сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу - кейінгі толқын, жас ұрпақтың абыройлы парызы болмақ.