Жас өнертапқыштар алаңы: Астанадағы технократтар байқауы жеңімпаздары анықталды

Qaz365.kz редакциясы

Байқауға Астанадағы 40 мектептен 5–11 сынып аралығындағы 60 оқушы қатысып, өз қолдарымен жасаған 62 техникалық жобасын ұсынды

Балалар мен техника тоғысқан шығармашылық алаңы – Астанадағы жас техниктер байқауы биылғы маусымда жаңа серпінмен өтті. Астана қалалық Білім басқармасы мен Техникалық және көркем шығармашылық орталығы ұйымдастырған дәстүрлі байқау биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына арналды. «20 жылға – 20 игі іс» акциясы аясында өткен бұл шара – Орталықтың 20 жылдық мерейтойына арналған мағыналы тарту ғана емес, балалардың ойлау көкжиегін кеңейтетін білім мен шабыттың көрінісіне айналды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Байқауға Астанадағы 40 мектептен 5–11 сынып аралығындағы 60 оқушы қатысып, өз қолдарымен жасаған 62 техникалық жобасын ұсынды. Қазылар алқасы оқушылардың инженерлік дарынына, ғылыми-техникалық шешімдеріне, фантазия мен жаңашылдығына ерекше назар аударды. Жеңімпаздар Астана қалалық Білім басқармасының арнайы дипломдарымен марапатталып, қатысушылардың бәрі дерлік ынталандыру сертификатына ие болды.

Білім мен техника үндескен бәйге

Байқау техниканың жеті бағыты бойынша ұйымдастырылды: ауылшаруашылығы техникасы, болашақтың техникасы мен фантастикалық жобалар, су және әуе көлігі, автокөліктердің эксперименттік үлгілері, әскери және ғарыш техникалары. Әр бағыт жас өнертапқыштардың жан-жақты ойлау қабілеті мен техникалық біліктілігін танытты.

Автокөлік номинациясында үш бірдей бірінші орынды иеленген жас техниктер – №41 мектеп-гимназиясынан Джангабылов Нұрхан (жет. Сейдағалиев Е.Б.), №93 мектеп-гимназиясынан Естай Назар (жет. Рабаев С.Т.) және №74 мектеп-гимназиясынан Әбілқайыр Елдар (жет. Изеев М.Ж.) – өз жобаларында функционалдылық пен креативті шешімдерді үйлестіре білді.

Әскери техника бағыты бойынша І орынға ие болған №67 мектеп-гимназиясының оқушысы Нүрбек Дарын (жет. Тлеужанов М.Ж.) мен №49 мектеп-гимназиясынан Сұлтан Ибрахим (жет. Айбеков Қ.А.) – Отан қорғаушылардың болашағына арналған заманауи үлгілерді көрсетті.

Әуе көлігі аталымында №75 мектеп-гимназиясынан Камельтай Нурай (жет. Тулеуов Н.К.) мен №79 лицейінен Бейсенов Алдияр (жет. Айешов Г.К.) үздік деп танылды. Олар жасаған ұшақтар мен тікұшақ модельдері аэродинамикалық нақтылығымен ерекшеленді.

Су көлігі бағыты да қатысушылардың қызығушылығын оятқан сала болды. Бұл номинацияда №58 МГ-ден Жанбырбай Құрмет (жет. Қисықов Б.С.), №75 МЛ-ден Камельтай Нурай (жет. Тулеуов Н.К.) және №49 МГ-ден Үсен Бегарыс (жет. Айбеков Қ.А.) жүлдені иеленді.

Ғарыш техникасы бойынша І орын алғандар: №49 МГ-ден Сұлтан Ибрахим, №64 МГ-ден Тұрсынбек Ермұхаммед (жет. Смағұл Жетпіс) және №32 МГ-ден Сыздыков Аркен (жет. Сыздықова Ж.А.). Бұл оқушылардың жобаларына қарап, ертеңгі инженерлердің алғашқы қадамдарына куә болдық деуге болады.

Ауылшаруашылығы техникасы бағыты бойынша №98 МЛ-ден Маркин Нұрым (жет. Есентаев Д.Ш.) мен №67 МГ-ден Русланұлы Мансур (жет. Тлеужанов М.Ж.) – ауыл тіршілігінің болашағына қатысты өзекті әрі тиімді техникалық шешімдерін ұсынды.

Ал болашақтың техникасы мен фантастикалық жобалар номинациясында №49 МГ-ден Қази Айзере (жет. Сыздықова Г.Б.) жүлделі орынға ие болды. Оның жобасынан ғылыми-фантастиканың да шынайылыққа айнала алатыны аңғарылады.

Жасампаз ұрпақ – ел болашағы

Мұндай байқаулар – тек жарыс қана емес, ел ертеңін ойлайтын жас буынның өз қабілетін сынайтын, өсіп-жетілуге мүмкіндік алатын шынайы шығармашылық алаңы. Әр жоба – баланың қолынан шыққан өнер мен ойдың жемісі ғана емес, оның арманы мен болашаққа көзқарасының көрінісі.

Ғылыми-техникалық шығармашылық – оқушылардың логикалық ойлауын, инженерлік қабілетін және инновациялық ізденісін дамытатын бірегей бағыт. Осындай сайыстар арқылы балалар өз әлеуетін тексеріп қана қоймай, командалық жұмысқа, мәселе шешуге, уақытты тиімді басқаруға үйренеді.

Бұл – жаңа дәуірдің жасампаз ұрпағына берілген қолдау. Ертеңгі ғалымдар мен өнертапқыштар дәл осындай байқауларда қанат қағады. Астана төрінде өткен бұл шара – білім мен технологияны біріктіріп, отандық техникалық прогреске жас ұрпақтың үн қосуының айқын дәлелі болды.