«Өтініш жазсаңыз да, қарамаймыз»: әскерге күштеп әкетілген NU студенттінің әпкесі әділдік іздейді

Әдлет Нұран

Нұрсұлтан ресми түрде университетке қабылданған

Коллаж: Qaz365.kz

Назарбаев Университетінен шақырту алғанына қарамастан, түн ішінде әскери комиссариатқа жеткізіліп, әскерге жөнелтілген 18 жастағы Нұрсұлтан Табынбайдың жағдайы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Qaz365.kz тілшісі бауырының әскерге заңсыз әкетілгенін жазған Нұрсұлтанның әпкесі Эльмира Ромашовамен байланысып, мән-жайды білді.

«Шақырту қағазы жоқ, қайда әкеткенін де білмедік»

Эльмираның айтуынша, інісін 4 маусым күні кешкі сағат 11-де белгісіз түрде әскери комиссариат өкілдері алып кеткен.

«Інім Нұрсұлтан Табынбайға ешқандай шақырту қағазы келмеген. Біз мүлде бейхабар болдық. Қай комиссариат алып кеткенін де ешкім айтпады. Таңертең өзіміз іздей бастадық. Әуелі Алматы қаласындағы әскери комиссариатқа бардық. Ондағылар тіс жармайды. Тек "102"-ні шақырғаннан кейін ғана онда жоқ екенін айтты. Содан кейін Астана мен Алматы облысындағы барлық әскери комиссариаттарға хабарластық. Бір сәт ұрлап кетті ме деген де ой болды», – дейді Эльмира Ромашова.

Арада бірнеше сағат өткен соң бауыры Қонаев қаласында екені анықталған. Сол күні түстен кейін барып, оны көрген.

«Сағат 3 кезінде бізді небәрі 5-10 минутқа ғана кіргізді. Сөйтсек, бауырыма бұйрық шығарып қойыпты – Қарағандыға жөнелткелі жатыр екен. Қолымыздағы Назарбаев Университетінен берілген ресми шақыртуды, студент мәртебесі барын растайтын құжаттарды көрсеттік. Бірақ олар: "Базада жоқ" деп, назар аудармай кетті», – дейді Эльмира.

Прокуратура: «Бәрі заңды»

Эльмира әскери прокуратураға өтініш жазған. Прокуратура болса: "Бәрі заң аясында", – деп қысқа қайырыпты.

«Мен сол жерде тұрып Назарбаев Университетіне хабарластым. Олар інімнің грантқа түскенін растады. Бірақ прокуратура: "Сіз өтініш жазсаңыз да, біз оны қарамаймыз", – деп жауап берді», – дейді ол.

Осыдан кейін Эльмира Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Алматы облысы әкімдігіне және Қорғаныс министрлігіне ресми түрде шағым жолдаған. Айтуынша, әзірге ешбір мекемеден нақты жауап болмаған.

Заң не дейді?

Эльмираның айтуынша, заңгерлер бұл жағдайда әскери қызметті кейінге қалдыруға болатынын алға тартып отыр.

«Егер азамат студент екенін растай алса, оны күзге қалдыруы тиіс екен. Егер оқуға түспей қалса, сонда ғана әскерге шақыру заңды болады. Қазір Назарбаев Университеті бізге көмектесіп жатыр. Олар Қорғаныс министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігімен келіссөздер жүргізіп жатыр», – дейді Эльмира Ромашова.

Министрлік не дейді?

Еске салсақ, бұдан бұрын Qaz365.kz редакциясы бұл оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдаған еді. Министрлік тарапынан азамат Нұрсұлтан Табынбайдың әскерге шақырылуы заң шеңберінде жүргізілгені туралы жауап келді.