“Бұл - Үкіметтің ісі емес”: Асхат Аймағамбетов НЗМ-дегі даулы оқиғаға қатысты пікір білдірді

Nur-Altay Umirzak

Мұғалімдердің құқықтары мен мәртебесі "Педагог мәртебесі туралы" заңмен нақты бекітілген

Коллаж: НЗМ/Асхат Аймағамбетов

Қоғамда қызу талқыланып жатқан Назарбаев мектебіндегі оқушының даулы мәселесіне байланысты мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікір білдірді, деп хабарлайды  Qaz365.kz 

"Бұл – мектептің ішкі мәселесі"

Аймағамбетовтің айтуынша, талқыланып отырған жағдай – нақты бір жеке меншік мектептің құзыретіне жататын мәселе. Бұл Үкіметтің, Парламенттің, жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде емес. Сондықтан оның сөзінше, шешімді мектептің өзі қабылдауы тиіс және бұл шешімге құрметпен қарап, орындалуын қамтамасыз ету – барлық тараптың міндеті.

"Бұл мектептің өз ішіндегі мәселе. Мектеп қандай шешім қабылдаса да, ол өзінің құзыреті аясында қабылданған шешім, сондықтан оған араласу дұрыс емес. Біз бұл шешімді құрметтеуіміз және орындауымыз қажет," – деді депутат.

Мұғалім мәртебесі және тәртіп мәселесі

Депутат мұғалім мәртебесіне ерекше тоқталып өтті. Оның сөзінше, мұғалімдердің құқықтары мен мәртебесі "Педагог мәртебесі туралы" заңмен нақты бекітілген. Ал мұғалімнің мәртебесіне нұқсан келтірген тұлғаларға қатысты нақты жауапкершілік қарастырылуы қажет.

Сонымен қатар, академиялық адалдық мәселесін де көтерген Аймағамбетов жоғары оқу орындарында орын алған өрескел бұзушылықтар жағдайында да қатаң шаралар қолдану қажеттігін атап өтті.

“Университеттерде академиялық адалдықты бұзу жағдайлары тіркелсе, тіпті студенттерді оқудан шығару туралы бұйрық та берілген. Бұл – тәртіптің бір бөлігі," – деді ол.

Заң бұзушылық бар ма?

Оқушыларға психологиялық көмек көрсету – мемлекет назарындағы негізгі бағыттардың бірі екенін айтқан депутат бұл мәселеде де жан-жақты жұмыс жүргізілуі тиіс екенін жеткізді. Аймағамбетовтің пікірінше, мемлекет Конституцияда бекітілген орта білім алу құқығын қамтамасыз етіп отыр және бұл жағдайда да қандай да бір заң бұзушылық жоқ.

Депутаттардың араласуы – қысым ба?

Журналистер Аймағамбетовтан кейбір әріптестерінің бұл іске араласуы және бала құқығын қорғауы жайлы көзқарасын сұрады.

"Мен бұл мәселеге араласқан жоқпын. Бұған дейін өз ұстанымымды білдірген емеспін. Сіздер сұраған соң, пікір білдіріп отырмын. Әр депутаттың өз ұстанымы бар, оны айтуға құқығы да бар. Мен бұл жайлы ештеңе дей алмаймын”, –  деді Аймағамбетов.