Грант ең үздік түлектер үшін - халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ғана арналған
2026 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында бакалавриат бағыты қайта енгізіледі. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов Jibek Joly телеарнасындағы журналист Ерболат Мұхамеджанның авторлық жобасы – «УӘДЕ» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әділ Құсмановтың айтуынша, бакалавриатқа тек халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ғана қатыса алады.
«Жыл басында Президент бакалавриатты енгізу туралы заңға қол қойды. Бұған дейін, қателеспесем, 2011 жылы бакалавриат алынып тасталған еді, енді қайта енгізіп жатырмыз. Бұл жерде бір маңызды мәселені айта кеткім келеді. Бакалавриат ең үздік түлектер үшін - халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ғана арналған. Қазір біз қандай олимпиадалар болатынын анықтап жатырмыз, кейін ол тізімді бекітеміз. Жылына 20 орыннан артық болмайды деп жоспарланып отыр. Биыл құжат қабылданбайды. Құжаттарды тек келесі жылдан бастап қабылдаймыз. Қазір нормативтік-құқықтық базаны, қосымша актілерді әзірлеп жатырмыз. Қайта айтамын, негізгі талап - бұл халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болу. Бұл - жаппай бакалавриатқа жіберу емес. Келесі жылы кемінде 10 адамды жіберуді жоспарлап отырмыз. Кейін мүмкіндігімізге қарай санын арттырамыз. Мұның бәрі қазіргі қаржы аясында жүзеге асады. Яғни, бұл қаражатты магистратура мен докторантурадан алатын боламыз. Қосымша бюджет қаражаты жұмсалмайды», – деді ол.
Сондай-ақ, Әділ Құсманов болашақта бағдарламаны кеңейту бағыттарын да атап өтті. Атап айтқанда, SAT сияқты халықаралық тесттерден жоғары балл жинаған үміткерлерге де мүмкіндік беру ұсынылады.