Италия жоғары оқу орындарының арасында 58 екіжақты келісімге қол қойылған
Биыл Жетісу облысында тұңғыш италиялық ЖОО-ның филиалы ашылады, деп хабарлайды Qaz365.kz .
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
«Қазіргі таңда біздің жоғары оқу орындарымыз бен Италия жоғары оқу орындарының арасында 58 екіжақты келісімге қол қойылды. Бірақ ең үлкен нәтиже бүгін жарияланады. Биыл Жетісу өңірілік мемлекеттік университетінің негізінде тұңғыш италиялық ЖОО-ның филиалы ашылады. Агрономия, ауыл шаруашылығы саласындағы өте мықты университет», – деді министр.
Еске сала кетейік, бүгін елорда төрінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Италия Қазақстанның әлемдегі сауда серіктестерінің үштігіне кіретінін және Еуропадағы ірі әріптесі екеніне тоқталды. Осы орайда екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау қажеттігін жеткізді
Сондай-ақ бұл сапар қос ел арасындағы көпқырлы ықпалдастықты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті. Италия Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелони Қазақстанды Италияның стратегиялық серіктесі, ал Орталық Азия өңірін стратегиялық тұрғыдан маңызды тоғыз жолдың торабы ретінде қарастыратынын айтты.
Сонымен қатар энергетикадан бастап мәдениетке дейін, университеттердің тәжірибе алмасуы, халықтар арасын жақындату бағыттарында бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар екеніне тоқталды.
Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейту перспективасы талқыланды.