Мұрат Әбенов НЗМ-дегі мұғалім мен оқушы дауын реттеудің заңды жолын көрмей тұрғанын мойындады.
Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі «бақылау жұмысына телефон алып кіріп, мұғалімді балағаттады» деген 11-сынып оқушысын мектептен шығарып жіберді. Бұл жағдайға ерекше алаңдаушылық білдіріп, оқушының құқығы бұзылды деп шу көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Qaz365.kz тілшісінің сауалына жауап берді.
Назарбаев мектебінен оқушыны шығарып жіберу Конституцияға қарсы екенін айттыңыз. Ал кейбір сарапшылар оқушылардың мүддесін қорғағандарға қарата «бұл оқушыны қорғау емес, басқа мүдде үшін мектепке шабуыл» деп бағалап жатыр. Сіз мұндай пікірге қалай қарайсыз? – деп сұрады Qaz365.kz тілшісі Мұрат Әбеновтен.
Депутат Конституцияның 23 бабы бойынша Қазақстанда әр бала орта білім алуға міндетті, ал мемлекет оған кепілдік береді деп жазылғанын еске салды.
Бұл жерде бізде заң бойынша баланы оқусыз қалдыруға мемлекетте ешкімнің құқығы жоқ. Екіншіден, бала бір кезеңде оқудан шығып қалып, ешқайда тіркеуде болмауына болмайды. Міндетті түрде бір мектепке тіркеледі. Бір мысал келтірейін: әртүрлі қылмыс жасайтын да адамдар бар ғой. Кәмелет жасына толмаған балалар сотталып жатады. Солардың өзіне де мемлекет орта білім беруге міндетті. Сол себепті Конституция бойынша баланы басқа мектепке ауыстырмай тұрып, «оқымайсың» деп, шығару заңсыз, - деді Мұрат Әбенов.
Депутат 25 мамырға дейін балаларды басқа мектеппен келіспей тұрып, шығарып тастау дұрыс екенін ескертті.
Мұғалім болдым. Бұл саланы жақсы білемін. Көп жағдайда баланы мектепте алып қалып, тәрбиелеуге тырысады. Ауылды жерде бала тәртіп бұзды деп, сабақтан шығарып тастаса, қайда барады? Баланы заң бойынша заңға тарту керек. Емтиханда тәртіп бұзса, жаман сөз айтса, өзін де, ата-анасын да полицияға беру керек. Бірақ тәртіп бұзуға заңсыз шешім қабылдамау керек, - деді ол.
Мұрат Әбенов мәселе қалай шешілетінін білмейтінін, заңды жолды көрмей тұрғанын айтты. Қатарластары мектеп бітіріп кеткен кезде бала қайда барады деген сұрақ өзекті екенін жеткізді.