Біртұтас ғылыми кеңістікті қалыптастыруға нақты қадам: Түркі географтары Алматыда бас қосты

Nur-Altay Umirzak

Ауқымды жиын өткізу бастамасы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде ұсынылған

Сурет: ҚазҰУ баспасөз қызметі

24-25 сәуір күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде II Халықаралық Түркі әлемі географтар конгресі өтті. Ғылыми форумға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қазақстаннан 100-ге жуық ғалым мен сарапшы қатысты. Жиында ғалымдар шөлейттену, экожүйенің тұрақсыздығы мен урбанизацияның әсері сияқты жаһандық сын-қатерлерге бірлесе шешім қабылдау жолдарын талқылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Айта кетейік, мұндай ауқымды жиын өткізу бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде ұсынған болатын.

Ғылыми шараның ашылуында ҚазҰУ проректоры Марғұлан Ибраимов конгрестің маңызын атап өтті.

– Көршілес түркітілдес елдерде ортақ проблемалар бар. Экология, климат, су ресурстары, пайдалы қазбалар – осының бәрі күн тәртібінде. Біздің ғалымдар осы мәселелерді шешуге арналған ұсыныстарын ортаға салып отыр, – деді ол.

Конгресс сегіз секциядан тұрды. Онда географиялық білім беру, шөлейттену үдерісін тежеу, табиғи ресурстарды цифрлық технологиялар арқылы басқару, экожүйенің тұрақсыздығы мен климат дағдарысына қарсы тұру мәселелері жан-жақты қарастырылды.

– Бұл жерде бейбітшілік, тұщы сумен қамтамасыз ету, әр мемлекеттің табиғатын қорғау сияқты бүкіл адамзатты алаңдатқан мәселелер көтерілуде. Сондай-ақ түркі халықтарының ұлттық құндылықтарын зерттеп, соған негізделген тәрбиелеу үлгілерін ұсынуға тырысамыз, – дейді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұлжалғас Есназарова.

Форум аясында қатысушылар климаттың өзгеруі, урбанизация, экожүйенің бұзылуы сияқты жаһандық сын-қатерлерге түркі елдерінің бірлесе әрекет етуі қажеттігін алға тартты. Ғалымдар тәжірибе алмасып, инновациялық әдістер мен технологияларды енгізу жолдарын да талқылады.

Конгресс жұмысына Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстаннан келген белгілі ғалымдар – Eyüp Artvinli, Mustafa Giritlioglu, Bahadır Mamurov, Чингис Исмаилов, Bülent Aksoy, Ömer Türksever, Тургунбек Ниязов, Саламат Аламанов, Алия Актымбаева, Маулкен Аскарова өз баяндамаларында геосаяси, экологиялық және мәдени-танымдық мәселелерді қозғады.

Түркі географтарының бұл басқосуы – ғылым мен саясаттың, экология мен білім берудің түйісер тұсы. 
Сарапшылардың сөзінше, бұл форум ғылымды ұлт пен аймақ шекарасынан асырып, біртұтас түркі ғылыми кеңістігін қалыптастыруға нақты қадам болмақ.