Биылғы рейтингке Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енген
QS 2026 рейтингінде Қазақстанның үш университеті алғаш рет тізімге енді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.
“QS World University Rankings 2026 нәтижелері жарияланды. Биылғы рейтингке Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енді. Бұл – еліміздің жоғары білім беру сапасының артып келе жатқандығының айқын көрінісі. Рейтингке енген үш жаңа университет – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Шәкәрім университеті. Бұл оқу орындары алғаш рет әлемдік рейтингке кіріп отыр.
Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет жұмыс берушілер арасындағы бедел индикаторы бойынша әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кірді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және басқа да 5 университет оқытушылар мен студенттердің арақатынасы бойынша 100 үздік қатарынан орын алды. Бұл көрсеткіш оқу процесінің сапасы мен жеке қатынасқа негізделген білім берудің маңызын білдіреді.
Жаңа рейтингте Abai University 628-орынды иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда бірден 43 позицияға жоғары көтерілді (671–680 аралығы). Осылайша, университет әлемнің үздік 650 жоғары оқу орнының қатарына кіріп, Қазақстанның алдыңғы қатарлы үздік 5 университетінің бірі ретінде өз орнын нығайтты”, – делінген ақпаратта.
Халықаралық сарапшылар QS атынан университеттердің ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуы, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуі және түлектердің ұзақмерзімді перспективалары секілді басым бағыттарға назар аударған.
“Қазақстан университеттері бірнеше көрсеткіш бойынша оң динамика көрсетіп отыр және олар әлемдік деңгейге ұмтылу жолында жақсы қадамдар жасап келеді”, – деді QS аға вице-президенті Бен Саутер.
Айта кету керек, Азия елдерінің арасында Қазақстан QS рейтингіндегі университеттер саны бойынша 10-орынды иеленіп отыр. Бұл тізімде Қытай (72), Үндістан (54) және Жапония (47) көш бастап тұр.