Бүгінде бұл көрсеткіш 900-ге жуықтаған
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі жекеменшік мектептер саны қысқаруы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары мұндай мектептер санының күрт артуына байланысты бірқатар заңбұзушылықтар мен сапа мәселелері туындаған.
«Жекеменшік мектептердің ашылуына байланысты ата-аналар мен әкімдіктерден көптеген шағым түсіп жатыр. Мысалы, мектеп орны жеткілікті аудандарда жаңа мектеп ашу, материалдық-техникалық базасы толық жабдықталмаған оқу орындарын тіркеу сынды жағдайлар жиілеп кеткен. Кейбірі таза пайда табу мақсатында ғана жұмыс істеп отыр», – деді министр.
Оның сөзінше, бұған дейін жекеменшік мектептер саны шамамен 100 болса, бүгінде бұл көрсеткіш 900-ге жуықтаған. Соған орай, білім сапасына бақылауды күшейту мәселесі күн тәртібіне шықты.
«Соңғы үш жылда мемлекеттен жекеменшік мектептерге бөлінген қолдау көлемі 35 миллиард теңгеден 330 миллиардқа дейін өсті. Осыған байланысты мектеп құрылтайшыларымен және қауымдастықтармен кездесіп, білім сапасы мен қауіпсіздік мәселесін талқылап жатырмыз. Мектеп жеке меншік болуы мүмкін, бірақ бала – мемлекетке тиесілі. Сондықтан әрбір білім беру мекемесі оқушының қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына толық жауапты», – деді Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, сапасыз немесе талапқа сай емес мектептер алдағы уақытта жабылуы мүмкін.
«Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру нәтижесінде, тіпті жертөледе мектеп ашуға талпынғандар болғаны анықталды. Мұндай оқу орындары міндетті түрде жабылады. Жекеменшік мектептер тек қажеттілік бар өңірлерде ғана ашылуы тиіс. Егер талапқа сай жабдықталмаса, олардың үлесі 5%-ға дейін қысқаруы ықтимал», – деді министр.