Назарбаев Университеті мен Ұлытау облысына бөлінетін ақша бірдей: мәселе Мәжілісте дау туғызды

Qaz365.kz редакциясы

Қазынадан Ұлытау облысы мен Назарбаев Университетіне 59 млрд теңге бөлінеді

parlam.kz

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Ерболат Сатыбалдин Назарбаев Университеті мен Ұлытау облысына бөлінетін бюджет көлемін салыстырып, өңірлік даму мен инфрақұрылым мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мысалы, 7000 студенті бар Назарбаев Университеті қазынадан 59 млрд теңге алады, ал 240 мың халқы бар Ұлытау облысы 59 миллиард теңге алады. Мен балалардың жалпы білім алғанына, жоғары білімге ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ бізде аспаннан айды алып бер деп сұрап отырған жоқпыз ғой. Бүгінгі күнде керегі қарапайым ғана нәрселер – таза су, таза ауа, жақсы жолдар, қолжетімді медицина, қолжетімді жоғарғы білім. Жастардың тұрақталуы үшін өңірге керекті мәдени, әлеуметтік нысандар салу керек. Осы мәселелерге қаражат қалай бөлінеді? Жаңа өзіңіз айтқандай, бұл енді балтамен шабу емей немене? Адамдардың құқығы Конституцияның алдында бірдей емес пе?», - деді депутат Ерболат Сатыбалдин өз сауалында.

Өз кезегінде премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ұлытауда қаланың инфрақұрылыммен қамтылуы өте төмен деңгейде екенін айтты.

«Өңірлік стандарттың жүйесін алсақ, Ұлытаудың қаласының инфрақұрылыммен қамтылуы – 85 пайыз, аудандық орталықтары –  88, бірақ ауылдық елді мекендер – 35 пайыз. Бұл – Қазақстан бойынша ең төмен көрсеткіш. Ертеңгі күн осыған назар аударамыз. Жалпы сипаттағы трансфертті бөлгенде әкім өзінің өңірлік даму жоспарымен келгенде, біріншіден, ауылдық жерлерге назар аударамыз. Қайда, қалай, не жоспарлады? Ішінде қандай болжамдар бар? Адамның саны қанша болады, соның бәрін дұрыстап ойластыру керек. Жаңадан ашылатын өңірлерге оң көзбен қараймыз. Халық жақсы өзгерістер күтеді. Әрине, оның бәрін біз жеткізуіміз керек», - деді вице-премьер.