Ол магистратура мен докторантураға түсу тәртібін өзгерту қажет екенін айтқан болатын
Жақында депутат Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсу тәртібін өзгерту қажет екенін айтып, депутаттық сауал жолдаған еді. Сондай-ақ ол ағылшын тілін ерте, мектептен бастап сапалы түрде оқытуды әрі қарай күшейту қажеттігін де атап өткен болатын. Осыған орай мектеп бағдарламасында күтілетін өзгерістер туралы Qaz365.kz тілшісі депутаттың пікірін сұрап білді.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, кезінде Президенттің тапсырмасына сәйкес 3-4-сыныптар мен 10-11-сыныптарда ағылшын тілі сағатын аптасына 3 сабақтан 5 сабаққа дейін көбейтуді қолға алған. Алайда жағдай өзгеріп, бұл бастама толық іске аспай қалған.
«Кезінде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлікте жұмыс істегенде біз сол жұмысты бастағанбыз. Ағылшын тілі пәнін сол кезде 1-2 сыныптан алып тастағанбыз. Қазір 3 сыныптан бастап оқиды. Бірақ 1-2 сыныпта үнемделген сағаттарды жоғалтпай, 3-4 сыныптарда ағылшын тілін игеріп жатқанда соған көбейтіп берсек деп ойлағанбыз. Өйткені, біздің Қазақстан азаматтары үшін ағылшын тілі өте керек. Біз болашаққа ұмтылған ел болатын болсақ, онда ағылшын тілі ауадай керек. Сондықтан мектептің бағдарламасында көбірек көңіл бөлуіміз керек», – дейді депутат Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, кезіндегі жоспар бойынша 3-4 сыныптар мен 10-11 сыныптарда ағылшын тілі сағатын аптасына 3 сабақтан 5 сабаққа дейін көбейтуді қолға алған. Осы бағытты нақты іске асыру керек.
«Мектепте бес күн ағылшын тілін оқу керек деген ұсыныс көтеріп, ол жұмыс басталған еді. Бірақ осы бағытты аяғына дейін жеткізу керек. Әрине, түрлі талаптарды магистратура, доктарантураға қоюымызға болады. Алайда мектеп бағдарламасында тиімдірек болғаны ол одан да жақсы нәтиже береді. Біз соны түсінуіміз керек», – дейді депутат.