Министр Саясат Нұрбек талапкерлердің ата-аналарына үндеу жасады

Nur-Altay Umirzak

Министр сұранысқа ие болатын  үздік он мамандықтың тізімін атап өтті

Фото: primeminister.kz

Оқу жылы аяқталған шақта мыңдаған түлек тағдыр таңдауының алдында тұр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір мамандық таңдаудан жаңылатын жас көп. Түлектердің 65% өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді,  деп хабарлайды Qaz365.kz. Бұл туралы ол 24KZ арнасындағы «Түйін» бағдарламасында айтты.

- Жастардың негізгі мақсаты – грантқа іліну. Көп жағдайда олардың ата-аналары да бұған әсер етеді. Мамандық таңдау емес, болашақты да  ойлау да емес, тек грантқа ілініп кету. Бірнеше жылдан бері бұл жағдай қайталана береді. Біз бұны қабылдау комиссиясының феномені деп атадық, - дейді министр.

Оның айтуынша, қабылдау комиссиясының қызметкері талапкердің мақсатын басқа арнаға бұрып жібереді. Жас түлектер мамандықты да, жоғарғы оқу орнын да қабылдау комиссиясының айтуымен таңдап жатады.

Сұхбат барысында министр талапкерлерге үндеу жасап, мамандық таңдаудың негізгі 3 шартын айтып өтті:

- Ұлттық тестілеу орталығының сайтында арнайы ашылған Еdunavigator.kz қосымшасы арқылы тегін тестілеуден өтіп, өзіңіздің қабілеттеріңізді, икемділік пен өзге де дағдыларыңызды саралап көріңіздер. Бұдан бөлек, министрлік «Жаңа мамандықтар атласы» деген құралды ұсынады. Еnbek.kz сайтында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде түрлі салалардағы жаңа мамандықтар туралы толыққанды ақпарат алуға болады. Енді білім алушы жастар халықаралық озық білімді Қазақстанда ала алады. Биыл 38 мықты шетелдік университеттің филиалын Қазақстанға әкелдік.  Осы орайда тағы бір кеңесіміз – жан-жақты ізденіп, шетелдік озық білімді Қазақстанда алу. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалған, - деп жеткізді Саясат Нұрбек.

Бұдан бөлек, «Түйін» бағдарламасында министр сұранысқа ие болатын  үздік он мамандықтың тізімін атап өтті. Олардың қатарында жасанды интеллект және цифрлық сала, атом энергиясы, баламалы энергетика, химия, ауыл шаруашылығы, аэроғарыш, көлік, медицина, педагогика саласындағы мамандықтар бар.