Оқуға түсу қиындайды. ҰБТ-ның шекті балы көтеріледі

Qaz365.kz редакциясы
pixabay.com

ҰБТ-ның бірыңғай ең төменгі шекті балын белгілеу тапсырылған. Бұл туралы  вице-премьер Серік Жұманғарин депутаттарға берген жауабында айтылған, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін жоғары білім сапасын арттыру және оны халықаралық білім кеңістігіне ықпалдастыру мақсатында жаңа қаржыландыру үлгісін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңа үлгіге ҰБТ-ның шекті балын көтеру, шетелдік үздік жоғары оқу орындарын тарту, білім гранттарын саралау, ұлттық рейтинг енгізу және оқу үдерісінің сапасына қарай мемлекеттік тапсырысты бөлу тетіктері аталып өтеді. Аталған бастаманы жүзеге асыруға қажетті заңнамалық түзетулер 2024 жылы 30 желтоқсанда мәжіліс қарауына енгізілген.

Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігіне аталған жұмыстар аясында Оқу-ағарту министрлігімен және Парламент Мәжілісінің депутаттарының қатысуымен ҰБТ-ның бірыңғай ең төменгі шекті балын белгілеу, шетелдік жоғары оқу орындарынан ауыстыру және қабылдау, педагогикалық мамандықтарға түсушілерге қосымша емтихан енгізу мәселелерін қарастыру тапсырылды, – дейді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, ҰБТ-да талапкер 5 пәннен тест тапсырады. Оның үшеуі міндетті пәндер болса, қалған екеуі – бейінді, яғни оқитын мамандығына қарай таңдайды. Жалпы тапсырмалар саны – 120. Жоғары балл – 140.

 

Қазіргі кезде жас түлекке ұлттық жоғары оқу орнына түсу үшін – кемінде 65 балл, басқа оқу орындарына – кемінде 50 балл жинау керек.