Гарвардтағы дау: қазақстандық студенттердің жағдайы не болмақ

Qaz365.kz редакциясы

Ол сот шешімін күтуге шақырды. 

PrimeMinister.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Гарвард университетіндегі қазақстандық студенттердің жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрдің айтуынша, ведомство бұл мәселені жіті бақылауда ұстап отыр.

Барлық тиісті сауалымызды жолдадық. Қабылданған шешім әзірге түпкілікті емес. Қазір бұл іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Келесі сот отырысы 29 мамырға жоспарланған. Сондықтан дәл қазір дүрлігудің қажеті жоқ – соттың шешімін күткен жөн. Сондықтан ресми сот шешімін күту керек, – деді Саясат Нұрбек Astana International Forum аясында журналистер сұрағына жауап беріп.

Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гарвардта жеті қазақстандық студент білім алып жатыр: олардың бесеуі – магистрант, екеуі – тағылымгер.

Біз бағдарламаның барлық қатысушысымен байланыстамыз. Шектеу күшіне ене ме, әлде жойыла ма – бұл туралы ресми шешім шыққан сәтте қажетті шараларды қабылдаймыз. Егер шектеу заңды күшіне енсе, бізде алдын ала әзірленген әрекет алгоритмі бар, – деді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, егер студенттер Гарвардтан шығып қалатын болса, оларды Айви лигасына кіретін басқа университеттерге ауыстыру мүмкіндігі бар. Айта кетейік, бұл лига құрамына тоғыз беделді университет кіреді және барлығы «Болашақ» бағдарламасымен серіктестікте жұмыс істейді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын басқарған кезімде де осындай жағдайларға байланысты арнайы комиссия құрылған болатын. Егер мәселе азаматтарымызға, олардың мамандықтарына қатысты болса, біз оларды шектеу қойылмаған басқа университеттерге ауыстыру процесін ұйымдастыратынбыз. Студенттер сол алған стипендиясына сәйкес сол мамандық бойынша білімін жалғастыра алады. Сондықтан бізде әрдайым балама шешім бар, – деп түйіндеді министр.