«Өзім жетпеген биікке шәкірттерім жетсе деймін»: оқушысын Париж төріне алып шыққан тараздық мұғалім

Qaz365.kz редакциясы

Халықаралық тарих олимпиадасында Қазақстан атынан бақ сынайды.

Жамбыл облысы Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған Білім-инновация лицейінің тарих пәні мұғалімі Батырхан Құдайбергенов шәкірттерімен бірге кейінгі жылдары халықаралық олимпиадаларда жарқырап көрініп жүр. Тіпті биыл оның бір оқушысы дүниежүзілік тарих пәнінен өтетін олимпиаданың финалына өтіп, Қазақстан атынан Франция астанасында ел намысын қорғамақ. Qaz365.kz тілшісі білім мен табандылықты ту еткен педагог Батырхан Құдайбергеновпен сөйлесіп, оның шәкірт тәрбиелеу жолындағы ұстанымы мен методикасы туралы әңгімелесті.

Батырхан Әбдікәрімұлы – 2018 жылдан бері аталмыш лицейде қызмет етіп келеді. Өзбекстандағы Қарақалпақстан автономиясында туып, сол жақтағы Жамбыл атындағы мектепте білім алған ұстаз 2007 жылы отбасымен бірге Қазақстанға көшіп, Тараз қаласындағы қазіргі Шерхан Мұртаза атындағы инновациялық университетте жоғары білім алған.


 

«Өзім жетпеген биікке шәкірттерімді жеткізгім келді»

Батырхан Құдайбергенов 2018 жылдан бері Тараздағы дарынды ер балаларға арналған Білім-инновация лицейінде жұмыс істейді. Бұған дейін білім беру орталығында істеген. Жоғары жалақы, үлкен қала, жайлы жұмыс… бәрі ұсынылған. Бірақ ол лицейді таңдаған. Неге?

«Себебі олимпиадамен жұмыс істегім келді. Өйткені, мектепте оқып жүргенде мен өзімнің мүмкіндігімнің әділетсіздікпен шектелгенін көрдім. Облысқа өткізбеді. Қарапайым ауыл баласына жол берілмейтін еді. Содан кейін өзім жетпеген биікке шәкірттерімді шығарсам дедім», – дейді ол.

Ұстаздың сол арманы орындалып жатыр. Биыл үш бірдей оқушысы – республикалық алтын жүлдегер. Біреуі – халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасына енді. Жазда Парижге аттанып, ел намысын қорғайды. 

«Бұйырса, алдағы шілде айында Париж қаласында дүниежүзілік тарих пәнінен халықаралық олимпиада өтеді. Сол олимпиадаға мен дайындаған оқушы 1 орынмен Қазақстан құрамасына іріктелді. Егер ол жүлде алса, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік кез келген ЖОО-ға тегін оқуға мүмкіндік алады», – дейді мұғалім.


Бірінші алтыннан халықаралық деңгейге дейін

Батырхан Құдайбергенов алғашқылардың бірі болып лицейдегі оқушыларды 7-сыныптан бастап тарих пәні бойынша олимпиадаларға дайындаған. Алғашқы кезеңдерде күміс пен қола жүлделерге қол жеткізсе, 2021 жылы оқушысы республикалық олимпиадада алтын медаль еншілеген.

Содан бері нәтиже еселене түскен. 2022 жылы екі оқушысы күміс және қола алса, 2023 жылы Әзербайжанның Баку қаласында өткен түркі халықтарының олимпиадасынан бір алтын, бір қола жүлде алып қайтқан. Биылғы жетістігі тіптен ерекше – Қызылордада өткен республикалық кезеңде үш бірдей шәкірті алтын жүлдегер атанған.

Методика – ішкі бәсекеде

Батырхан Құдайбергенов оқушыларды олимпиадаға дайындауда өзіндік тәсіл қолданады. Ол ішкі бәсекелестікті қалыптастыру арқылы шәкірттерінің ынтасын оятады.

«Бізде лицейде сабақ 8:30-да басталып, кешкі 17:00-де аяқталады. Содан кейін тағы 2,5 сағат дайындыққа арнаймыз. Кешкі 9-10-ға дейін оқушылар өз еркімен келіп дайындалады. Өзара бәсеке жүреді. Облыстық кезеңге екі оқушы таңдалады. Ал мектеп ішінде сол орынға 8-10 бала таласады. Бұл – ішкі бәсеке. Ал сыртқы бәсекеге төтеп беру үшін алдымен ішкі бәсекеге төтеп беруі керек», – дейді ол.

Ұстаз мектеп бағдарламасынан тыс қосымша материалдар – бес томдық Қазақстан тарихы, ғалымдардың еңбектері, өзі құрастырған кітапшалар мен тест-эссе базасы арқылы оқушыны дайындайды.

«Ұстаз – адам мінезін тәрбиелейтін маман»

Ұстаздық жолдың оңай емес екенін айтқан Батырхан Құдайбергенов болашақ мұғалімдерге бірнеше кеңес айтты.

«Педагогика – робот жасау емес, адам тәрбиелеу. Бұл – ең күрделі сала. Сондықтан бірінші кезекте мұғалім мамандығын сүюі керек. Содан сабыр мен ұстамдылық керек. Әр баланың мінезі, тәрбиесі әртүрлі. Педагог солардың бәрімен тіл табыса білуі тиіс. Ең бастысы – тұрақтылық пен еңбек. Ол үшін мұғалім білімді, еңбекқор болуы керек. Егер мұғалім білім бере алмаса, онда оқушы оның артынан ермейді», – дейді ол.