Бұл чат-ботты әлемдегі әрбір оныншы адам пайдаланады екен.
Америкалық OpenAI компаниясы әзірлеген ChatGPT чат-ботында 2025 жылғы 10 маусымда таңертеңнен бастап жаһандық деңгейде ақау тіркелді. Пайдаланушылар түрлі елдерде жүйенің жұмысында қиындықтар туындағанын хабарлауда, деп жазады Qaz365.kz.
Бұл мәселелерді Downdetector платформасы да растады. Тіркелген барлық шағымның 90%-ы ChatGPT қызметінің тікелей жұмысымен байланысты.
OpenAI-дің ресми сайтында компания мәселеден хабардар екенін және оның себебін анықтап жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, мамыр айының соңында OpenAI компаниясы Қазақстанда тіркеліп, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде ресми мәртебе алды.
2025 жылдың сәуірінде OpenAI бас директоры Сэм Альтман ChatGPT нейрожүйесін әлем бойынша шамамен 800 миллион адам пайдаланып жатқанын хабарлаған. Бұл – жер шарындағы әр оныншы адам деген сөз.