Оқушы жалпы орта білім туралы аттестат алды.
Назарбаев зияткерлік мектебінде оқуының бітуіне 2 күн қалғанда оқудан шығып кеткен Сұңқар емтиханын тапсырып, аттестатын алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Белгілі болғандай, жасөспірімге басқа мектепте 11-сыныпты қайта оқу қажеттілігі туындамады. Оқушы жалпы орта білім туралы аттестат алды.
Қоғам белсендісі Аида Букаеваның Facebook-тегі жазбасына қарағанда, ол екі күн бойы бұрынғы НЗМ оқушысы Сұңқарды Алматыдағы мектептерге апарып жүрген. Кейбір мектептер оны 1 қыркүйектен бастап 11-сыныпқа қайта қабылдауға дайын болған. Ал №8 мектеп-гимназиясы оған қорытынды емтихандарды тапсыруға мүмкіндік берген. Осылайша, оқушы орта білім туралы атестатқа қол жеткізген. Енді оны алда ҰБТ күтіп тұр.
Сценарий бойынша, ол 2025 жылдың қыркүйегінде жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбына қайта баруға тиіс еді. Яғни сіздер оны тек шетке ысырып тастап қана қоймай, тағы бір жылға қалдырмақ болдыңыздар, – дейді қоғам белсендісі.
Сондай-ақ ол Сұңқардың ата-анасы туралы да пікір білдірді. Айтуынша, отбасы тарихи Отанына Қытайдан қоныс аударған, ал ата-анасы мемлекеттік тілде сөйлегенімен, орысша білмейді. Осы жайт белгілі бір қысым туғызған болуы мүмкін.
Олар өте қарапайым, тәрбиелі жандар. Сұңқар – отбасындағы жалғыз бала. Бүгінде оның көзінен қуанышты байқаймыз. Жазалау арқылы емес, түсіндіру арқылы тәрбиелеу маңызды, – дейді Аида Букаева.
Еске сала кетейік, биыл оқу жылының соңына жақындағанда Назарбаев Зияткерлік мектебінен дау шыққанын хабарлаған едік. НЗМ дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Ануар Жанғозин жағдайға қатысты пікір білдіріп, даудың неден туғанын түсіндірді. Оның айтуынша, тоқсандық қорытынды бағалау кезінде 11-сынып оқушысы академиялық адалдық ережесін бұзып, емтихан кезінде ұялы телефон қолданған. Телефон тәртіпке сай тәркіленген сәтте оқушы агрессия танытып, мұғалімге бейәдеп сөз айтып, балағаттаған.